Көпшілік ортада өзімізді қалай ұстаймыз?

Көпшілік ортада өзімізді қалай ұстаймыз?
Фото: million-wallpapers.ru

Біздің сөйлеген сөзіміз, киген киіміміз, жалпы жүріс-тұрысымыздың бәрі қандай адам екенімізді, қандай отбасыдан шыққанымызды білдіреді. Сондықтан қайда жүрсек те, кіммен жүрсек те өз-өзімізді дұрыс ұстап, этика, эстетика ұғымдарын ұстануымыз керек. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға мейрамханада, үстел басында, қонақта қалай отыру керектігін ұсынамыз. 

Мейрамханада.

Есікті ақырын ашып, қыз баланы алға жіберіңіз. Одан кейін оның үстіндегі пәлте немесе күртешені шешуге көмектесіңіз. Егер алдын ала үстелге тапсырыс берген болсаңыз, оны міндетті түрде өзіңіз сұраңыз. Даусыңызды қатты шығарып сөйлеу, қарқ-қарқ күлу, айналаңыздағы адамдарға жалтақтай беру – әдепсіздіктің белгісі екенін есіңізден шығармаңыз.

Кездесудің алтын ережесі: шақырған адам төлеу керек. Ал егер еш жерге тапсырыс бермей, сізге «мүмкін бірге түскі ас ішерміз», - деп ұсыныс жасаса, онда әркім өз-өзіне төлейді.

Үстел басында.

Үстел этикетін сақтау арқылы сіз көзі ашық, көкірегі ояу жан екеніңізді көрсетесіз. Алайда қазақылыққа салынып, оны сақтамайтын кездер жиі болады. Мейрамханада тапсырыс берген тамағыңызға қатысты құралдар беретінін жақсы білесіздер. Сіз ол жерге шанышқымен сайысқа түсуге емес, тамақтануға барғаныңызды ұмытпаңыз. Сондықтан білмеген, көрмеген заттарыңыз болса, ұялмай даяршыдан сұрап алыңыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ол үшін сізге ешкім күлмейді.

Ұялы телефоныңызды үстелден алып тастаңыз. Тамақтану барысында қайта-қайта біреулерге қоңырау шалып, жеке басының мәселелерін айтып отыратын адам сырт көзге оғаш көрінеді. Біріншіден, мәдениетсіздік болып саналады, екіншіден, сіздің шаруаларыңыз басқа адамдарды қызықтырмайды.

Қандай кездесу болса да уақытында келуіңіз керек. Көлік кептелісі секілді сылтаулардың мерзімі өтті. 15 минуттан артық кешігіп жатсаңыз, міндетті түрде хабарласып, жағдайыңызды айтыңыз. Ал егер кешігетініңізді ертерек білсеңіз, оны да соңғы минутқа дейін созбай, алдын ала хабарлап, ескертіп қойғаныңыз жөн.

Әңгіме.

Тәрбиелі адам өзінің жеке басының мәселелерін жарияға жар қылмайды. Өзінің ағайын-туыстары туралы да көп ештеңе айтпайды. Ананы-мынаны сөз қылып, өсек-аяңнан әріге бара алмайтын адамдар әңгімелесушісін жалықтырып жібереді.

Сөйлей білу қаншалықты қажет болса, тыңдай білу де соншалықты маңызды. Бұл үндемей отыру керек деген сөз емес, орнымен, ретімен, тақырыпқа сай әңгіме-дүкен құру. Сонымен қатар мәдениетті жандар ешқашан өзгелердің сөзін бөлмейді.

Қонақта.

Жоғарыда кешігу туралы тілге тиек еткен болатынбыз. Ал бұл бөлімде ерте барудың үй иелерін ыңғайсыз жағдайға қалдыратынын айтқымыз келіп отыр. Өйткені олардың сізге жасап отқан тосын сыйын біліп қаласыз.

Балаларыңызды үй иесі шақырған кезде ғана ертіп баруыңызға болады. Кісінің үйіне бала-шағаңызбен шұбырып барған ұят екенін ұмытпаңыз.

Қонақта алдыңызға қойылған тамақтан бас тартуға болмайды. Ал қатаң тәртіппен диета ұстап жүрген болсаңыз, онда кешкі асқа қарамауға тура келеді. Алайда шақырту алып, қонаққа барған соң, жемесеңіз де тәрелкеңізге аздап салып алып отырғаныңыз дұрыс.

Жалғасы бар

Ж. Исакаев