Жігіттерге Жаңа жылға не сыйлауға болады?

Жігіттерге Жаңа жылға не сыйлауға болады?
Фото: news.ykt.ru

Қыздарға сыйлық таңдау аса қиындық тудыра қоймайды. Өйткені, таңдау да, мүмкіндік те көп. Бірақ жігіттерге сыйлық таңдауға келгенде біраз ойланып қалатынымыз бар. Дегенмен, досыңыздың (әке, жар, жігіт, бауыр) нені жақсы көретінін, хоббиі мен қызығушылығын білсеңіз, сыйлық таңдау да жеңілдей түспек. Бүгін біз жігіттерге Жаңа жылда сыйлауға болатын заттар тізімін ұсынамыз.

Кардхолдер 

Жігіттердің көбі үлкен әмиян ұстағаннан гөрі, негізгі банк карталары мен жеке куәлік салуға арналған жинақы әрі жеңіл кардхолдерді құп көреді. Егер бренді танымал кардхолдерлерді қымбат десеңіз, қазір арнайы есімін не шабыт сыйлайтын сөздерді жазып беретін ерекше картхолдерлер бар. Мұндай сыйлыққа жігіттердің қуанары анық, одан бөлек бұл сыйлық әр қолданған сайын оған сізді еске түсіріп тұрады.

Фитнес білезіктер

Фитнес білезіктер – спортпен шұғылданатындардың нағыз көмекшісі. Құрылғы арқылы олар өз денесі мен денсаулығының жағдайын бақылауда ұстай алады және сағат ретінде қолдана алады. Тек сағат  ролін ғана емес, адамның физикалық белсенділігі, энергия, ұйқы сапасы туралы ақпаратты жинайтын ақылды құрылғы ролін атқарады. Бұл сыйлық та оған пайдалы болары анық.

Эспандер

Эспандер кез келген жерде қолды, білекті шыңдауға арналған шағын құрал. Егер таңдауыңыз осыған түссе, оның болаттан жасалған түрін таңдауға кеңес береміз. Олар тек бұлшықетті жақсы жаттықтырып қана қоймай, біраз жыл қызмет етеді.  

Сертификат

Көлікті кәсіби тазалау орталығы, бір күндік авто не мотоцикл жалдауға, демалыс орнына немесе қызық шеберлік сыныбына арналған сертификаттар да көңілден шығары анық. Өйткені ер азаматтар өмірде пайдаға асатын, артық шығыннан сақтайтын практикалық заттарды бағалайды. 

Жиналмалы мангал

Ер азаматтар – табиғаттағы демалыстың нағыз фанаттары. Сондықтан жиналмалы мангал сыйласаңыз разылығын алуыңыз мүмкін. Оның үстіне мангалда тек кәуәп қана емес, түрлі тағам түрлерін дайындауға болады.

Көлік орындығына арналған жамылғы

Ер азаматтың көлігі болса және көлігіне ерекше күтім жасайтынын аңғарсаңыз, көлік орындығына арналған жамылғы сыйлай аласыз. Егер оның массаж әсері болса, тіпті жақсы. Сонымен бірге жамылғыны тек автокөлік орындығына ғана емес, үйде не кеңседе де пайдалануға болады.

Термос

Егер ер азамат белсенді демалысты жаны сүйсе, термос оның екінші серігі атанары анық. Су мен шайдан бөлек, екінші тағам (сорпа) құйып алуға арналған үлкен термостар да бар.  

Құрылыс құрылғылары

Құрылыс құрылғыларының жиынтығы ешқашан далада қалмайды. Егер таңдауыңыз осыған түссе, оның бірнеше түрі бар екенін ұмытпаңыз:
1. Әмбебап, автокөлікке арналған не арнайы жиынтық – жиі кездесетін түрлері. Көбіне көлік қолданушылары өзімен бірге алып жүреді. 
2. Тұрмыстық жиынтықты қоныс ауыстырған не жас отағасына сыйлауға болады.

Не сыйламаған дұрыс?

Жыл белгісі, түрлі мүсіндер немесе тоңазытқышқа арналған магниттерден аулақ болыңыз. Одан бөлек, ер азаматқа ойыншық сыйлаудың қажеті жоқ.

Көбіне қыздар гигиеналық заттар мен ер адамдарға арналған косметика (қырынуға дейінгі және кейінгі гель, жақпамай) сыйлап жатады. Бірақ қыздар секілді ер адамдар да тұрақты пайдаланатын арнайы бренді мен түрі болады. Сондықтан бұл сыйлықтың пайдаланылмай қалу мүмкіндігі жоғары.

Жаңа жылда ер азамат үшін сыйлықтың өзі емес, оның берілу әдісі маңызды. Арзан зат (сыйлықтың арзаны болмайды) сыйласаңыз да, оны әдемілеп орап, жаныңа ерекше тілек жазылған ашықхат салсаңыз да қуана-қуана қабылдары анық. 

Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алуға тілектеспіз!

Т. Есқали