Чойбалсанның қазақтар жайлы пікірі қандай болды?

Чойбалсан қазақтың салт-дәстүрін, ұлттың ұлы қасиеттерін тізбектеп айтып, қазақтардың негізгі ерекшеліктері жайлы пікір қалдырған. Айтқандарын тілмаштарға түртіп алуын да талап еткен екен. Сонымен, Чойбалсан айтқан қазақтар жайлы 10 пікір. – Қазақ халқы ежелден еңбек сүйген халық. Олар қолға алған ісін тындырмай қоймайды; – Қазақ халқы талапкер, не нәрсені тез үйренеді, тез игереді. Оқуға барған қазақ азаматтары бір-екі жылда моңғол тілі мен жазуын үйреніп, моңғол тілінде оқып білім алып шығып жатыр. Мына отырған Қаби, Жеңісхан, Әжікендер - бұған дәлел; – Қазақ халқы мал шаруашылығын, өнімін жақсы пайдаланып келе жатқан халық. Олар тек малдың сүтімен көп түрлі тағамдар жасайтынын мен көзіммен көрдім; – Қазақ халқы ою-өрнекке, тоқымаға, кестеге шебер екен. Қай үйге барсаң да әшекейлі түскиіз, алаша басқұр тұрады. Бұл – дамыта беретін өнер; – Қазақ халқы – тазалықты мирас етіп келе жатқан халық. Қандай үйге барсаң да қонаққа арналған көрпе-жастық жинаулы тұрады. Үй іштері жинақы, ыдыс аяқтары таза, қол жумай тамақ ішпейді, қолдың майын, суын сүртуге арналған орамал бөлек-бөлек тұрады; – Қазақ халқы – жасқанбайтын батыл, ержүрек халық. Мен қазақтардың өлген адамдарының бейітін көп жерден көрдім. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр; – Қазақ халқы – көп жасайтын халық. Олар темекі тартуды, арақ ішуді әдет етпеген. Тамақты баптап ішеді. Қазақтар біреу-екеу болса да, бие байлап, қымыз ішеді. Қымызды жақсы баптайды; – Жасы үлкенді құрметтеу қазақ халқының жақсы дәстүрінің бірі. Олар қарт адамдарды аттан түсіріп, атын байлайды, есік ашып үйге кіргізеді, төрге отырғызады, тамақты үлкен адамдардан бастап ішеді; – Қазақ халқында аңшылық – кәсіптің бір саласына айналған. Бүркіт салу арқылы көп табыс табады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан кәсіп; – Қазақ – сауықшыл халық. Оларда айтыс, өлең, домбыра тарту, сыбызғы шерту машыққа айналған. Біз мұны жаңа дәуірге сай мейлінше дамытуымыз керек; – Мен қазақ халқының бұл ерекшеліктерін көзіммен көрдім. Мұның бәрі жаңа өмірге сай дамыта беруге болатын жақсы дәстүр екенін естеріңнен шығармаңдар.

Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/ ... nda/51390/