№1 болу қиын ба?

№1 болу қиын ба?

Өз ісінің шебері һәм әрқашан бірінші болу – әр адамның арманы. Арманымызды мақсатқа айналдырдық делік, енді мақсатқа жету үшін не істеу керек? Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – өз-өзіңді жан-жақты жетілдіру, толықтыру. Дегенмен мықты адамдардың, шебер мамандардың көбі бұл мақсатқа жете алмайды. 

Сіз әрдайым өз ісіңіздің шебері һәм №1 болғыңыз келе ме? Биік шыңдарға биік мақсатты орындағанда ғана жететініміз бәрімізге белгілі. Бірақ мақсатты дұрыс қою да екінің бірінің қолынан келе бермейтіні тағы бар. Олай болса, дұрыс мақсат қою үшін не істеу керек?

♦ Мақсат қою

Адам қол жеткізе алатын мақсаттың ең басты белгісі – оның алға жетелей алуы. Сіз ол туралы ойлағанда сізге кедергілерді бұзып жарарлықтай күш беруі керек. Жұмысқа деген немқұрайлықты, желкеңіздің жар бермеуін біржолата ығыстыруы тиіс. Егер мақсатыңыз сізді алға қарай жетелемесе, онда, оны «мақсат» деп атау қиын. Алға аяқ баспас бұрын, қашан кім болғыңыз келетінін алдын-ала білуіңіз керек. Не үішн мақсатқа жету керек екенін білу де маңызды: ақша үшін, өміріңізді өзгерту үшін, т.б.

Сонымен қатар, өз мақсатыңызға жету үшін іс-әрекетіңіз қарқын алып, дамуы керек. Егер, сіз «шамамен 40-50 жылдан кейін өз ісімнің шебері боламын» деп сезсеңіз, барынша жылдамдатқаныңыз жөн. Атқарар жұмысқа ұзақ уақыт сұрау – қорқақтықтың белгісі. Сондықтан, мақсат қойылған кезде-ақ оған тезірек жетудің жолын іздеңіз. Ол үшін артта қалған, бос уақытыңызда айналысқан машықтарыңызды тастауға тура келеді. 

Ал, «Мақсатқа жету үшін не істеу қажет?» деген сұрақтың жауабын мына төменде берілген кеңестерден таба аласыздар. Олай болса, мақсатқа бірге жетейік!

♦ №1 болу үшін қажетті қасиеттер

Мүмкін бұл қасиеттер сіз үшін жаңалық емес те шығар, бірақ осы қасиеттерді өз бойыңызға сіңіруді ойлап көрдіңіз бе?

♠ Кешікпеңіз

Қай жерге барсақ та, «қазақпыз ғой» деп, кешіккенімізді қателікке емес, қазақтығымызға балап, өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Бірақ, қызмет барысында ешқашан кешікпегеніңіз жақсы. Бес минутқа кешіккеннен гөрі, жарты сағатқа ертерек келгеніңіз абзалырақ. Және басшы алдында ақталудан да ада боласыз. Кешікпей, мұқият болуға өз-өзіңізді үйрету үшін өзіңізге түрлі жаза қолданыңыз. Мысалы, кешіккеніңіз үшін әріптестеріңізге кешкі тамақ әперу, т.б.

♠ Уәдеге берік болыңыз

Уәдеңізде тұрып, келісім берген жұмысты уақтылы орындаңыз. Бұған дейін бұл қағиданы ұстанбаған болсаңыз, бұған үйренісіп кету де оңай дүние емес. Қазақ атамыздың әрдайым уәдесінде тұрып, сертіне берік болғанын ұмытпаңыз. Берген уәдеңізді орындамасаңыз, кемшілігіңіз үшін де санкция жариялаңыз, жаза қолданыңыз. Бармағыңызды тістеп, өзіңізді жазаламау үшін мынаны естен шығармаңыз: өз-өзіңізге сенімді болмасаңыз, алдын-ала уәделеспеңіз. Негізі, көп уәде бермеуге тырысыңыз.

♠ «Жоқ» деп айтуды үйреніңіз

Егер сіз №1 болғыңыз келсе, бос өтініштерді орындауға уақытыңыз болмайды. Бәрінің көңілін тапқымыз келетіндіктен, өтінішке «иә» деп алып, артынша уақыт тапшылығынан орындай алмай, қызарып қаламыз. Сондықтан, сіздің жоспарыңызға қарсы дүниелерге «жоқ» деп айтуды үйреніңіз. Бірақ, тәкаппарлыққа бой алдырмаңыз. Себебі, өмірде кейінге шегерілмейтін немесе соңы жақсылықпен бітпейтін жағдаяттар болып тұрады. Оның алдын-алу үшін бұл сөзді айтпас бұрын жағдайға қарап, саралап алыңыз.

♠ Бастаған ісіңізді тастамаңыз...

