Джо Витале: Арманға қол жеткізу техникалары

Джо Витале: Арманға қол жеткізу техникалары
Фото: welcome_psyintegr

Джо Витале – әлемге танымал мотиватор, кәсіпкер. Жақсы өмір сүрудің құпиясы қарапайым дейді Джо Витале. "Барлық сыр адамның өзінде жатыр" дейтін мотиватордың өмір сүру құпияларымен таныс болайық.  

Джо Витале деген кім?
Джо Витале 1953 жылы АҚШ-тың Огайо штатындағы Найлс қаласында дүниеге келген. Анасы үйде отырғандықтан әкесі жанұяның жалғыз асыраушысы болған. Табыстың аздығынан отбасында кикілжіңдер жиі орын алған. Бала Джо осы ауыртпашылық кесірінен көп қысым көрген. Мектепті аяқтаған соң Джо Огайоның Кент қаласына қоныс аударады. Мұнда университетке оқуға түседі. Сөйтіп темір жолға жұмысқа тұрады. Кейіннен Хьюстонға көшіп кетеді. Ақыр аяғында 10 жылдай аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз өмір сүреді. Жетпісінші жылдардың ортасында Джозефтің қолына "Thoughts vibration" (Ой вибрациясы) кітабы тиеді. Кітаптағы теорияларды күнделікті пайдаланған соң Джоның өмірі күрт өзгереді. Джо жаңа бастамаға шабыттанып, ізденіске түседі. Нәтижесінде тұлғалық даму бойынша бестселлер кітаптар жазып шығады. Ронда Бернның «Secret» (Құпия) фильмінен соң Джоның танымалдылығы бұрынғыдан да арта түседі. Бүгінде ол саяхатшы, әнші, жазушы, тұлғалық даму бойынша маман. Сонымен қатар Америкада үйсіз жүрген қаңғыбастарды азайту бойынша қозғалыстың көшбасшысы.

Джо Витале ұсынған арманға қол жеткізу техникалары
Арманымызды қағазға түсіреміз. Армандарымыз ең аз дегенде үш адамға пайдалы болуы тиіс. Джо күн сайын ұйқыға кетер алдында екі тізім жасайды. Бірі өзінің күнделікті жұмыстары, екіншісі ғаламға арналған тізім. "Өзімнің жасайтын жұмыстарым бойынша әрекет етіп, нәтижеге қол жеткіземін. Ал ғаламға арналған тізімім – ғаламға жасаған өтінішім. Ол тілектерім бойынша ғалам өзінше жұмыс жүргізеді", — дейді ол.

Мәселен, "Секрет" фильміне түсердің алдында Джо достарына фильмге түскісі келетінін айтқан. Оның қалай жүзеге асатынын ойластырмаған. Киноға түсу арманы ұмытылғанда Ронда Берннен қоңырау түседі. Ең қызығы, кітаптарына баспагерді осылай тапқан. "Ниетіміз бен тілегімізді ғаламға жіберуіміз керек. Ғалам міндетті түрде қалауымызды орындайды", — дейді Джо.

Шағымды ниетке айналдырамыз. Шағымдарыңыздың тізімін жасаңыз. Мысалы:
- Ақшадан қысылып жүрмін;
- Денсаулығым сыр беріп жүр;
- Жеке өмірім быт-шыт; т.б.

Шағымдарыңызды ниетке айналдырыңыз.Мысалы:
- Менің ақшам көп;
- Денім сау;
- Сүйіктіммен бақыттымын.
Яғни назарыңызды дұрыс ниетке бұрасыз. Санадан ниет, түпсанада қарама-қайшы ниет туады.Сізге қарама-қайшы ниеттен арылу керек. Арылудың екі жолы  бар.
Біріншісі – тазалану немесе мойындау.
Екіншісі – медитация немесе босаңсу.

Ниетіңіздің, қалауыңыздың осы шақта орындалып жатқанын сезіну. Нәтижесін ойлау.
Мысалы, әмиянымда 500 000 теңге бар. Депозитімде 5 миллион жатыр.

