Өміріңізді бір секундта өзгерту

Өміріңізді бір секундта өзгерту
Фото: google.kz

Төменде келтірген кеңестердің біріне құлақ түрсеңіз, бір секунд ішінде өміріңіз өзгеріп шыға келмек.  

Бір секунд. Сенбейсіз бе? Онда байқап көріңіз...

1. Жымию

Өзіңізді бақытты етудің ең қарапайым жолы осы. Неге екені белгісіз, біздің елде де мұны білмейтін немесе білгісіз келмейтін түр-түсі суық адамдар бар. Сіз ол қатарға жатпайсыз ғой, ендеше, сол бір суық адамдардың қатарынан шығыңыз. Бір ғана жымиыс дәл қазіргі сәтте өзіңізді жақсы сезінуге жол ашады. Және айналаңызға жұқтыруыңыз да мүмкін. 

2. Терең тыныс алу

Терең дем алу арқылы стресті төмендетуге, өмірлік ұстанымыңызды қайта оралтуға болады. Және ол бір ғана секунд уақытыңызды алады. Әр күн сайын қысқа үзіліс жариялап, тереңнен дем алуға дайындалып көріңіз. Сол уақытта сіз өз өміріңіздің ауыртпалықтан сәл де болса арылғанын сезінесіз. 

3. Телефонды өшіріңіз

Біздер смартфондар мен компьютерлердің, планшеттер мен теледидарлардың бетіне үңілумен қалған адамдардың ортасында өмір сүреміз. Бұл қондырғыларды пайдалану мен бір қажетке жаратудың жөні бөлек. Бүкіл гаджетіңізді өшіріп (мұны істеуге бірер секунд қана уақыт кетер), өзіңізбен жеке қалыңыз. Сонда қатты таңғалатын боласыз...

4. Айналаңызға қараңыз

Өмірдің тез өтіп жатқаны соншалықты, бір керемет әсерді алуға, өміріңізге бояу енгізуге уақыт жетпей жатады. Бар-жоғы бірнеше секундыңызды жұмсай отырып, терезе алдына барып күздің сары түсіне, көк аспанға қараңыз. Күннің батқанына немесе атқанын тамашалаңыз. Айналаңызға қараған уақытта айнала тіршілікке алғыс айтыңыз. Солай сіз өзіңізді санаулы секундтар ішінде бақытты етесіз. 

5. Бір жұтым су 

Судың ағзамызға жақсы әсер ететіні туралы бүгін біліп отырғанымыз жоқ. Құтымен су алып жүруге, оған әркез жүгінуге тырысыңыз. Бұл сізге салмағыңызды реттестіруге, бауыр тазалап, бет теріңіздің күтімін ұстауға көмектеседі. 

6. Алғыс айтыңыз

Бақытты, ақ адал адамдардың бәріне тән бір қасиет бар: олар өз өмірлеріндегі барлық жақсылыққа алғыс айтады, жаудырады. Бұл дегеніміз, өз өміріңізді жақсарту үшін, "Рақмет" айтудан тартынбаңыз деген сөз. Бұған сіздің бірер ғана секунд уақытыңыз кетер, есесіне өзіңізбен қоса өзгелерді де қуанышқа бөлей түсесіз. 

7. Буын босатыңыз

Өзіңізді жақсы сезінудің ең оңай жолы - дене әрекетіңізге ширақтық беріңіз. Буындарды қалыпқа келтіруге, жақсылап керіліп-созылуға санаулы ғана секундтар жұмсалады. Үнемі компьютер алдында отырған болсаңыз, аз-кем қимылдың өзі үлкен әсерге бөлері анық.

Данышпандар айтпақшы, мың шақырымдық жол бір адымнан басталады. Әрине, осы бір "секундтық" әдіс-тәсілдер сіздің барлық проблемаңызды шешіп бере алмас, алайда, күннің 86 400 секундтан тұратынын ұмытпаңыз және соның қаншасын дұрыс жарату тікелей өзіңізге байланысты.

 

Г. Берік