Бұл қағиданы бала кезімізден-ақ естіп, өсіп келеміз. Ісін үлкен жобамен бастап, соңында ұсақ жоспар қуалап, бастаған жұмысын соңына жеткізбей тастап кететін жандар қаншама? Егер өз ісіңізді соңына дейін мінсіз атқармасаңыз, өз өміріңізді қалай өзгертпексіз? Қалай көшбасшы боласыз? Мына қасиетті әдетіңізге айналдыру үшін ешқашан ісіңізді аяқсыз қалдырмаңыз. Бұл сізді өзгертуге мүмкіндік береді. Аяқсыз қалған істеріңізді есіңізге түсіріңіз де, соңына дейін жеткізіңіз не болмаса толықтай бас тартыңыз.

♠ Жинақтап үйреніңіз

Бұл қағиданың жұмысқа еш қатысы жоқ, бірақ, өмірге керек маңызды қасиет. Мансабыңызда топ жарғыңыз келсе, бұл қасиетті бойыңызға сіңіре біліңізЕң алдымен, қажетсіз әдеттерден арылыңыз, мысалы, email поштаңызды тексеру, ұзақ та бос әңгімелерді және әлеуметтік желілерде отыру секілді ұсақ істерді қысқартыңыз. Бұлар – уақытты жеп, қолыңызды байлайтын дүниелер. Жұмыстағы бос әңгімелер сізге кедергі келтіріп жатса, құлағыңызға құлаққап тағып алып, жай әуен қойып, еркін отырыңыз.

♠ Жаңа дүниелерді қабылдап, үнемі барлық қырынан дамып отырыңыз

Егер, бірінші болғыңыз келсе, сізге бір орында, бір қалыпта қалуға болмайды. Жаңа техникалар мен құралдарды қолданыңыз, жаңалықтарды да біліп жүріңіз, өз салаңызда ғана емес, сонымен қатар, қызметіңізге жақын істермен де айналысып көріңіз, жаңа достармен танысыңыз.

Сіз бір уақытта «кемел адам» атағын алып, жүлдеңізді сөренің үстіне қойып, бірден даңққа кенеле алмайсыз. Ол үшін сіз күнделікті ой-өрісіңізді дамытып, ортаңызды көбейтіп, үнемі ізденіс үстінде отыруыңыз керек.

♠ Ешқашан берілмеңіз

Тұрақтылық пен табандылықтың орнын ештеңе де алмастыра алмайды. Көзқарасыңызды дұрыс танытып, өз ойыңызға тұрақты болыңыз. АҚШ-тың XXX президенті Келвин Кулидждің «Ешқашан берілме!» деген ұраны үнемі адамзат баласының мәселесін шешіп отырады. Өйткені, еш нәрсеге дес бермей, тек алға ұмтылған адамның ешқашан сағы сынбауы керек. Бойды тіктеп ұстап, үнемі күрес үстінде жүруі тиіс.

♦ Осы аталған қағидаларды ұстанған адам түптің түбінде ең мықты тұлға болып қалыптасары анық. Ал енді, өзіміздің мықты тұлға болғанымызды қалай танимыз?

Өзгеге, тіпті, өзіңізге өз салаңызда үздік екеніңізді қалай дәлелдейсіз? Адам өзіне және өзгелерге  көзқарасын білдіріп, сынай алуы керек.

Ең әуелі, сіздің жобаңыз бен оның жүзеге асырылуы маңызды. Мақтан тұтатын жобаңыз не ісіңіз болса, «жетістігім» деп таныңыз. Оны дәлелдейтін диплом, жақсы көрсеткіш деңгейі сияқты құжатты айғақтарыңыз бар ғой. Тағы бір айта кетерлік жағдай, өз сәтсіздіктеріңізді де жетістік деп бағалаңыз. Сіз белгілі бір істі атқардыңыз, соның жолында аяғыңызды шалыс бастыңыз дейік, ал ешқашан қателеспейтіндер кімдер? Ол әрине, саусақты саусаққа соғып отыратындар – ештеңе жасамайтындар. Сондықтан, сәтсіздігіңізге бола тауыңыз шағылмасын. Ең бастысы, ендігәрі сәтсіздікке бой алдырмай, оның алдын алыңыз.

♦ Өз ісіңіздің үздігі екеніңізді сезініп, көрсете біліңіз.

Өзіңіздің өмірлік жеке ұраныңыз, өзіндік түйіндемеңіз, сізді суреттейтін 100 сөз сияқты жаднамалар сіздің үздік екеніңізді дәлелдейді.

Бір қарағанда мына қағидалар тым қарапайым болғанымен, оларды орындауда мәселелер туындауы мүмкін. Бүгін «үздік атанамын» деп шешіп, ертең «ұмытып кету» дегенге тоқтау салыңыз. Және ертеңге қалдырмаңыз. Үнемі осы қағидаларды бұлжытпай ұстансаңыз, өз салаңыздың үздік маманы атанасыз. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» дегенді де естен шығармаңыз.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар