Өрт кезінде ескерер ережелер

Өрт кезінде ескерер ережелер
Фото: GoRabbit, massaget.kz

Апат айтып келмейді. Сақтана жүрудің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Әсіресе өрт кезінде ескерер қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған абзал.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін мектеп кезінен бастап үйретеді. Есте қалғаны бар, есте қалмағаны бар. Өрт, жер сілкінгенде, тағы да басқа төтенше жағдайларға байланысты арнайы жаттығулар да өтіп тұратыны белгілі. Ондай жағдайдан бетін аулaқ қылсын деп бейжай қарайтынымыз тағы бар.

25 наурыз күні Ресейде болған қайғылы оқиға талайлардың қабырғасын қайыстырды. Жалын талайлардың өмірін жалмады. Өрт шыққан жағдайда, оған қарсы қолданылатын шаралар да дайын болу керек. Осы оқиғадан кейін сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздік жағдайлары жіті тексеріле бастады.

Өрт кезінде көп адамдар үрейге бой алдырады. Ондай сәтте үрей болатыны анық. Алайда аман қалу үшін үрейді де бір сәтке жеңуге тура келеді. Мұндайда қауіпсіздік ережелерін білмеу де – өмірге қауіпті. Сондықтан өрт кезінде не істеу керек екенін ұмытпаған абзал. Сондай-ақ ішімдікке сылқия тойып алғандардың апаттан аман қалуы қиын. Бейресми деректер бойынша өрт кезінде адамдардың 60%-дан астамы осындай себептерден көз жұмады екен. Одан кейінгі себептер қатарында улану мен күйіп қалу тұр.

Жаңа ғана басталған өртті өз күшіңізбен, су, жамылғыш, өртсөндіргіш арқылы тоқтатуға болады. Егер, сіздің ыңғайыңызға көнбесе, дереу қашып, кәсіби мамандарға жүгініңіз.

Егер, сіздің үйіңіз өртке оранса, үйдің ішінде қалмауға тырысыңыз. Мүмкіндік болса, тоқ көзін, газды өшіріп, есік-терезені жабыңыз. Есікті мұқият бітеп жауып, сыртқа шығып, көршілерге де хабарлаңыз. Үйден шыға бере баспалдақта ешқандай өрт болып жатпағанына көз жеткізіңіз. Егер, міндетті түрде тысқа шығатын болсаңыз, есікті ақырындап ашыңыз, әйтпесе, оттегінің әсерінен жалын шарпып өтуі мүмкін.

Егер, үйден шыға алмай қалсаңыз, түтін жоқ жерді тауып алыңыз. Жасырынған жеріңізді қолыңызда бар заттармен (сулы болғаны дұрыс) бітеңіз, терезені ашпаңыз. Ашық тұрған терезе оттегінің тұтанып, өрттің өршуін үдетеді. Су алуға мүмкіндігіңіз болса, есік-терезені, айналаңызды дымқыл шүберекпен сулап, сүртіп отырыңыз. Егер, түтіннен тынысыңыз тарылса, шүберекті сулап, мұрныңызға басып демалыңыз. Егер, бір орыннан екінші орынға ауысу керек болса, еңкейіп не еңбектеп қозғалуыңызға болады, себебі, еден жақта оттегі көп.

Өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, жасырынған жеріңізді айтыңыз. Егер адамның үстінде киім өртеніп жатса, оның үстіне жамылғы тектес затты жабу керек, ал егер, сіздің үстіңіз өртеніп жатса, жерге жатып, әрлі-берлі аунаңыз, жанұшыра жүгірмеңіз.

Өрт – тілсіз жау. Жаз шыға шөптер қурап, табиғатта өрт оқиғалары жиі болады. Көкке шығып, от жаққанда абай болу керек. Егер енді тұтанып жатқан жалын көрсеңіз, мүмкіндігінше сөндіруге тырысыңыз. Отты ағаштың жасыл бұтақтарынан жасалған сыпыртқымен, қап матасы, брезент матасымен, киімдермен сөндіріп көріңіз. Отты жауып, шетке сыпырып тастап, кішкентай от ошақтарын аяқпен басып тастау керек. Тағы бір көп тараған тәсіл – оттың үстін жер құммен көміп тастау керек. Егер өз күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, құтқарушылардан көмек сұрап, тез арада қауіпті орыннан кетуге асығыңыз.

Өрт болған жағдайда 101 нөміріне хабарласыңыз!

Ө. Сансызбай