Фрирайтинг жазу техникасының пайдасы

Фрирайтинг жазу техникасының пайдасы
Фото: biz.mann-ivanov-ferber.ru

Біз қазір ақпарат ағыны мол заманда өмір сүріп жатқандықтан, миымызда тоқтаусыз шуыл қосылып тұрғандай болады. Ал енді өзіңізді серена ойнап тұрғанда не қатты естілетін әуен қосылып тұрған жерде ойланып, шешім қабылдап тұрғаныңызды елестетіп көріңіз. Мүмүкін емес сияқты. Осындай мидағы шудан арылмайынша, өмірдегі маңызды шешімді шығарарда қателесуіміз мүмкін. Бізге фрирайтинг, яғни еркін хат жазу әдісі көмектеседі.

Бұл әдіс кімге керек?

• Бір іске кірісуге жүрегі дауаламай жүргендерге;
• Шешімі жоқтай көрінген мәселені шешкісі келетіндерге;
• Жаңа, тың идея іздегендерге;
• Белгілі тақырыпқа қатысты ойын сыртқа шығарғысы келгендерге;
• Шығармашылық не әдеби бағыттағы блоктардан арылғысы келетіндерге;
• Басын қысқан көп әрі ауыр ойдан арылғысы келгендерге.

Жазу әдісі

Таза парақ, қалам алып, оятарды (будильник) қосыңыз. Әдетте 20-30 минутқа қойылады. Басыңызға келген барлық ойды қағазға түсіріңіз. Оятар шырылдағанша жаза беріңіз. Жұмысты аяқтаған соң асықпай қағазды қайта қолға алып, дауыстап оқып шығыңыз. Ішінен іліп алар ой тапсаңыз, бір жерге түртіп қойыңыз. Кейін ұмытып кетпей, пайдалансаңыз болады. 

Фрирайтинг ережесі

► Жазғаныңызды оқымай, тоқтамай, тез-тез жаза беріңіз. Ойланып отырмаңыз. Оятар шырылдағанда ғана тоқтайсыз. Ойыңызға ештеңе келмей жатса ойыма ештеңе келмей жатыр деп жазыңыз. Тек жүйрік қаламыңыз тоқтап қалмасын.

► Біреу оқиды-ау, әлдекімге ойым ұнамай қалады-ау деген пікірден аулақ болыңыз. “Цензорды демалысқа жібере салыңыз”.

► Ойыңыз басқа бағытқа ауып бара жатса, ішіңіздегі “жағымсыз кейіпкер” оянып жатса, оны тоқтатуға тырыспаңыз. Мұны неге жазып жатырмын деп тоқтамаңыз. Қайта сондай өзіңізге ұнамайтын, ішкі меніңізге қарама-қайшы ойларды осылай шығарып тастауға тырысыңыз.

► Қатені жөндеп, пунктуацияға қарап, грамматика заңын есіңізге түсіріп отырмай-ақ қойыңыз. Стиль мен логикаға да мән бермеңіз. Ойыңызға қалай келді, дәл сол күйінде жазыңыз. 

► Толық сөйлем түрінде жазыңыз (тізім, сөз тіркесі емес).

► Әр детальға мән беріңіз. Әлдебір жеміс не әйтеуір бір нәрсе емес, хош иісті жасыл алма деген сияқты сипаттап жазуға тырысыңыз.

@. @assel_assanova