БТР мен БМП-нің айырмасы

БТР мен БМП-нің айырмасы
Фото: warfiles.ru

Бұл екі сөз де орыс тілінен енген әскери техниканың атаулары екені бәрімізге түсінікті. БТР – брондалған транспортёр (броневой транспортёр), БМП – жаяу әскердің әскери машинасы (боевая машина пехоты). Яғни, екеуі де жаяу әскердің соғысуына, жолға шығуы мен діттеген жеріне жетуіне арналған көліктер. Ұшқыштар ұшаққа отырса, жаяу әскер БТР мен БМП-ге отырады.

Екі көлік бір-біріне өте ұқсас. Тіпті, айыру қиын деуге де болады. Кейбір мамандар мына екі әскери техниканы бір-бірінен айырып қажет емес, бір атаумен айту керек деп те жүр. Қалай десек те, жаяу әскер – ең керек әскери құрылым, онсыз соғыста жеңу мүмкін емес. Демек, жаяу әскер барда БТР мен БМП де болады деген сөз. Ендеше екеуін айырмашылығын біле жүрейік.

Біріншіден, БТР – жаяу әскерді, десант сарбаздарды тасу үшін ғана арналған көлік. Ал БМП болса, жаяу әскерді таси жүріп, ұрыс салуға, соғыс қимылын жүзеге асыруға арналған кешенді автомобиль.

 БРТ-82. Ресей

Жаяу әскер БРТ-ді діттеген жеріне жетіп алу үшін қолданса, БМП-ге отырып баратын жерге жетіп алу үшін де, жолда ұрыс даласында соғысу, атысу үшін де қолданады. Сол жағынан келгенде БМП-нің қызметі көбірек, қару-жарақпен, сапалы пулеметпен, көздеп ататын қарумен жарақтандырылған. Одан бөлек, танкіні ататын қаруы мен өрт сөндіру құралы да болады. Бұл жағынан келгенде БРТ біршама "кедейлеу". Барынша аз қаруланған. БРТ-дің мақсаты – әскерді тез жеткізіп тастау. Сондықтан БМП-ге қарағанда жылдамырақ болуы мүмкін. Көбінесе, дөңгелекпен жүреді. Бірақ шынжыртабан БРТ-лер де бар. Негізінде, БРТ-мен жүріп те ұрыс салуға болады. Бірақ қарсыластың танкіне ататын қаруы болмауы тиіс.

 БМП-2. Қазақстан

Ал БМП-нің мақсаты – жаяу әскердің ұрыс даласында қалқан болуына әрі соғыс қимылдарын жүзеге асыруға көмектесу. Сондықтан БМП-нің атқыш қаруы ірі калибрлі болады. НАТО-ның мұндай техникалары 25-40 мм-лі калибрмен жасақталған.

 БМП Bradley. НАТО

БРТ мен БМП-ге де бір бөлімшенің сарбазы сияды. Ол шамамен, 6-12 адам.

Бұл техникалардың мақсаты да сол – жаяу әскерге қорған болу, оқ пен атыстан қорғау. Кейбір БМП-лер биологиялық, химиялық, тіпті ядролық қарудан қорғауы мүмкін. Әрине, мұның бәрі теория жүзінде. Әзірше, ондайды ешкім қолданып көрген жоқ.

Кемшілігі

Әскери шолушылардың кейбірі қазіргі соғыста БТР мен БМП-нің пайдасы жоқ екенін айтады. Өйткені танкінің өзін атып түсіретін қару-жарақтар шыққаннан бері әскери көліктердің көбі соғысқа жарамсыз болып қалды. Әсіресе, БРТ мен БМП-нің әскерді қорғауға шамасы келмейтіні ХХ ғасырдың аяғында-ақ белгілі болған.

БТР. Ауғанстандағы кеңес сарбаздары 

Мәселен, ауған соғысында БМП-1 және БМП-2-мен жарақтанған кеңес әскері гранатомет пен танкіні ататын қарулардан, минадан талай зардап шеккен. Тіпті, брондалған техниканы атуға, тесуге арналған қарулардың өзі БТР-дің багын тесіп өтетін көрінеді. Бензин құйылған багына оқ тисе болды, көлік лезде отқа оранады. Сарбаздар шығып үлгермейді.

Бірақ БМП-нің ішінде қорғанысы танкімен бірдей көліктер де бар. Әсіресе, Израиль әскерінде 60 тонналық БТР-лер бар көрінеді. Әдетте, БРТ-дің салмағы 18-20 тонна, БМП-нің салмағы 28-30 тонна болады. Ал израильдің "Намер" атты брондалған техникасы танкінің қорғанысынан да мықты деседі.

 Намер. Израиль

Соңғы кездері БРТ мен БМП-ні айыру қиындады. Өйткені екеуінің де брондалған қорғанысы күшейтіліп, қару-жарақ, танкіге қарсы қару, барлау жүйесі және автоматтандырылған пушка қабат-қабат қойылып жатыр. Бұрынғыдай БТР дөңгелекпен жүреді, пушкасы жоқ, ал БМП-ні шынжырмен жүреді, пушасы бар деуге келмейді. Екеуінің де қару арсеналы күн сайын күшейтіліп жатыр. Сондықтан мынау БРТ, ал мынау БМП деу жауынгердің өз қолында сияқты.

Қ. Слямбек