Оралбаев Нұрмахан: "Ұлттық ұлан Әскери институты – офицерлік құрам дайындап беруші үлкен мектеп"

Ұлттық ұланда қызмет ету, Ұлттық Ұлан әскери институтына қабылдану әрбір жас үшін арман, құрмет десек қателеспейміз. Ұлттық ұлан сарбаздарының негізгі міндеті – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Елге келген мемлекеттік деңгейдегі делегация, ел ішіндегі түрлі іс-шараларда маңызды рөл ойнайды. Ұлттық ұланның саптық шеберлігі мемлекеттің айбыны саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, жоғары деңгейлі қалыптасудағы еліміздің білім беру мекемелерінің маңызды рөлін айтқан еді. Ұлттық ұлан Әскери институты – бұл тек Ұлттық ұлан үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары үшін офицерлік құрам дайындап беруші үлкен мектеп.  

Осы орайда Массагет порталы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік"  өңірлік қолбасшылығының кадр бөлімі бастығы – Әскери кеңес хатшысы полковник Оралбаев Нұрмахан Бейсенұлымен Ұлттық ұланға үміткерлерді қабылдау аясында әңгіме өрбітті.

– Әскери институтқа оқуға түсуге кімдердің құқығы бар?

– Еліміздегі әскери институтқа оқуға қабылданудың бірнеше шарты бар. Алдымен айтар болсақ әскери қызметті әлі өткізбеген үміткерлердің жасы 17 жас пен 22 жас аралығында болуы керек. Егер үміткер әскери қызметті өтеген болса немесе өтеп жүрген жағдайда олардың жасы 24-ке дейін болуы шарт.  24 жастан асып, келісімшарт бойынша әскери қызметте болса, олардың да біздің әскери инстутқа тапсыруға құқығы бар.

– Әскери оқу мекемесіне қабылдау қалай жүзеге асырылады?

– Ұлттық Ұлан әскери инстутынан оқуға қабылдану үшін үміткер мекенжайы бойынша өтініш жазады, өтініште өмірбаянына қатысты толық деректер (аты-жөні, бар болса тегі, туған жылы, білімі, мамандығы, әскери мекеменің атауы) көрсетілуі керек.

Әскери институтқа азаматтарды қабылдау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнайы оқу мекемесі оқуға қабылдау ережесіне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 77 бұйрығымен бекітілген жоғары білім беру бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Үміткердің әскери инстутқа қабылдану туралы өтініш әскери комиссариятқа 10 шілдеге дейін келуі тиіс. Егер үміткер оқуға қабылданып жатса, өздерімен бірге жеке заттары, спорттық киімі және ақ киімдері болуы қажет.

Ұлттық ұлан әскери институтына қабылдау байқау бойынша 4 кезеңнен тұрады.

– Әскери оқу орнына түсу үшін ҰБТ өткізіледі екен, сол туралы айтып өтсеңіз?

–  ҰБТ екі блоктан тұрады. Біріншісі: өзі оқыған тілінде оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және қазақстан тарихы бойынша тапсыру. Екіншісін үміткер өзі таңдайды. Ол жерде екі пән бойынша ҰБТ болады. ҰБТ бойынша үміткер 50 балдан төмен алмауы керек. Егер ол 50 балдан төмен немесе қандай да бір пәннен 5 балдан төмен жинаса конкурсқа қатыстырылмайды.

Әскери институттың курсанттарының санатынан үміткерлерді қабылдау ЖОО қабылдау комиссиясы конкурстық негізінде оның рейтингісіне сәйкес, ҰБТ балдарын қосқанда жиынтығы және физикалық даярлығы бойынша орташа балымен есептеледі.

– Конкурс кезінде кімдерге жеңілдік бар?

– Иә, конкурс кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Егер үміткерлердің жинаған балы бірдей болып қалатын болса,  жетім балаларға, Әскери дайындық бойынша қосымша бағдарлама бойынша білім алу ұйымның түлегі, қаза болған әскери қызметін өтеу кезінде үс-түссіз жоғалып кеткен, қаза болған немесе әскери қызметін өтеу кезінде мүгедектік алған әскери қызметшінің балалары, "Алтын белгі" белгісімен награталған балалар мен халықаралық олимпиада және конкурстардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.

– Институт офицерлік кадрларды қанша мамандық  бойынша дайындайды?

– Институт әскери қызмет пен қолдау түрлері бойынша жеті мамандық бойынша офицерлерді дайындайды.

1) Ұлттық ұланға тактикалық басшылық;
2) Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарға тактикалық басшылық;
3) Әскелерді инжинерлік-техникалық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық;
4) Әскерді ракета-артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық;
5) Ұлттық ұланды автомобильдік қамтамасыз етуге тактикалық басшылық;
6) Ұлттық ұланды тылмен қамтамасыз етуге тактикалық басшылық;
7) Әскердің команда тактикалық байланысы.

Курсант әскери атақ емес, бұл әскери мамандықты таңдаған адамның ерекше мәртебесі. Болашақ офицерлерді оқыту және тәрбиелеу кезінде біз әскери институттың әрбір курсантына елдің озық студент жастарының атынан шығуға тырысамыз.

Ол үшін институт жеке тұлғаны дамытуға, жоғары адамгершілік және әскери-кәсіби қасиеттерді қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды, қазіргі заман талабына сай оқу, материалдық-техникалық базаны жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

– Бұрын сотталған ата-аналардың балалары әскери институтқа тапсыра ала ма?

– Бұрын сотталған ата-аналардың балалары әскери институтқа тапсыруға толық құқылары бар, ең бастысы оқуға түсердің алдында өмірбаян және сауалнама жазғанда, ол мәліметтерді міндетті түрде көрсету қажет, яғни қашан қай баппен сотталғыны туралы айтуы шарт.

– Еліміздегі коронавирусқа байланысты институтта қандай шаралар көріліп жатыр, қандай шектеулер қойылды?

– Қазіргі күнге жеке құрамның еліміздегі коронавирусқа қарсы бекітілген Ережелерді бұлжытпай орындау   және санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

P.S. 1997 жылы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты құрылды.

Содан бері институттан 3746 офицер түлеп ұшты.  Оның ішінде: мемлекеттік тілде білім алған 869 түлек, орыс тілінде 2877 бітіруші бар. 260 курсант қызыл дипломмен бітірді, оның 45-і "Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін" төс белгісімен марапатталған.

Қызметтік-жауынгерлік және ерекше міндеттерді, әскери қызметтегі ерекшеліктерді орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Ұлттық ұланның 137 жауынгері мемлекеттік наградалармен марапатталған.

2017 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 қаңтар Қазақстан Республикасының "Ұлттық ұланы" күні болып бекітілді.