Аллергиямен күресу әдістері

Аллергиямен күресу әдістері
Фото: choices.scholastic.com

Спецификалық иммунотерапиядан өтіп үлгермесеңіз, аллергиямен күресуде өзге тәсілдер көмектеспей қоя ма деген күмән туындауы мүмкін. Аллергияның әсерін бәсеңдететін аз-кем тәсілдер бар. Сіздермен бөлісіп отыруды жөн көрдік.

№1 әдіс. Негізгі

Аллергиямен күресуде кеңінен таралған әдіс – аллергендерден алшақ болу. Үй жануарлары не жаңғақтардан аллергиясы бар адамдарға аллергендерден бойын аулақ ұстау қиын емес. Ал аллергендер ауада ұшып жүрсе, одан арылу қиынға соғуы мүмкін. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, ағзаңызға қауіп төндіретін жағдайлардан қашық жүріңіз. Қолдан келсе, аллергия туындайтын кезде басқа жаққа кетіп қалыңыз.

№ 2 әдіс. Фармакологиялық

Өз бетіңізбен емдік шараларын жасамас бұрын дәрігерге көрінген абзал. Аллергия асқынғаннан кейін дәрі қабылдау – қателік. Ағзаның реакциясы күшейген кезде гистаминге қарсы дәрі ішу – пайдасыз. Шынтуайтында, антигистамин ағзада сақталып, қор жинауы керек. Сонда ғана ағза аллергиямен күресе алады. Өсімдіктер тозаңданғанға дейін аптасына 2-3 рет ем алып дайындалу керек.

№ 3 әдіс. Үйде

Өсімдіктер тозаңданғанға дейін үйде жүріп аллергенге қарсы дайындалуға болады. Есік-терезені таза ұстап және жауып қою керек. Мүмкіндік болса, жауын күндері не жауын жауған соң ашып қойған абзал. Егер бөлмеде таза ауа болмаса, терезені дымқыл сүлгімен сүртіп, перделерді де жуып тұру керек. Бір ыдысқа су құйып, бетін ашып қойған дұрыс. Үй тазалағанда медициналық бетперде және қолғап киіп жүрсеңіз, өзіңізді сақтағаныңыз.

№ 4 әдіс. Гигиеналық

Сырттан келген соң, киіп келген киімдеріңізді міндетті түрде қағып іліңіз. Мүмкіндік болса, жиі жуып тұрыңыз. Шаш – энергия мен шаң жинаушы. Бас киім киіп жүріңіз, болмаса жиі жуып тұрыңыз. Аллергия кезінде жуылған киімді далаға ілмеңіз.

№ 5 әдіс. Халықтық

Халықтық медицина да аллергияға келгенде құр алақан емес. Аллергияның жеңіл өтіп кетуі үшін мынадай ем-дом бар екен. Итошағанды (череда) суға қайнатып, 20 минут тұндырып ішеді. Сусын алтын түстес болуы керек, егер тұнба тұнық болмаса, ішпеу керек. Мұрынды жылы сумен және тұзбен жуып тұру керек. Мұрын қуысындағы шаң-тозаңды тазалайды. 

Г. Берік