Бойыңызда еңбекқорлық қасиеті бар ма?

Бойыңызда еңбекқорлық қасиеті бар ма?
Фото: happypeople.club

Адамды шыңға жетелеп, бар мақсатына уақытында жеткізетін қасиеті – еңбекқорлық. Таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай тері жіпсігенше жұмыс жасап, нәпақа табу – әр адамның өмірлік міндеті. Бірақ, бойында тасыған талабы мен талантын тұншықтырып, төсектің  төңірегінен шыға алмай жүрген жандар қаншама?!

Олар үшін "алма піс, аузыма түс" деген  ең оңай тәсіл. Өзіңізді-өзіңіз жеңбесеңіз, сізге айтылған ақыл да, кеңес те желге ұшқанмен тең. Еңбек етіп, алдына мақсат қойып, болашағының қандай боларын бағамдап жүрген жандарға "жарайсыңнан" басқа айтарымыз жоқ.

Өзіңізді ұрып та, соғып та жеңе алмайсыз. Тек, ақылыңызды дұрыс пайдаланып, ішкі жан дүниеңіз бен сыртқы болмысыңыз үндескенде сіз де күшті адамдардың қатарына қосыласыз. Осы орайда, өмірінде біршама жетістікке жеткен жандардың пікірлерін саралай келіп, қорытынды тұжырым ұсынамыз. 

Таңертең жұмысқа немесе оқуға барарда, кем дегенде екі сағат бұрын ұйқыдан тұрып үйреніңіз. Өйткені ұйықтап жатқан бұлшықеттеріңіз оянып, миыңыз сол уақытта қалыпты жұмыс жасай бастайды.

Таңғы спорт күні бойы сергек жүруге зор септігін тигізеді. Денеңіз еркін қимылдап, ойлау қабілетіңіз арта түспек. Мол күш жұмсап, арнайы фитнес залдарына бармасаңыз да, күнделікті жүгіріп, дене жаттығуларын жасап тұрған дұрыс.

Үйден шыққанда кітап оқып сананы шаршатпаңыз. Жолда оқыған білім миыңызға кіре қоймайды. Одан да күні бойы не істеп, не қоятыныңызды елестетіп, алға қойған жұмыстарыңызды рет-ретімен жоспарлап, жанға жағымды әуен тыңдап, миды қалыпқа келтіргеніңіз дұрыс. 

Қандай ортада болсаңыз да, тазалық басты назарда болсын. Алдымен отыратын жеріңіз таза болуына мұқият көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Бұл тек жұмыс орыныңыз ғана емес киіміңізге де қатысты. Еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Бөлмеңізде ашық түсті қағаздар, сәнді ойыншықтар, көзге бірден түсетін кітаптар мен орын-орнында тұрған жиһаздар болғаны дұрыс. Таза жерде жұмыс жасау басқа нәрсеге алаңдамауға көмектеседі.

Мақсаттарыңызды айқындап алғаныңыз дұрыс. Сіздің діттеген межеңіз болашақта керек пе, жоқ әлде жай қызығушылықпен бара жатырсыз ба, бастысы дұрыс ойланып алған дұрыс. Егер өміріңізге өзгеріс алып келуін ойласаңыз, одан бас тартпауға тырысыңыз. Әрине, барлығы сіз ойлағандай болмайды. Бірақ, ақырына дейін шыдасаңыз, сан соғып қалмасыңыз анық. 

Адамның ақылшысы да, орындаушысы да  ең бірінші өзі болуы керек. Жүрегін тыңдап, оның не қалайтынын жақсылап сезе білсе, мақсатқа жету жолындағы қиындықтарды оңай шешеріңіз анық. 

B. ZHAQSYMBET