Балалық шағы қиын болғандар жиі татуировка салдырады – ғалымдар зерттеуі

Балалық шағы қиын болғандар жиі татуировка салдырады  – ғалымдар зерттеуі
Фото: forbes.com

Кейінгі бірнеше онжылдықта татуировкалар мен пирсингтердің танымалдылығы күрт өсті. Психологтар денесіне сурет салдыруға  деген ұмтылысты олардың басқалардан ерекшелену тәсілі ретінде қарастырады, бірақ басқа себептер бар. Мысалы, неміс ғалымдары бала кезінде зорлық-зомбылыққа ұшырағандар татуды жиі салдыратынын анықтады. Татуировкасы бар адамдар басқаларға қарағанда ауыр психологиялық проблемаларға жиі ұшырайды екен.

BMC Psychology журналында жарияланған зерттеу балалық шағы қиын болған адамдар татуировкалар мен пирсингтерге көбірек бейім екенін көрсетті. Бірақ оның да өз ескертпелері бар.

© dw.com

Неліктен адамдар татуировка салдырады

Денедегі татуировканы көптеген ғасырлар бұрын адамдар денені ерекше көрсету үшін кейде белгілі бір нәрселерді ескерту үшін салдырған.  Ал, қазір адамдар қоғамнан ерекшелену үшін татуға әуес келеді. Кейбір адамдар өмірдің ауыр кезеңінен, күйзелістен өткесін тату салдырып жатады.

Осы тақырып бойынша кейінгі зерттеулердің бірін Германиядағы Йоханнес Гутенберг атындағы Майнц университетіндегі Марейк Эрнст және оның әріптес психологтары жүргізді. Олар 14 пен 44 жас аралығындағы адамдармен  сұхбаттасқан.

Сауалнамаға қатысушылар өздерінің татуировкасы мен пирсингтері туралы айтып, балалық шақ пен психологиялық жарақат туралы сұрақтары бар сауалнаманы толтырды.

Татуировка – өткеннен және айналағы қоғамнан дерек береді

Сауалнамаға қатысушылардың шамамен 25 пайызы бала кезінде оған көп көңіл бөлінбегенін атап өткен.  

"Ал, 48 пайыз қатысушы балалық шағында зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтты", - делінген зерттеуде. 

Ғалымдар адамның татуировкасы немесе пирсингтері неғұрлым көп болса, балалық шағында зорлық-зомбылық соғұрлым ауыр болған деген қорытындыға келді.

© moddam.ru

"Біздің зерттеуіміз халықтың репрезентативті үлгісінде татуировкалар мен пирсингтердің балалық шақтағы зорлық-зомбылық және немқұрайлылықпен байланысын растау арқылы алдыңғы зерттеулерді толықтырады. Сонымен қатар, біз балалық шақтағы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық туралы ғана емес, сонымен бірге ерте эмоционалдық жарақат – ересектердің балаға деген немқұрайлы қарым-қатынасы туралы айтып отырмыз", - дейді зерттеушілер.

Ғалымдар татуировка немесе пирсинг жасауға деген ұмтылыс – дененің кез келген бөлігіне өзгерту жасау балалық шақтағы қиындықтарды жеңудің және өзін толық тәуелсіз сезінудің құралы болуы мүмкін деген қорытындыға келді.

Зерттеушілер "олардың қорытындылары татуировкасы бар кез келген адамның балалық шағы қиын болғанын білдірмейді" деді.

Т. Раушанұлы