Неге «жұрттың баласы» бізден артық?

Неге «жұрттың баласы» бізден артық?
Фото: amur.kz, Болат Срымов

Ата-аналар өз балаларын өзгемен салыстыру арқылы ынтасы мен жігерін арттырғысы келеді. Бірақ жастарға «Жұрттың баласын қарашы, әне», «Өзіңдей баланы қарашы» деп салыстырып жату аса ұнай бермейді. Әке-шешеге неге өз баласынан гөрі өзгенің баласы жақсы болып көрінеді екен? Неге олар «жұрттың баласы» деген тіркеске сонша құмар?

Баласының әрекеттеріне көңілі толмай, еріншектігіне іші жылымаған кезде олар да өзгенің ұлдарымен салыстырады. «Неге менің балам осы бала секілді емес?» деп те қызығады. Бірақ олардың бұл қылығы – өз баласын менсінбегендігі емес. Сондықтан бұндай жат ойға ырық бермеген абзал.

«Жұрттың баласы»  тіркесі ер жігіттің психологиясына қалай әсер етеді?

Бірақ ер адамның мінезі мен болмысы «жұрттың баласы» деген тіркесті аса дұрыс қабылдай бермейді. Өйткені еркек біткен өзін өзгемен салыстырып, еңсесін түсіргенді жек көреді. Ата-анасы жұрттың баласын қанша мақтаса да дәл сол балаға ұқсағысы келмейді. Ұқсау қолынан келсе де, өйтпейді. «Жұрттың баласы» деген әңгіме басталып келе жатқаннан әр баланың өз жауабы дайын тұрады. Сол айтылған адамның ата-анасының көзіне ғана жақсы көрінгендігін, шын мәнінде оның жағымсыз қылықтарының көп екендігін айтып қарсы келеді.

Бұл сөздің ұл баланы жігерлендіруі оннан біреу ғана кездеседі. Әке-шешесінің өзге біреудің баласына іші жылып отырғанын көрген балада өзіне деген сенімділік жоғалады. Әрине, әке-шеше мұны ұлының іштей қайраттануы үшін айтады. Ал ұлы мұны дұрыс түсінбей жататын кездер көп болады. Өйткені өз баласының болмысына көңілі толмаған әке-шешеге ұлы ренжиді.

Жалпы, адамды адаммен салыстыру көбімізге ұнай қоймайды. Ер адамдарға, мүлде ұнамайды. Өз баласын жұрттың баласы арқылы тәрбиелегісі келетін ата-ананың бұл қылығын дұрыс не бұрыс екендігін өздері біле жатар. Бірақ бала тәрбиесінде мұның плюс жақтары жоқ деуге болады. Ал сіздер қалай ойлайсыздар? Сіздерді де ата-анаңыз жұрттың балаларымен салыстыра ма?

А. Әбілхан