Пигмалион эффекті. Сенім күші

Пигмалион эффекті. Сенім күші

Пигмалион эффекті – сенім мен ішкі мотвацияға негізделген психологиялық феномен. Пигмалион эффекті Розенталь эффекті деп те аталады. Розенталь – бұл құбылыстың практикалық қырын түсіндіріп берген алғашқы адам, ал Пигмалион – бұл эффектінің пайда болуына ықпал еткен көне грек аңызының кейіпкері.

Аңыз былай дейді. Көне грек мүсіншісі Пигмалион өзі жасаған мүсіндерін асқан ыждаһатпен жасайтын болған. Күндердің бір күнінде ол әйелдің мүсінін жасай бастайды. Уақыт өткен сайын мүсін айшықтала түседі. Жер-жиһанда мүсіннің сұлулығына тең келетін бір де бір әйел табылмайтындай көрінеді Пигмалионға. Ол мүсінді Галатея деп атап, бітімі мен көркіне көзі тоймай қарай береді.

Гректер махаббат күнін тойлап жатқанда Пигмалион Афродитаға бір өтінішімен келеді. Ол Галатеяны тірі адам қылғысы келеді. Пейілі дархан Афродита оның бұл қалауына сүйсініп, лезде тілегін орындайды. Жүрегі бұлқынып, Пигмалион алып ұшып үйіне келеді. Көз алдында өзі қалаған, бойында еш міні жоқ Галатея, тірі Галатея.

Бұл тарихи аңыз тұтас бір психологиялық феноменге негіз болады. Адам сенімінің, яки сыртқы фактордың нәтижеге әсері орасан. Галатеяның бұл мысалы ғылым үшін тым қарабайыр еді. Алғаш феномен ғылыми тұрғыда мектепте дәлелденді.

Зерттеушілер Розенталь мен Якобсон Сан-Францискодағы бір мектепке барып, оқушылардың интеллект деңгейін тексермекші болады. Олар әр сыныптан бірнеше оқушыны іріктеп алып, былай мәлімдейді:
"Мына оқушылар өздерін әлі көрсетіп үлгермесе де, олар өте жақсы жетістікке жететініне еш күмәнданбаңыздар. Тек күтіңіздер!"

Педагогтар аң-таң. Өйткені əлгі оқушылар оқуда онша үздік емес еді. "Кездейсоқ таңдай салған болар" деп ойлайды ұстаздар. Расымен, Розенталь мен Якобсон оқушыларды тәжірибе үшін кездейсоқ таңдап алған еді. Қызығы сол, ғалымдар оқу жылының соңында мектепке келсе, өздері таңдаған оқушылар шынымен жоғары IQ көрсеткішіне ие болып, оқуда жақсы баға алып жүр екен.

Тәжірибе өз мақсатына жетті: адам өз қалағанын ала алады, яки сенімге толы дүние жетістікке біртабан жақын болады. Оқытушылар жыл басында іріктелген оқушыларға ерекше ықыласпен сабақ үйреткені, оларға үміт артып, тек білім беріп қана қоймай, психологиялық сенім артуы да әсер етпей қоймайды.

Сенім – ауқымды дүние. Бұл мысалды барлық ситуацияда қолануға болады. Жұмысшыларына сенім артып, олардың нәтижелеріне ықылас білдірген жетекшілер дегеніне жетеді. Ал қол астындағыларды жалқау, ештеңеге ебі жоқ тобыр санайтын, тек нашар нәтиже күтетін қолбасшының ақыры да нашар болады.