Бауыржан Момышұлы

Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан сияқты халқының ұлдарына байланысты айтылған сөз болар, сірә.
Батырдың өмір жолына көз жүгірте отырып, амалсыз осындай ойға қаласың. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатын бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта, жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке ауаткомның хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек. Осы уақытта біраз жылдар Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жемісті еңбек еткен ол, жақсылап қолға алса, өзінен тәп-тәуір қаржыгердің де шығатынын көрсеткен. Бұдан әрі қарай Баукеңнің өмірі өзінің туа біткен қасиеттерімен байланысты, яғни әскер саласындағы қызметтермен жалғасады. Яғни ол 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Онда жүріп, взвод, рота, командирі полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады. 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысып, әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, оның атақ-даңқы аңызға айналады. Соғыстан соң Баукең Кеңес армиясы Бас штабы жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. Ал 1950-1956 жылдар аралығында әскери академияда сабақ берген және түрлі әскери қызметтерді атқарған. Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен оның соғыс қимылдары жөнінде жазып қалдырған еңбектері мен естеліктері, халық арасында «Бауыржан айтқан екен» деген әңгімелері кейінгі ұрпаққа, өз еліне деген сүйіспеншілік пен махаббатың, ерлік пен елдіктің үлгісі болып қалды. Баукеңнің ерліктері жөнінде осы уақытқа дейін көптеген еңбектер жазылды. Олардың ең танымалдарының бірі белгілі орыс жазушысы Александр Бектің «Арпалыс» («Волоколам шоссесі») повесі. Бұл кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылған. Бауыржан Момышұлы туралы шығармаларды қазақ жазушылары да көп жазды. Ол туралы түсірілген фильмдер де жеткілікті. Ал осыншама көпті көрген, белді қызметтерді атқарып, үлкен марапаттардың, атақтардың иесі атанған танымал тұлғаның өзгелерге айтары, кейінгі ұрпаққа қалдырары аз болмаса керек. Оның соғыстан кейінгі жылдары айналысқан шығармашылық жұмыстары мен жазып қалдырған еңбектері осындай ниеттен туған дүниелер деуге болады. Көрнекті жазушының орыс және қаза тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, көпшіліктің іздеп оқитын кітаптарының біріне айналды. Бұл шығармалардың барлығы да көптеген елдердің тілдеріне аударылып басылды. Осы ретте, «Егемен Қазақстан» газетінде 2008 жылы сәуірдің 4-інде жарияланған Көсемәлі Сәттібайдың «Аңыз бен ақиқат» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік. «...Көзінің тірісінде-ақ өмірі аңызға айналған халқымыздың қаһарман перзенттерінің бірі Бауыржан Момышұлы туралы әлі толық айтылып та, жазылып та біткен жоқ. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Жамбыл облысына орнығып, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі атанғалы бері атқарған көптеген сүбелі еңбектерінің бірін, міне, осы батыр мұрағатындағы сарғайған құжаттарды жинақтап, көптомдық әзірлеуге байланысты жасап жатыр десек, артық айтқандық емес. Бұл үшін ғалым алдымен университет қабырғасынан Бауыржантану ғылыми орталығын ашты.... - Бауыржан Момышұлы, сөз жоқ, батырлығына қаламгерлігі сай тарихи тұлға. Әрине, көзсіз батыр емес, алды-артын ақылмен, оймен барлай білген бірегей берен. Бірақ Баукең айтыпты дегенді көп естігенімізбен, ?Офицер жазбалары?, ?Ұшқан ұя?, ?Мәскеу ұшін шайқас? және сексенінші жылдары жариялана бастаған ?