Гүлдің қыздар үшін маңызы

Гүлдің қыздар үшін маңызы

Ер адамдардың айтуына сенетін болсақ, әйел заты – аса күрделі «дүние». Негізінде, әйел адамды бақытты ету – оңай іс. Ең бастысы – бет бұрып, назар аудару.

Интернетте ұзын қанатын сермеп, қалықтап жүрген «Гүлді не істейсің? Бәрібір шіріп кетеді ғой» «дәйексөзі» қазірде бәріне дерлік таныс. Бұған аруларымыз «Мен Сені не істеймін? Өліп қаласың ғой» деген ашулы жауап қайтарды. Бір қарағанда әділетті жауап сияқты. 

Гүлдің қыздар үшін маңызды қандай?

Сұлулықты гүлге, гүлді қызға теңеген ұстаным бүкіл адамзаттың санасына сіңіп кеткен. Сондықтан гүлді сыйға алған ару өзін сұлу сезініп, қуанады. 

Бұл орайда гүлдің саны, түсі, түрі аса маңызды рөл ойнамайтынын айта кеткен жөн. Әрине, талғамға талас жоқ, әр қыздың өзіне ұнайтын гүлі бар. Дей тұрғанмен, гүл шоғында «мынанша» гүл болуы керек, оның түсі «мынандай» болуы керек, гүл шоғының материалы қағаздан/жылтыр қағаздан жасалуы керек деген талап – бар болғаны орынсыз еркелік.

Ең бастысы, гүліңіз солмаған, жұпар иісті болуы керек. Ал саны өз қалтаңыз бен ниетіңізге қарай, түрі өз талғамыңызға немесе сүйікті қызыңызды қандай гүл түріне теңейтініңізге байланысты таңдалуы тиіс.

Әрине, кейде қыздың белгілі бір гүл түріне аллергиясы бар болуы мүмкін. Мұны да алдын ала анықтап, ескеріңіз.

Жігіттер, гүл ғана емес, жалпы сыйлық таңдауда ішкі дауысыңызды тыңдап, өз қалауыңызбен, өз талғамыңызбен санасыңыз. Неге десеңіз, бұл әдісті пайдалану нәтижесінде сыйлықтың бағасына ештеңе тең келмейді, себебі сіз шын ниетпен таңдап, сыйладыңыз.

Гүліңіздің ерекше болуын қаласаңыз, қазірде мүмкіндік көп. Көптеген гүл сататын дүкенде гүлдерді ерекше түске бояп береді. Көк, сарғылт, күлгін немесе бірден бірнеше түске боялған гүл шоғын сыйлауыңызға болады. Мұндай жағдайда гүлдің саны назардан тыс қалады. Сондықтан 5-6 шақты гүлді аз деп уайымдамауыңызға болады. Анаңызға, әжеңізге, әпкеңізге гүл сыйлап тұрыңыз!

Нәзік жанды аяулы аруларымызды қуантудан шаршамаңыздар, жігіттер! Іске сәт!

Сурет: Дулат Сепбосынов

Ұқсас жазбалар:

Гүл сыйлау қағидалары

Ф. Абилова