Қыздарды таңдандыратын жігіт қасиеттері

Қыздарды таңдандыратын жігіт қасиеттері
Фото: classpic.ru

Жігіттер қызбен араласқанда тура ойлап, анық сөйлеп, таза жүру  басты қағидасы. Қымбат гүл сатып алса да, ауладан гүл ұрлап жұлса да, мақсаты қыздың көңілінен шығып, қуанту. Мұның барлығы дұрыс, алайда, сіздің жасаған әрекеттеріңізді өзге біреулер де жасап жүргенін ұмытпағайсыз. Егер сіздің бойыңызда сәл де болса ерекшелік болса, ғашығыңыздың алдында ұпайыңыз жоғары болады. Біз ұсынған көпшлік елей бермейтін ерекше қабілетерді есіңізге сақтасаңыз, болашақта пайдасы тиеді. Ол үшін сізге біраз еңбектену керек. Себебі бойыңыздағы қасиет дүкеннен сатып алар нәрсе емес. 

Музыкалық аспаптарда ойнау
Қызықты кештерде, түнгі аулада гитара тартып, домбыраның құлағында ойнайтын жігіттерге көңілі қалаған қызымен қосылу бақыты бұйырады. Себебі жағымды дауысты, жалықтырмайтын жігіт қандай арудың болмасын жүрегіне оңай жол табады. Топ ішінде шапалақ ұрып, құлақ құрышы қанып тұрған жігіттер жиын біткеннен кейін сан соғып қалады. Сондықтан сізге музыкалық аспапты үйрену керек. Әрине, жаныңызға жақын аспап таңдасаңыз, бөлген уақытыңызға қарай тез үйреніп алу өз қолыңызда. Мысалы: гитара, домбыра, саксафон сынды аспаптар қай жердің болмасын сәнін келтіреді.

Билеп үйрену
Адамдар би алаңына барған кезде әуезді әннің жетегінде кетіп, ерекше сезімге беріледі. Бұл жерде өзіне сенімді, билегенде әуеннің ырғағымен тербеліп, өзгелерден ерекше қимыл жасайтын жандар қыздарға батылырақ жақындап, оңай араласа алады. Барлық би түрін білмесеңіз де, өзіңіздің қандай ортада жүретініңізге байланысты би қимылдарын үйреніп алғаныңыз артық етпейді. Жақсы билей алатын болсаңыз, орайлы сәтті құр жібермей, ұнататын аруыңызды биге шақырудан тартынбаңыз.

Көлік жүргізгендегі сенімділік
Егер астыңызда көлігіңіз болса, сылқымдардың жүрігін жылдам жаулап алуға мүмкіндік жетерлік. Ең бірінші, өзіңізді көрсету үшін көлікті сенімді жүргізгеніңіз дұрыс. Жылдамдықты қосып, үйренген тәсілдеріңізді көрсетсеңіз, қыздың да сізге деген көзқарасы өзгереді. Неге десеңіз, қасында сенімді жігіт отырған уақытта арулар алғашында үрейленгенімен, кейіннен сүйсіне бастайды. Қызыққа батып қасыңызда ару отырғанын ұмытып кетпеңіз, ойын соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін. Жай ғана өзгелерден ерекшелеу екеніңізді байқатыңыз.

Сөйлесе білу
Аузы тынбай беталды сөйлей беретін жігіттер қыздар қауымына мүлдем ұнамайды. Керісінше салмақты, орынды жерде әзіл айтып, өзін дұрыс ұстап, керек кезінде ақылын беретін жігіттер сұлуларға бір табан жақын болады. Қыздардың не ойлайтынын ешкім білмейді. Сондықтан аруыңыздың қасына барғанда әңгімені саралап барып айтқаныңыз дұрыс. Арулар айтқан өтінішіне "істей алмаймын" деген жауап алса, келесі кездесу болу-болмауы екіталай. Сөз арасында өз пікіріңізді білдіріп, кқөзқарасыңызды танытып отырыңыз. Қыздар жігіттер секілді "жұмбақ адамға" құмар емес. Жігіт тұйықталған сайын, қауіптеніп, алшақтай түседі. Қыздардың болашақ жарын таңдаудағы бір сатысынан сүрінбей өткізетін қаруыңыз – білімділік.

Киімге баса мән беру
Сұлулар таза нәрселерді жақсы көргендіктен, қасында жүрген жігіттің ханзада болғанын қалайды. Тап-таза, иіс су себілген, сәнді киінген жігіттердің қасында жүру сұлулар үшін зор бақыт.  Сырт келбетіңізге мән беріп, айналадағы адамдардың арасында қысылмай жүрсеңіз, өзіңізге деген сенімділігіңіз сырт көзге бірден байқалады.

Тамақ дайындау
Көп жігіттер тамақ дайындау қыздардың жұмысы деп қашқақтайды. Алайда, сұлулар да өзінің ғашық жігітінің қолынан дәм ауыз тиуді қалайды. Сондықтан өзіңіздің ең сәтті әзірлейтін тағамдарыңызды алдына қойсаңыз, оның қалай қуанғанын көретін боласыз. Егер сүйгеніңіз сіздің жасаған сыйыңызға шын қуанса, жүрекке жетер тағы бір қадамды нық бастым деп есептей берсеңіз болады.

Спортпен шұғылдану
Дене бітімі қалыпты жігіт бірден көзге түседі. Оның сымбаттылығы, бөлінген бұлшықеттері арулар сәл де болса өзге жігіттерден өзгеше қарауына себепші болады. Алайда, таңнан кешке дейін фитнес залында жүріп, өзіңізді аса қинамаңыз. Бұл тек жүрекке жетер жолдағы бір ғана қадам. Сіздің ғашығыңызды толықтай баурап алуға  ол жеткіліксіз.

Ақылды болу
Көптеген ер азамат достар арасындағы әңгімені қызына да айтып жатады. Мысалы, мәшиненің қандай жері бұзылып тұрғаны, футболда қандай айып доптары орындалғаны, достарымен қандай отырыста болғаны. Бұл сіздің аруыңыз үшін еш маңызы жоқ әңгіме. Біріншіден, арулармен қалай сөйлесу керек екенін білмейтініңізді көрсетсе, екіншіден, сіз үшін махаббаттан да артық нәрселер бар екенін білдіресіз.

Жүректі жаулап алу жолынан адаспас үшін, оған әрқашан қамқоршы болып, көмек керек болған кезде қол ұшын беріп, сұлуыңызға қызықты тақырыптар төңірегінде сөз өрбіткеніңіз дұрыс. Егер сіз жаңадан сөйлесіп жүрген қызыңыз туралы ешқандай ақпарат білмесеңіз, оның әлеуметтік желісін толықтай қарап шығыңыз. Өзіне қандай әуендер, кинолар ұнайтыны, қызықты серуендер және болашақта не істегісі келетіні туралы жазылып тұрады. Тек барлығын зер сала оқып, сол бойынша әрекет етсеңіз жеткілікті.

Соңында айта кететініміз, сұлулар бәрінен бұрын нағыз жігіт іздейді. Отбасының тұтқасын ұстар азамат кездесуін қалайды. Сондықтан сүйгеніңіздің алдында өсек айтып, біреуді жамандап, қызға тән қылықтар көрсетіп, жаныңыз нәзік екенін көрсетпеңіз. Бір сөзбен айтқанда, барлығын ақылға салып жасаған дұрыс.

B. ZHAQSYMBET