Қанмен жазылған кітабымен? таныс оқырмандар батырдың мұрағатында бұлардан басқа да осыншама мол қазына қалғанын естіп, қуанып отыр. Осыған байланысты өз ой-пікіріңізді білсек деп едік. ? Дұрыс айтасың. Бауыржан Момышұлы ? әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұланғайыр ұлттық рухани мұра қалдырған бірегей қаламгер. Оның қазақ және орыс тілінде жазылған төрт томға жуық шығармалары бүгінде қалың оқырманның игілігіне айналуда. Сондықтан, мен айтып, жазып жүрген 30 томдыққа енетін тың туындылары қайдан және қандай деректер көзінен құралмақ деген сұрағың көкейге қонады. Баукеңнің жаңадан шыққалы отырған көптомдығы негізінен ҚР Орталық архивінде, Мәскеудегі арнайы әскери архивте, облыстық, қалалық архивтерде және ұлы Бақытжан Момышұлының үйінде сақталып келе жатқан, бұрын еш жерде жарияланбаған қолжазбаларынан тұрады. Бұған қоса жеке адамдардың қолында және өзімнің архивімде тұрған санқилы жазба деректер де бар. Бұлардың барлығы батырдың тікелей өз қолымен жазылған. - Сонда бұл құжаттар қай жылдарды қамтиды? ? Бұл Баукеңнің 1928 және 1982 жылдар аралығында хатқа түсірген дүниелері. Яғни, батыр өмірінің 54 жылын қамтиды. - Батыр Баукеңнің 1910 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келгенін ескерсек, сонда қолына 18 жасында қалам алып, ой қаузай бастаған екен-ау. ? Рас, Баукеңнің жазушылық таланты ерте оянған. Оның ?менің әкімдік карьерім ? мансабым ауылдық милиционерден басталды. Бірақ әдебиеттегі жолымды сол кездің өзінде іздей бастадым. Ол заманда біздерде қазақтың сауатты жігіттерін, жаңа өмірді орнатушыларды саусақпен санауға да болатын. Жай жағдайдың ауанына лайық біздердің ағартушы да, баспагер де, әрі жазушы, әрі редактор да болуымыз керек. Бірақ әрқайсысымыз өзімізге әуелден тәңірі тағайындаған істі іздедік?, деп, өзінің маңдайына әскери өмірдің қиындығы мен қызығы бұйырғанын еске алып, тебіренетіні бар. Сұрап қалған екенсің, айтайын, мысалы, Баукеңнің тырнақалды тұңғыш очеркі 1928 жылы Жуалы ауданының (ол кезде Жуалы, Түлкібас, Сайрам ауданы бір) ?Социалистік мал шаруашылығы? деген газетінде ?Тау сағыз бен көк сағыз? деген атпен жарияланды. Осы очеркінің өзінде-ақ Баукеңнің қалам сілтесі, сөз саптауы жұп-жұмыр келіп, келешектегі жазушының табиғи болмысы елес беріп тұрады. Бірде інілік ізетпен: ?Бауке, баспасөзде тұңғыш жарияланған шығармаңыз қандай еді?? деп сұрағанымда, ?уақыт талабына үн қосып жазған шығармасымағым осы очерк болатын? деп айтып еді. - ?Тау сағыз бен көк сағыз? дегені не сонда? ? Бұрын елде резіңке деген бұйым тапшы болған. Сол кезде біздің жақтың басшылары еңбекшілерге бір арнайы шөп өсіртіп, содан резіңке айыратын. Небір замандар өтті ғой қазақтың басынан. Өзің сияқты мен де тұңғыш очеркінің жай-жапсарын Баукеңнен сұрағанымда осылай деп күліп еді. - Бірақ Баукең бір жағынан Кеңес өкіметінің саясатының ықпалы бар, екінші жағынан әскери қызметтің темірдей тәртібі бар, кезінде орыс тілінде өндіре жазған сияқты ма, қалай? ? Иә, бүгінде аса құнды рухани мұраға айналып отырған Баукең жазбаларының басым бөлігі орыс тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Бірақ бұдан ол кісіні тек қана орысша ойлайды екен деген ой туындамауы керек. Айтарының бәрі, сайып келгенде, Алаш пен ұлттың мүддесі, халық рухының еркіндігіне келіп тіреледі. Көркем шығарма болсын, тарихи-деректі дүние болсын, қазақ және орыс тілінде еркін жаза білетін жазушы ол кезде некен-саяқ болса, соның бірі Баукең еді». Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры" атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады.