Сал ауруына шалдыққан баланың бір арманы орындалды

Сал ауруына шалдыққан баланың бір арманы орындалды
Фото: tengrinews.kz

14 жастағы Мұхаммед Қадырбекұлының арманы "Жұлдыз FM" радиостанциясының студиясында болу еді. Оның туған күнінде бұл арманы орындалды, — деп хабарлайды  Tengrinews.kz.

Мұхаммед Қадырбекұлына балалардағы целебралды сал ауруының (ДЦП) түрі оңжақты гемипарез диагнозы қойылған. Туған күнінде жасөспірім өзін радио жүргізушісінің рөлінде сынап көрді. Сонымен қатар, тікелей эфирде Мұхаммедті туған күнімен сүйікті орындаушысы Нұрсұлтан Нұрбердиев құттықтады.  

Мұхаммедтің тағы бір арманы радио жүргізушісі Жандәурен Мәдимен танысу болатын. Жүргізуші Жандәурен жасөспірімге оның сүйікті кітабы "Кішкентай ханзада" ертегісін сыйға тартты. 

"Менің асқақ арманым — журналист болу. Ол үшін көп кітап оқуға тырысамын. Қазір Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" атты кітабын оқып жатырмын. Осы уақытқа дейін біраз кітап оқыдым, бірақ ең сүйікті туындым Абайдың "Қара сөздері", — дейді Мұхаммед  "Жұлдыз FM" радиосын үзбей тыңдайтынын алға тартып. 

Радио жүргізушісі болу оған түрлі шығармашылық адамдарымен тілдесуге мүмкіндік беретініне сенеді. Одан бөлек, жасөспірім Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын жақсы көріп қана қоймай, өлеңдерін жатқа оқиды.

Мұхаммедтің анасы Мира Надырованың айтуынша, ұлы оған дейін дәрігер-ортопед болуды армандаған. Өйткені, бала кезінде аяғына ота жасатқан. 

"Өскен соң балаларға көмектесемін" деп айтқан еді. Кейін жүргізуші болғысы келді. Қазір автобуста үнемі радио тыңдайды, шығармашылық бағытты жаны жақсы көреді. Бұрын ескі телефоны арқылы әндер тыңдайтын. Ән салғанды да жақсы көреді. Әкесінің көзі тірісінде ұлына микрофон алып берген еді", – деп ол үйден радио тыңдауы үшін арнайы колонкалар алып бергенін айтты. 

Marwin family shop және "Меломан" сауда желісі Мұхаммедке арнайы сертификатты сыйға берді. 

Мұхаммед Қадырбекұлының арманын орындауға себепші болған — Menin Armanym корпоративті қоры. Еске сала кетейік, аталмыш қор ауыр дертке шалдыққан балалардың арманын орындайды. 

Мұхаммед отбасының кенжесі, екі әпкесі бар. Анасы осыған дейін аспаз ретінде қызмет атқарған. Бірақ балаға күтім жасау үшін жұмыстан бас тартуға мәжбүр. Отағасы Мұхаммедтің жасы 5-ке келгенде қаза тапқан. Отбасы баланың жәрдемақысы мен қыздардың жалақысына күн көріп отыр.

Т. Есқали