Қауіпті жағдайлардан сақтану жолдары

Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Сіздің басыңызға іс түсуден сақтасын. Көз алдыңызда өзге жан қиын жағдайға тап болса да, мынадай сақтану жолдарын біліп жүрсеңіз артық етпейді.

Табадағы майдан от шықса
Отты сумен өшіруге болмайды. Кейбірі табаға ас содасын да сеуіп жатады, бұл дұрыс емес. От одан сайын ұлғайып айналаға тарауы мүмкін. Ең дұрысы  от шығып жатқан табаның бетіне қақпақ жабу. Оттегі азайғанда от дереу өзі өшеді.

Көшеде біреу шабуыл жасаса
Әлдекім өзіне қауіп төндіргенін білсе, көбі бірден «Көмектесіңдер!» деп айқайлайды. Құтқарушы мамандардың айтуынша мұндай сөзге ешкім көмекке келмейді. Себебі көбі өз басын қатерге тіккісі келмейді. Ал «Өрт шығып жатыр!» деп айқайласаңыз, өзіңізге көп адамның назарын аударта аласыз. Сонда біреуі болмаса, біреуі көмекке келуі мүмкін.

Жеделсатыда жаныңыздағы адамнан қауіптенсеңіз, екінші қабаттан түсіп қалыңыз да, келесі жеделсатыны күтіңіз.

Тұманда, боранда көлік далада қалып қойса
Мұндай жағдайда құтқарушы қызметкерлер мынадай кеңес айтады: көлік салонын әр бір сағат сайын он минутқа ғана жылытып отырыңыз. Осы температураға бір сағатқа дейін шыдауға болады. Сізді өзгелер бірден көруі үшін көліктің фарын жағып отырмаңыз, одан аккумулятор тез өшеді. Оның орнына көлік ішіндегі жарықты жағып қойыңыз, осы жарыққа да іздеушілердің не басқа жолаушылардың көзі түседі.

Мұрыннан қан кетсе, көп адам басын жоғары шалқайтып отыратынын байқаймыз. Бұл дұрыс емес. Себебі қанға шашалып қалуыңыз не жүрегіңіз айнып кетуі мүмкін немесе қан қысымы көтеріліп кетуі де ықтимал. Жедел жәрдем шақырсаңыз, ол келгенше мұрныңызға тығын (тампон) салып қойсаңыз, ол қанды жақсы сорады.