Іскерлік кешкі ас үстіндегі басты қағидалар

Іскерлік кешкі ас үстіндегі басты қағидалар
Фото: netsekreta.ru

Өркениетті заманда ғұмыр кешіп жүрген соң, әр ортаның белгілі бір деңгейде мәдениеті болары хақ. Соның ішінде іскер азаматтар мәселелерді тек кеңсе ішінде ғана емес, тыста да шешкенді қалайды. Яғни, іскерлік кешкі ас үстінде. Бұның өзі бір мәдениет. Жұмыс барысындағы атаулы шараға бей-жай қарамай, оның өз қағидаларын ұстану қажет. Сонда ғана әріптестермен қарым-қатынас нығая түсіп, түйіні шешілмеген мәселе де қалмайды.

Кездесу орны

Жаңа әріптестермен танысу үшін барлығына таныс орынды таңдаған жөн. Боулинг, плейстейшн секілді ойындарға барсаңыз, жаңа ортаға тез сіңісуге мүмкіндік мол. Егер бір-ақ адаммен іскерлік кездесу ұйымдастырсаңыз, тыныш әрі өзіңіз бұрын-соңды келіп жүрген орынға шақырғаныңыз дұрыс. Себебі сұхбаттасу кезінде бір-біріңізді анық естіп, ешқандай кедергі келтірмеуі тиіс. Ал басшылықпен кездесу ұйымдастырудың әңгімесі бір бөлек. Бұл жағдайда салмақты әрі салтанатты мейрамхананы таңдағаныңыз абзал. Қателікке жол бермеңіз.

Алдын ала жоспарлау

Кездесудің қалай өтетінін алдын ала жоспарламасаңыз, кештің көңіліңізден шыққан-шықпағанын анықтау қиын. Бір апта бұрын уақытын белгілеп, жақсы мейрамханадан үстелге тапсырыс беріп қойыңыз.

Орындарды белгілеңіз

Қонақтарды жайғастыруды өз қолыңызға алыңыз. Кей кездесулерде нәзікжандылар мен ерлер "әңгімелеріміз жарасады деп" бөлек отыруы мүмкін. Кешкі ас іскерлік бағытта болғандықтан, мұнда күнделікті әңгіме емес, маңызды мәселелер сөз болады. Оған қоса, ерлер әйелдер қауымына құрмет көрсетуі керек. Ал кештің басты, сыйлы қонақтарын ортаға не төргі орындарға отырғызған дұрыс.

Ас − адамның арқауы

Іскерлік кешті мойныңызға алған соң, қонақтарға мәзірде қандай тағамдар бар екенін айту, тағамдарға тапсырыс беру сізге міндеттеледі. Бағасы қалта көтеретін әрі қонақтардың көңілінен шығатын тағам таңдағаныңыз жөн. 

Мәселеге көшу

Кеш үстінде әңгімені жұмыстағы қарапайым мәселелерден күрделіге қарай алмасып отырыңыз. Әр қонақтың бейтарап болып қалмауын қадағалаңыз. Олардың әрқайсысының пікіріне құлақ асыңыз. Қасық-шанышқылардың салдырынан әңгімелеріңіз үзіліп қалмасын. Бастысы іскерлік кешкі ас үстінде айтылған мәселе жемісін беріп, өз деңгейінде өтуіне салғырт қарамаңыз.

Г. Берік