Жазира Байырбекова: Атаққа ешқандай қызыққан емеспіз

Әдемі әнімен көпшілікке танылып үлгерген белгілі әнші Жазира Байырбекова "Жұлдыз FM" радиосында қонақта болып, ат басын Мasssaget.kz сайтына да бұрды. Жазира мен Жанболат есімімен көпшілікке танылып, өнерімен елді тәнті етіп жүрген әншімізбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

− Шығармашылықтарыңыздағы жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз?

− Осы жылдағы басты жаңалығымыз шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Жақында «Жеті» дуэті көпшілікке де таныстырылады. Бұйыртса осы айдың 13 күні «Жеті» дуэтімен бірге Рудный қаласында концерт қойғалы жатырмыз, ал14 күні Қостанай қаласында концерт қоямыз. Ал өзге қалаларға гострольдік сапарымызды ақпан айынан бастаймыз деген жоспар бар. Тағы бір жаңалық, түсірілгеніне 2 күн ғана болды, жаңа бір бейнебаян түсірдік. Алдымызда жаңа жылға дейін дайын болып қалады.

− «Жеті» тобын не үшін құрдыңыздар? Ондағы мақсат қандай?

− Өзімізде іштей ертеңгі болашақта біздің орнымызды басатын, ары қарай өнерімізді жалғастырып жүретін шәкірттеріміз болса деген кішкене арман болды. Бұл арманды кейін алдымызға мақсат етіп қойып, осы дуэтті құрдық. Дуэттің ән қоржындарында біздікіндей әндер болса деп ойладық, алайда олар бізге мүлде ұқсамайды. Жастарға да, үлкендерге де ортақ әндері бар топ. Топ мүшелерін айтып кетер болсам, Сырым Құрманов пен Әлия Атымтаева есімді жастар. Бұл біздің шәкірт дайындаудағы алқашқы қадамымыз. Бүгінде дуэтте «Соғады жүрек» атты жаңа бір бар.

− Ең алғаш шығармашылықтарыңызды продюсерсіз бастадыңыздар? Қандай қиындықтар кездесті?

− Иә, бізде ешқандай продюсер болған жоқ. Жай ғана әнімізді айтып, жазып бастадық. Алайда осынлай бүгінгідей күнге жетеміз деген ой болған жоқ. Көп еңбектендік. Атаққа ешқандай қызыққан емеспіз. Өз өнерімізді шыңдап, ізденісте жүрдік. Содан міне, азды-көпті халық танып, шәкірт тәрбиелеп отырмыз.

− Қай қалада тұрасыздар? Астанада ма, әлде Алматыда ма?

− Алматыда тұрамыз. Алайда Астанаға жиі барып тұрамыз.

− Ұлдарыңыз Қазыбек те ержетіп қалды. Қандай маман иесі болғысы келеді?

− Қазыбек өте салмақты жігіт. Артық іс-әрекеті де жоқ. Баламыз өнер жолын таңдаған жоқ. Бүгінде заңгер мамандығынмен ҚазҰУ-да оқиды.



− Жанұя бақыты деп нені айтар едіңіз?

− Жанұя бақыты бұл мен үшін отбасындағы тыныштық, жұбайлардың сабырлығы, кез келген іске қанағат ете білуі, бір-біріне деген махаббаты, сыйластығы, жанашырлығы. Қандай жағдай болмасын отбасында кешірімді болу керек. Ал осы айтылғанның бәрін тәрбие көзі ретінде балаларына да үйрете білуі керек.

− «Сен маған сүюді үйреттің» әнінің шығу тарихын айтып кетсеңіз?

− Бұл әннің әнін ағам Ербол Байырбеков шығарған, ал сөзін Ақмарал Леубаева жазды. Осы өлең маған қатты ұнады, осыған бір әдемі ән керек деген едім ағам бір күнде шығарып берді. Шыққаннан соң өзіме ыңғайлап, өңдеп орындап шықтым. Ұзынсонары 4-5 күнде жарыққа шыққан ән.

− Қыз бақыты әні қалай дүниеге келді? Осы әнмен тойларға жиі шақыра ма?

Менің «Қыз ұзату» әнімді Исрайл Сарапбай ағамыз шығарып берген болатын. Театрда бір қойылымда сен осы әнді айтып, қызды ұзатасың деді. Алайда бір әнмен қызды басында алып келіп, соңында қайта тағы осы әнмен қызды ұзатқым келмеді. Сол себепті де осы келесі бір «Қыз бақыты» әнін ағама жаздыртқан болатынмын. Алайда мен сазгер берген әнді сол қалпында айта салмаймын, өз даусыма ыңғайландырып өңдеп аламын. Жасыратыны жоқ, тойларға шығып тұрамыз. Көбіне осы "Қыз ұзату", "Қыз бақыты" әндерімен "Қыз ұзату" тойына шақырып жатады. Осы уақыттқа дейінгі барған қыз ұзату тойын санасам, 150-ге жуық екен.

− Ғаламтордың қоғамға тигізер пайдасы мен зияны жайында не айтасыз?

− Әлеуметтік желінің қоғамда қаншалықты пайдасы болса,соншалықты кері әсері де бар. Кейде сол пайдасынан зиян шегіп те отырмыз. Себебі, кейде күндіз-түні отыратындарды көріп, отбасы, бала-шағасы қайда деген секілді оның өмірін ойлап қоямын. Бұл бір қарағанда жай уақытын зая кетіру де секілді. Жасыратыны жоқ әлеуметтік желілердің тиімділігі – елде болып жатқан жаңалықтарды оқып, жол үстінде де хабардар болып отырамыз. Өз басым әлеуметтік желілерде көп отырмаймын. Тек жолда немесе ерте барып алып күтіп отыратын сәттерде ғана кіремін. Себебі елден келген хаттарды жауапсыз қалдырғым келмейді. Мүмкіндігінше барлығына жауап беруге тырысамын.

− 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай халыққа айтар тілегіңіз?

− Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бұл қаншама жыл армандаған қазағымыздың аманаты. Бұл арман мен аманатты берік сақтап қалайық! Әрдайым елімізде тыныштық болсын! Халқымыздың көңіл-күйі түспесін! Еңбек етейік! Мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік!