Патриотизм балансы деген не?

Патриотизм балансы деген не?
Фото: tengrinews.kz

Ел қорғаны – ер болғандықтан, оның мінезі мен тәрбиесі, өз ортасындағы абыройы мен әрбір адамға деген қарым-қатынасының деңгейі маңызды. Әрине, бұл әрбір әйел адамға да тиісті айтылып отыр.

Сіз өз ұлтының патриоты деген кезде нені түсінесіз? Ең алдымен ойыңызға өз отбасыңыз келері анық. Иә, туған жердің қорғаны болу өз отбасыңызды аялаудан басталады. Тәрбиенің төркіні сонда жатыр. Десе де, оның ұлттық деңгейдегі көрінісін деңгейге бөліп қарайық.

Патриотизм балансы

Адамның патриоттық сезімінде баланс бар болуы керек. Әйтпесе, нацистік көзқарастағы азаматқа айналып кетуіңіз ықтимал. Мысалы, адамның патриоттық сезімі төмен деңгейде болса, ол өз ұлтының жанашыры болудан қалып, тіпті мәңгүрт кейпіне айналып кетеді. Себебі ол тек өзінің мүддесін ғана ойлап, туған жері мен қоғамдағы актуалды мәселелердің шешімін табуға кіріспейді.

Ал патриоттық сезімнің деңгейі тым жоғары болса, ол нацистік көзқараста өзге ұлтты өз ұлтынан үнемі төмен ұстауға тырысады. Ол ел арасындағы өзге ұлт өкілдерін жек көріп, олардың еркін өмір сүруіне кедергі болудың амалын жасайды.

Патриоттық сезімін орта деңгейде ұстай алатын адам пацифистік көзқарасқа ие. Ол, ең алдымен, өзге ұлт өкілдерін өз қазағымен тең көріп, тек жақсы ой әрі ниетпен қоғамдағы тіршілігін жүргізеді. Өткен тарихқа үңіліп қарасақ, қазақ бірталай көрші елдерімен соғыста болған. Оның бәрін ескеріп, бүгін де оларды өзімізге жау етіп танысақ, кереғарлық пен ұлтаралық қақтығыстарға дейін баруымыз мүмкін. Сіз ойлаңыз, қазақ жеріндегі өзге ұлт өкілін сіз кемсітуіңіз мүмкін, дәл сондай көрініс өзге елдегі қазақпен орын алып жатуы да ықтимал. Сондықтан кез келген әрекетті жасамас бұрын, оның орнына өзіңізді қойып көріңіз.

Кішкентай әрекетімен қоғамға үлкен еңбегін сіңдіріп жүрген азаматтарды бүгінгі күннің қаһармандары, патриоттары деуге болады.

Патриоттық сезімнің балансын экономикадағы валюта банкноттарының көлемімен салыстыруға болады. Нақтылап өтсек, ел экономикасы тұрақты дамуы үшін сол ел нарығындағы бар тауарға тең валюта мөлшері бар болуы тиіс. Мысалы, Қазақстанның ішкі нарығында 100 миллиард АҚШ доллары құнына тең тауар айналымы бар болса, Ішкі нарықтағы валюта айналымы да 32, 674 триллион теңгеге (Ұлттық Банк ақпараты бойынша, $1 - 326,74 теңге) тең болуы керек. Сол кезде валюта тұрақты өсімге ие болады.

Егер ішкі нарықтағы тауар айналымы артып, қажет валюта мөлшері азайып кетсе, тауарларға деген сұраныс та азаяды. Сәйкесінше, ішкі нарық белсенділігі төмендеп, валюта дефляцияға (валютаның құны жоспардан тыс көтеріледі) ұшырайды. Ал тауар азайып, айналымдағы валюта банкноттары көбейіп кетсе, инфляция үдерісі (мемлекет валютасы құнсызданады) қарқындай түседі. Кез келген елге дефляция да, инфляция да керек емес. Сол сияқты патриотизмді де орта деңгейде ұстап тұру бәрінен маңызды.

Ж. Өрісбай