Атақты Дина Хамзина жеке концерт береді

Меццо-сопрано ДинаХамзина –қазақстандық табысты опера әншісі, оның сұранысқа ие екенін тығыз жұмыс кестесінен-ақ байқауға болады, солардың бірі «Сырға толы түнгі үнсіздік…» атты романтикаға толы жеке концерті жақын күндері өтеді. Асқақ классиканы сүйер қауымды, әншінің өнеріне бас иетін жандарды 19 желтоқсанда «Астана Опера» театрының Камералық залына шақырамыз.

Әртіс көптеген елдерде гастрольде болып, әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсетті. Кшиштоф Пендерецкий, Гинтарас Ринкявичус, Марко Боэми, Ренат Салауатов сияқты танымал дирижерлермен жұмыс істеген.

Әнші қыркүйекте Қазан қаласына гастрольмен барып келді. Қазан қаласы шындығында ресейдегі «итальяндық операның астанасы» саналады. Қазақстандық әртістің шеберлігін тек тыңдармандар ғана емес, музыка сыншылары да жоғары бағалаған. Мысалы, белгілі «Музыкальная жизнь» басылымының оныншы нөмірінде Дмитрий Морозов: «Дина Хамзина шеберлігі шыңдала түсіпті. Соңғы жылдары тыңдаған Азучендердің ішінен мен оны сенімді түрде бірінші орынға қояр едім», - деп жазады.

Алдағы жеке концерттің бағдарламасында «Ғазизагүл, қарағым-ай», «Тілеуқабақ» сияқты қазақтың халық әндері, атақты қазақ композиторы Қапан Мусиннің «Өткен күз» әні ұсынылады. Сахнада Н.А.Римский-Корсаковтың «Көшкен бұлттар қатары сиреді», «Раушан гүлге сүйсінген бұлбұл»; П.И.Чайковскийдің «Жоқ, тек білген жан ғана», «Боранды күнгі бесік жыры», «Елпек жұлдыздар бізге жарқырайды»; С.В.Рахманиновтың «Күтем сені», «Ұнатып қалдым», «Сырға толы түнгі үнсіздік» романстары және басқа шығармалар орындалады. Фортепиано партиясын орындау үшін еліміздің ең үздік өнерпазы – көптеген халықаралық байқаудың лауреаты және диплом иегері, пианиношы Арман Тілеубергенов шақырылған.

Әнші бір ғана бейнені емес, вокалдық өнермен қатар, табиғи ерекше дарындылықты талап ететін бейнелер галереясынан тұратын жеке концерт бергеннен гөрі, қатарынан бірнеше операны орындаған жеңіл екенін айтады.



– Мен үшін жеке концерт, бұл – үлкен жауапкершілік, қатты уайымдап жүрмін, барлығы жоғары деңгейде өткенін қалаймын. Бағдарламада күрделі номерлер бар, айталық, Р.К.Щедриннің «Тек махаббат емес» операсындағы Варвараның ариясы, Н.Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсынан Любашаның әні. Менің осыған дейінгі жеке концерттерім тақырыптық болғанын айта кетейін, мысалы олардың кейбірінде қазіргі заман композиторларының шығармалары орындалды. «Астана Опера» сахнасында орындалатын бағдарлама ерекше болмақ, өйткені жекелеген шығармалар бірінші рет шырқалады.

Әнші алғаш сахнаға шыққанда шағын партия орындағанын есіне түсіріп,спектакльден кейін дирижер келіп, тамаша шырқағаны үшін құттықтағанын айтты.

– Көрерменнің өнеріме бас игені, нағыз музыканттардың баға бергені – мен үшін зор жетістік. Мен мақтаумен қатар, сынға да ұшырағанымды, соның арқасында алда қандай жұмыс атқаруым керек екенін білетінімді айта кеткім келеді.

Еліктіріп әкететін қоңыр үнді ерекше меццо-сопрано иесі алдағы жоспары жайлы айтқанды ұнатпайды, алайда бізге оның осы концертті Алматы қаласында да бергісі келетіні мәлім. Ал 1 ақпанда дарынды опера әншісін Федор Иванұлы Шаляпин атындағы (Татарстан Республикасы) беделді халықаралық опера фестивалі, содан кейін Голландияға сапар күтіп тұр.

Концерттің басталуы 18:00.