Көпшілік алдында сөйлегенде күлдірем деп бүлдіріп алмаңыз

Көпшілік алдында сөйлегенде күлдірем деп бүлдіріп алмаңыз
Фото: pixabay.com

Кез келген адамға күндердің бір күні көпшілік алдында сөйлеуге тура келеді. Алдымен мектеп қабырғасында, кейіннен жоғары оқу орнында, одан кейін жұмыста жоба қорғау болсын, жиын ұйымдастыру болсын, әйтеуір бір сөз сөйлеуге тура келетін кездер болады. Осындайда әңгіменің әрін келтіретін, әрине, әзіл әңгіме. Ал күлдірем деп бүлдіріп алмау үшін, бірнеше ережені есте сақтау керек.

Тек өзіңіз өте жақсы білетін әзілді ғана айтыңыз
Егер айтар әзіліңізге сенімсіз болсаңыз, дұрысы оны айтпай-ақ қойыңыз. Егер мүдірместен айтып шыға алмайтын болсаңыз, әзілді есіңізге түсірем дегенше уақыт алсаңыз, ол сөзіңізге тек кері әсерін тигізеді. Ел алдына шыққанда өзіңіз өте жақсы білетін әзілді ғана айтқан жөн.

Барлығы бірдей түсінетіндей болуы керек
Қанша күлкілі әңгіме болса да, оны түсінбеген адам күле алмайды. Сондықтан көпшілік алдында сөйлеуге мейлінше қарапайым қалжың таңдаңыз. Тыңдап отырғандар көпшілігі ол әзілге қатысты ештеңе білмейтін болса, тіпті ары қарай сізді тыңдағысы келмей қалуы да ықтимал.

Тақырыпты аша түсетіндей әзіл
Егер сіз іскерлік қарым-қатынастың тиімділігі туралы сөйлеп тұрып, әскери әзіл айтсаңыз, бұл тыңдап отырғандарға «өтпейді». Негізгі тақырыптан ауытқып кетсеңіз, аудиторияның ойы бөлінеді, әңгіме не туралы екенін де ұмытып қалуы мүмкін. Айтар әзіліңіз тақырыпты ашып, оны жаңа қырынан көрсете алуы тиіс.

Әзіліңіз мейлінше қысқа болсын
Әзіл түсінікті болу туралы сөздің жалғасы ретінде, тағы да айтарымыз, оны неғұрлым ұзақ айтсаңыз, тыңдап отырғандар қабылдап, түсіну де соғұрлым ұзақ та күрделі бола түседі. Тек осы себепке байланысты емес, сонымен қатар айтар ойыңыздан әзіліңіз көп болса, тақырыбыңыз ашылмай қалады, көпшіліктің наразылығы туындайды.

Ескілікке жол бермеңіз
Айта-айта жауыр болған тақырыпқа байланысты әзілдерден де жұрт жалығады. Олай зеріктіргенше, ескірген әзілді айтпай-ақ қойған абзал.

«Ащы» әзілден аулақ болыңыз
Цицерон сөз өнері туралы үш маңызды ұғымды атады: білім, пафос, этика. Егер елдің шамбайына тиетін астарлы әзіл айтсаңыз, бұл үшінші ұғымға, этикаңызға сын болуы мүмкін.

Марапат пен шапалаққа ұзақ уақыт арнамаңыз
Әр сөз сөйлеген жан әзілдері өтімді болып, көпшілік қолдап, күліп, шапалақ ұруын жақсы көреді, күтеді. Алайда күткеніңіз болды екен деп, соңғы шапалақ соғылғанша кідіріп, күтіп тұрудың қажеті жоқ. Адамдар күліп жатқанда сіз әңгімеңізді ары қарай жалғастырып кетсеңіз, одан ары қошеметке бөленесіз.

@. @assel_assanova