Хакердің жолын бөгеу үшін

Қазір әлеуметтік желіде отырмайтын адам аз. Кейбір достарымыз "Вконтакте желісіндегі парақшамды біреу бұзып алды" деп, назын айтып отыратыны бар. Оған не себеп болуы мүмкін? Қалай сақтануға болады?

Әлеуметтік желілерді әрқайсысын әртүрлі кілтсөзбен қолданған жөн. Ұмытып қаламын деп, барлық логинді бір кілтсөзбен құлыптау дұрыс емес. Кілтсөздерді ұмытпас үшін қойын дәптерге белгілеп қойыңыз. Есіңізде болсын, әр кілтсөздің белгілі бір дәрежесі болады: кілтсөзді өте күрделі етіп жасырсаңыз, сонда сенімдірек жүресіз.

Бір-ақ рет қолданатын электронды пошта. Электронды поштаңызға сіз танымайтын адамдардан "спам" секілді түкке тұрғысыз хаттар келгенде, олар менің поштамды қайдан біледі деп таңдануыңыз мүмкін. Қолдану үшін тіркелуді міндеттейтін сайттарда өз поштаңызбен тіркелсеңіз, сізге "спам-хаттар" жиі келеді. Ол үшін сіздің ресми және бейресми поштаңыз болғаны дұрыс. Маңызды орындарға ресми поштаңызды көрсетесіз, мысалы, түйіндеме жазғанда, анықтама толтырғанда және т.б. Ал бейресми поштаңызды аса маңызды емес шараларда қолдансаңыз болады.

Өзіңіз танымайтын адамдардан, адрестерден келген хаттарды ашпаңыз. Қазіргі таңда ғаламтор арқылы, электронды хат арқылы сіз туралы толық ақпарат алу мүмкіндігі жоғары. Мысалы, сізге бейтаныс адамнан хат келді дейік, хат ішіндегі құжатты жүктеп оқысаңыз, сол құжат сіздің аккаунтыңыздағы не дербес компьютеріңіздегі ақпараттарды өзіне "сіңіріп" алуы мүмкін. Тағы да бір ескерерлік жағдай: сізге электронды пошта арқылы келген барлық құжатты вирусқа қарсы бағдарламамен тексеріп алыңыз. Сақтықта қорлық жоқ!

Кірген сайттың мекенжайына, безендіруіне назар аударыңыз. Егер сайттың безендіруінде ақау көретін болсаңыз, (мәселен бейберекет жарқ етіп шығатын жарнамалар) абай болыңыз. Сіздің компьютеріңіз "электронды вирусқа шалдығуы" мүмкін. Алаяқтар қолданушыны визуалды түрде алдауы ықтимал, сайттың бірегей идентификаторын (URI), яғни мекенжайын өзгертіп, сізді бұғаттау үшін айла жасауы мүмкін.

Тегін ресурстың пайдасынан зияны көп. Қазір әлеуметтік желісіз өмір сүру қиындап бара жатқандай. Жүрген жерімізде "FREE WI-FI" деген жазу іздеп, ғаламторға кірудің амалын қарастырамыз. Есіңізде болсын: көпшілікке арналған орындарда орнатылған тегін ғаламтор ресурсын пайдалану қауіпті. Алаяқтар сіз туралы ақпарат ала отырып, сізге "вирус" таратуы мүмкін. Барынша сақ болуды ойлаңыз.