Спорт – ақыл-ойдың да гимнастикасы

Спорт – ақыл-ойдың да гимнастикасы

Финляндиядағы Ювяскюля университетінің зерттеу тәжірибесінің қорытындысына сүйенсек, жүйелі жүргізілген дене тәрбиесінің жаттығулары миымыздың белсенділігін арттырады екен. Фин ғалымдары: "Спорт – әсіресе, мойын, тұлға, аяқ-қол бұлшықеттерінің қозғалысын, дененің тепе-теңдігін реттеп отыратын артқы мидың (мишықтың) жұмысын екі есеге жақсартады", - дейді.

Сонымен қатар, ғалымдар мұндай өзгерістердің көптеген аурудың алдын алатынын алға тартты. Қандай да бір шешім шығару үшін оны зерттеп, арнайы тәжірибеден өткізу керек қой. Ендеше, фин ғалымдары да бұл болжамға бекерден-бекер келмеген шығар. Олай болса, сіздерге түсінікті болу үшін әңгімені кішкене әріректен бастайық.

Фин ғалымдары тыңғылықты жаттығудың миға нақты әсерін байқау үшін ең бірінші, бір әке, бір анадан туылған 32-36 жас аралығындағы 10 жұп егізді таңдап алады. Не себепті тек егіздер? Себебі, егіздердің қарым-қабілеттері шамалас, ішкі түйсіктерінде үйлесімділік болады. Содан, осы егіздің физикалық белсенділігін анықтау үшін миларын түсіреді. Олардың біріншісі спортқа жақын, екіншісі керісінше еді. Ғалымдар олардың аяқ-қол бұлшықеттерінің қозғалысын бақылайды. Нәтижесінде, жүйелі спортпен шұғылданған азаматтың мишығының көлемі бауырына қарағанда әлдеқайда үлкендеу болған.

Сондай-ақ, ғалымдар егіздерді салыстырғанда, спортпен шұғылданғандарының қан құрамындағы қанттың мөлшері аз болғанын, бұлардың қант диабетіне шалдығу қаупі жоқ екенін де айтқан.

Ғалым айтса, қалып айтпайды. Ендеше, бәріміз салауатты өмір салтын ұстанайық, құрметті оқырман!

Сурет: i0.wp.com/news.bbcimg.co.uk

Е. Жұмабайұлы