Қызыңыз құрбыларымен таныстырғысы келсе...

Қызыңыз құрбыларымен таныстырғысы келсе...

Қыздар жігіт алғашқы кездесуге шақырған күннен бастап оны құрбыларына айтады. Егер сіз сол күні бір қызбен таныссаңыз, ертеңіне сіздің бұл қадамыңыз бірнеше қыздың аузында жүреді. Егер қызыңыз сізді құрбыларымен таныстыруды жөн санаса, онда сіз үшін сын-сағаттың туғаны. Қыздар құрбысының жігітін сынағанда қызыңызды да, сізді де аямайды. Көптеген қыз жігіт таңдауда құрбыларының пікіріне сүйенеді. Сондықтан олардың да көңілінен шығуға тиіссіз.

Үндемей отырушы болмаңыз! Қыздардың арасында келген соң, әрине, сізге сөз кезегі тимеуі де мүмкін. Тек үндемей отырмаңыз. Қой аузынан шөп алмастай момындық оларға аса ұнай бермейді. Ортақ әңгіме тауып, оларға сұрақ қойып, шын ниетпен таныса бастаңыз.

Әзіл-қалжың да керек. Қыздардың көңілінен шығу үшін жігіттің күлдіре алу қасиеті болғаны дұрыс. Күлдіру керек екен деп анайы әзілдер айтып, қызыңыздың бетін қызартып жүрмеңіз.

Қызыңызға сезіміңізді білдіріңіз. Құрбыларының арасында жігіті сүйетінін айтса да, қыздар мәз боп қалады. Құрбыларына жақындап, олармен билеп, өз қызыңызды ұмытып кетпеңіз. «Осындай сұлу қыздың серісі болып жүрген мен қандай бақыттымын!» деп қызыңызды да, құрбыларын да мәз қылып қойыңыз. Әйтпесе кездесуден соң сізді «Онша жақсы көрмейді-ау» деп талқылауы да мүмкін.

Дұрыстап киініп келіңіз. Кездесуге костюм-шалбармен ресми түрде келіп, қызыңыздың құрбыларының ішегін қатыра көрмеңіз. Күнделікті киіп жүрген киіміңізбен келуіңізге болады. Әйткенмен, ескертіп қояйық, ол қыздардың арасында «нағыз стилист маман» отыруы да мүмкін. Кездесу біткен соң сіздің киіп келген киіміңіз жайында міндетті түрде сөз болады. Киіміңіз өзіңізге жарасымды, мезгілге сай және таза болғаны дұрыс.

Әрине, дәмханада сіз есеп айырысасыз. Бұл күні қалтаңыз бос келмесін. Олай етсеңіз, қызыңызбен ертең-ақ қоштасуыңыз мүмкін. «Жігітің сараң екен», «Ұялмай ма, бізге төлетті ғой» деген әңгімені есту қызыңызға да ұнай қоймас. Арты ұрысқа да ұласуы әбден мүмкін.

Гүл сыйлсаңыз да болады. Егер қалтаңыз көтерсе, кездесуге келерде әр қызға бір-бір гүлден сыйласаңыз, нұр үстіне нұр болмақ. Гүл алған әйел затының бәрі де гүлдеп сала береді. Сосын сіздің гүл сыйлағаныңызды олар көпке дейін айтып жүретін болады. "Қандай романтик жігіт" деуі де мүмкін.

Ортақ әңгімеге араласыңыз! Әрине, қыздардың тақырыптарына бірден сіңіп кету де оңай емес. Бірақ олар үнемі тек қыздар арасында айтылатын әңгімені ғана талқылай бермейді ғой. Ортақ тақырып кезінде жан-жақты біліміңізді ұштап, білетініңізбен бөлісе отырыңыз.

Ал ендеше, сәттілік!

Сурет: Галия Карри

А. Әбілхан