Күз-2013: ерлер сәні

Күз-2013: ерлер сәні

Күз-2013 маусымында ерлер киімінде қандай жаңа сәнді трендтер пайда болады? Күзде сәнді көріну үшін жігіттерге не киген дұрыс?

Жануарлар бейнеленген жемпірлер

Жазда хайуандары бар футболкалар қыздар арасында танымал болса, күзде бұл тренд жігіттер гардеробына көшпек. Бірақ бұл жолы анималисттік принттер майда және әзілді болуы керек. Дизайнерлер жігіттерге жануарлар бейнеленген жемпірлерде қызық көрінуден қорықпай, мұндай киім түрлерін ресми емес отырыстарға киюге кеңес береді.

Былғары

Күз-2013 топтамаларында көптеген дизайнерлер жігіт модельдерді подиумға былғары шалбар, пиджак және пальтоларда шығарды. Сіз мұндай киімді күнделікті өмірде кие алмасаңыз, былғарыны киімдегі кейбір элементтерде ғана қолданған түрлерін көріңіз. Әрине былғары күртеше, кішкене сөмке жайлы ұмытпаңыздар.

Қоңыр түстерінің реңктері

 

Дизайнерлердің ойынша, осы күзде қоңыр түсті сыртқы киім әр сәнқой жігітте болуы керек. Сарғыл-қоңырдан қызыл-қоңырға дейінгі реңктер арасынан өзіңізге жарасатынын таңдаңыз. Жұмысқа ресми түрін, күнделікті өмірге бос күртешені таңдаңыз. Ерекше талғамыңызды белбеу мен түймелер сынды ұсақ-түйектер арқылы көрсете аласыз.

Қалың табанды аяқ киім

 

 

Суық түскен кезде жоғары сән мамандары ерлерге өте қалың табанды аяқ киім киюге кеңес береді. Бар мәселе жаңбыр мен балшықтарда емес, мұндай аяқ-киім жігітті биік әрі қайратты қылып көрсететіндігінде. Бұндай аяқ киім күзгі жылы маталардан тігілген киімдермен жақсы үйлеседі. Қалың табанды аяқ киімдер арасында оксфордтар нағыз тренд болмақ.

Тор пиджак


Торлы киім ерлер гардеробында бұрыннан бері орнығып қойған. Тор көйлек, шалбар, енді торлы пиджак нағыз трендке айналды. Бұл стиль ағылшын дендидің сәніне ұқсайды. Тор пиджакты бейтарап түсті шалбар мен көйлекпен үйлестіріп киіңіз.

Классика

Көп кутюрьелер күзгі топтамаларында түрлі түсті, күнделікті өмірде ешқашан киілмейтін біртүрлі бейнелерді емес, қарапайым, классикалық киім түрлері мен түстерін ұсынып қуантты. Солардың арасында қара, сұр және қара-көк түсті костюмдер, жіңішке галстуктар, мойындары ұзын қалың жемпірлер бар.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: fashionblog.kg, woman.delfi.ua

С. А