Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Отан қорғаушылар күні құтты болсын!
Фото: canva.com

Бейбіт елде ғұмыр кешу – бір бақыт. Ел тыныштығын шепте де, сыртта да, ел ішінде де, отбасының жанында отырып-ақ қорғап отырған ер-азаматтардың мерекесі бұл. 

1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Бұдан кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшу үшін қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 

Келесі жылы, яғни, 1992 жылдың 7 мамырында Президент Н.Ә.Назарбаев Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық негізінде, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз қолына алды.Президенттен басқа, қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күніне байланысты, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деп жарияланды.

2012 жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасының Парламенті мейрамдарға арналған заңды қайта қарап, 7 мамырды мемлекеттік мереке деп таныды. Заңға сәйкес, 7 мамыр демалыс күні болып бекітілді. 

Басынан сөз асырмайтын, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, тәуекелден де, жаудан да қорықпайтын батырларымыз аман болсын! Елдің елдігін, ынтымағын, бүтіндігін қорыған Отан қорғаушыларымыз жасасын!

Г. Берік