Досыңыздың қай қылығы ұнамайды?

Досыңыздың қай қылығы ұнамайды?
Фото: amur.kz

Адам өз-өзіне көп көңіл бөлмейді. Бұл – үсті-басына күтім жасау дегеннен бөлек, тұлғасына, ойына, білім көкжиегіне, адамгершілігіне қатысты күтім. Мінезімен күресіп, өзін-өзі жеңе алған адам ғана «мен өзгердім» деп айта алады. Өйткені, ол біз айтқан құндылықтарға күтім жасап жүр. Егер сіз де рухани құндылықтарға мән беріп, өз-өзіңізге көңіл бөлгіңіз келсе, мына сұрақтарға жауап іздеп көріңіз.

Басы

1. Досыңыздың қай қылығы сізге ұнамайды?

Өзгені кемшілігін көру білген дұрыс, бірақ кемшілігі үшін оны сөгу дұрыстыққа жатпайды. Оның кем тұсын түзете отырып, сіз де түзеле бастайсыз. Достарды артықшылығына не кемшілігіне қарай таңдайтын адамдар өздерін кемшілігі жоқ адамдар қатарына қоспағаны жөн. Сіз осы сұрақты оқығанда досыңыздың жағымсыз қасиеттерін, кемшіліктерін іздей бастадыңыз ба? Бұл – кешірілмес қателік.

2. Жарыңызды немесе сүйіктіңізді қандай қасиеттерсіз елестете алмайсыз?

Кей ғашықтар бір-біріне «сен болмасаң, қайтер ем» дегенді көп айтады. Негезінде адамның емес, оның артықшылығының арқасында болған нәтиже. Сүйіктіңіздің небір ғажап қасиеттерді бойына сіңіре алуы – оның бір артықшылығы деп біліңіз. Сіз де сол қасиетті «жұқтыруға» тырысыңыз. Есіңізде болсын, сүйіктіңіздің мінезі, қасиеті, жүріс-тұрысы сіз туралы хабар береді.

3. Біреу сізді мақтаса, өзіңізді қалай сезінесіз?

Кей адамдар мақтау естісе, біреудің ұнатқанын білсе, өз-өзінен жиреніп, «жоға, о не дегеніңіз, асыра сілтемеңіз» деп, өз-өзіне көңілі толмауы мүмкін. Бұл өзіне берген бағасының өте төмен екендігін білдіреді. Сырт көз сыншы, адам өзгеден осындай мақтау естігенде мұның бекер айтылмағанын түсінуі керек. Айтылған әр пікірді жылы қабылдап, жадыңызға түйіп жүріңіз.

4. Ата-анаңызбен қарым-қатынаста не кедергі?

Мінез, көңіл-күй, таным. Бұл үштіктің алдыңғысы генмен беріледі, екіншісі жағдайға байланысты, ал соңғысы ортаға байланысты. Күрмеуі шешілмейтін мәселе туындаса, ата-анамен сөзге келіп, кикілжің туа қалса, аталған үштіктің біреуін өзіңізде ұстай тұрған жөн. Біріншіден, мінез ген арқылы берілетін болған соң, ата-ана мен баланың мінезі сәйкес келуі мүмкін. Бұл жағдайда үлкеннің алдын орамау дегенді есте ұстаған дұрыс. Екіншіден, көңіл-күйді басқара алу керек, алдыңызда тұрған адам сіздің қатарласыңыз емес, ата-анаңыз, оларға ашуыңызды көрсетіп жүрмеңіз. Үшіншіден, үлкеннің танымы мен кішінің танымы бір болмайды. Өзгенің танымын сыйлай біліңіз, өз ойыңызды дәлелдеймін деп жүріп, қатты сөз естіп қалмаңыз немесе керісінше, оларға ауыр сөз айтып қоймаңыз.

5. Ата-анаңыздың қарым-қатынасынан не үйрендіңіз?

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Олардың арасындағы сезім, сенім, махаббат, реніш, мұң – бәрі-бәрі сіздің бойыңыздан да көрінеді. Өзге жанұя мен өз отбасын салыстырып, сырттай баға бере білген адам қарым-қатынастағы қателіктерді де көре алады және одан сабақ алады. Олар жіберген қателіктерді жібермеуге күш жұмсайды. Бұл – оларға «бұлай сөйлесу керек», «бұл қылығыңыз дұрыс емес» деген сөз емес. Бұл – өмір сабағы. 

Г. Берік