Күйеу жігіт күнделігінен: Ұмытпауға тиіспін!

Күйеу жігіт күнделігінен: Ұмытпауға тиіспін!
Фото: amur.kz, Абзал Шомитов

Кез келген ер азаматқа үйленіп, үй болу парыз. Ертең мен де сол парызымды орындамақ үшін махаббаттың адал жолымен ақ некемді қиып, сүйген қызымды қолыма қондырамын. Бұл жолдың – салмақты да, жауапты екендігін жақсы білемін. Өз өміріме тағы бір жанның өмірін жалғап, болашаққа қадам басамын. Болашақта әке болып, саналы ұрпақ өсіремін.

Ендеше, мен төмендегі мына айтқандарымды ешқашан ұмытпауға тиіспін:

Үйлену – бір-ақ рет қана берілетін бақ екендігін!

Жар таңдауда жүрек пен сананың және әке мен шешенің шешімдерін тыңдау керектігін!

Таңдаған аруымның алдағы бүкіл өмірі мен денсаулығына жауапты екендігімді!

Маған тұрмысқа шығатын қыздың өмірімдегі соңғы ару екендігін!

Бір үйдің бетінен қақпай өсірген ерке қызын, әсем гүлін өз жүрегіме қондырғанымды!

Маған жар болуға лайықты салиқалы бойжеткен тәрбиелегені үшін ата-анасына қарыздар екендігімді!

Некенің барлық шарттары орындалған күннен бастап бойдақтық ғұмырмен келмеске қоштасқанымды!

Енді мені үйде күтіп отыратын жандардың көбейгендігін және әлі де көбейе түсетіндігін!

Ата-аналарымыздың біздің жаңа құрылған отбасымыздың қамы үшін көп уайым жейтіндігін!

Бөтен табалдырықты аттап түскен жарыма осы үйдің тыныс-тіршілігіне үйреніскенше барлық білместіктен жасалған қателіктеріне түсіністікпен қарауға тиіс екендігімді!

Жас отбасым мен болашақ балаларымның жағдайының жайлы болуы үшін бұрынғыдан да екі есе еңбек етіп, тер төгуім керектігін!

Болашақ  балаларыма үлгі болу үшін өзімнің де түзу жолда жүруім керек екендігін!

Дастарханыма таласып жесе де, адал ас тауып әкелу керектігімді!

Болашақ балаларымның миы тың, жүйкесі тыныш, салауатты да, саналы болып жетілуі үшін мейлінше отбасы тыныштығын күзетіп, берекесін кіргізіп отыруға міндетті екендігімді!

Болашақта маған ерекше жан қиналыспен ұл-қыз сыйлайтын жарымның денсаулығына жауапты екендігімді!

А. Әбілхан