Шабыттандыратын әрекетке көшу. Яғни бұрын жасамаған әрекетті істеуіңіз керек. Бұл сіздің арманыңыздың орындалуына бастама болады. Мысалы, сіз өмірі жемеген тамақты жеңіз. Болмаса осыған дейін рестораннан түстеніп көрмесеңіз, арнайы түрде ресторанға барыңыз. Түскі ас ала алмасаңыз да кофе ішіп қайтыңыз.

Тартылыс заңы
Джо Виталенің теориясы бойынша стимул күйіндегі бақытқа адамның реакциясы уақытша эффект береді. Көлік алсаңыз, қуанышты күйіңіз бірнеше күнге ғана жалғасады. Бізге үнемі ешқандай стимулсыз ақ бақытты болып жүру керек.

Айтпағымыз, не ойласаңыз, өміріңізге соны тартасыз. Жақсыны да, жаманды да. Сол себепті ұдайы бақыт күйінде болсаңыз, бақыт сыйлайтын оқиғалар жиілейді. Тартылыс заңының құпиясы осы.
Тартылыс күшін жеделдететін техника
Бұл ретте адам негатив және позитив ойларының салмағын өлшеп алуы керек.

"Бұл қолымнан келмейді" деген ойды "Менің қолымнан бәрі келеді" ойымен алмастырған абзал. Мүмкіндіктерді көбірек ойлау қажет.

Мысалы, "Мен ақша таба алмаймын" деген ойдан "Маған шотыма көп сома түссе" ойының күші мықтырақ. Бұл ретте сенімсіздік, скептицизмнен арылу қажет.
Интуиция – құлақ түруге лайық нәрсе. Интуиция – жүрек түбіндегі жылы сезім. Қорқыныш, үрей, кедергілер мен шектеулер – уайым алып келетін мидағы сезім. Сол себепті жүрегіңізбен сезген дүниеге әрекет еткен дұрыс.

Алғыс
Тартылыс заңының күшін жеделтетін керемет күш – алғыс. Джо Витале алғыс жазып жүруді күнделікті дағдыға айналдыруды ұсынады.

Кешірім
Кешірім – тылсым күшке ие құндылық. Адам жарқын өмір сүруі, кедергілерге тап болмауы үшін кешірімді болуы тиіс. Сонда ғана жеңіл күйде болып, айналасына тек жақсылықты тартады. Джо Витале тіпті ауыр әрі заңсыз әрекет жасаған қылмыскерді де кешіруді ұсынады.

"Неге терең қазбаймыз?"
Адам әдетте "мен бәрін білемін" деген максималистік ойда болады. Дегенмен бұл ойдан арылып, "мен бәрін білемнен" әрі асып тереңдей түссек, үлкен нәтижеге жетеміз. Жалпы дұрыс әрекет әркез нәтижеге жеткізеді.

Гавайлық емдеу тәсілі
"Хоопонопоно" — жан жарасын емдеп, тазарудың гавайлық әдісі. Джо Витале аталған тәсілді гавайлық дәрігер Хью Линнен үйренген. Бұл жөнінде ол өзінің "Жизнь без ограничений" еңбегінде кеңінен жазған.  Хью Лин аталған әдіс бойынша психикалық клиникадағы науқастарды емдеп шыққан. Науқастардың ауру тарихын оқып отырып, дәрігер өзінің ішкі әлеміне үңіледі. "Өкінішті, мені кешірші, саған алғыс айтамын, мен сені сүйемін" деу арқылы дәрігер жан сарайын қоқыс ақпараттан тазартқан. Нәтижесінде науқастары да дерттан айыққан. "Хоопонопоно" гавай тілінен аударғанда тәртіп, реттеу, тепе-теңдік деген мағына білдіреді.

Әдістің ерекшелігі –  адам өмірде болып жатқан бүкіл оқиғаға, жалпы, өміріне 100% жауапкершілік алуында.
Джо Виталенің негізгі ұстанымдары
"Қазір – сүйікті ісіңмен айналысуды бастайтын сәт".
"Тек жақсыға мән беріп позитивте жүруіміз керек".
"Мидағы шектеулерді алып тастау мойындаудан басталады".
"Менің қолымнан келді, демек басқалардың да қолынан келеді".
"Өмірде шектеу жоқ".
"Ойымызды өзгертіп, өмірімізді өзгертеміз".

дереккөз: balbal.kz

Т. Есқали