Цойды кім ойнайды

Кирилл Серебренниковтың «Лето» аталатын фильмінің алғашқы кадрлары пайда болған. Аталған байопик «Кино» рок тобының негізін қалаушы Виктор Цой өмірінен сыр шертеді. Ол кезде аты аңызға айналған рок-музыканттың рөлін кім сомдағаны туралы ақпарат құпия қалған болатын. Енді рөл қай актердің еншісіне бұйырғаны белгілі болды.

Сонымен, Виктор Цойды Тео Ю (Teo Yoo) есімді корей актері сомдап шыққан. Ол әлем жұртшылығынан атақты режиссер Ким Ки Дуктың «Бірінен соң бірі» атты картинасы арқылы танымал.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға желісі «рок, махаббат және достық туралы ертегі» мотиві бойынша түсірілген. 1981 жыл. Ленинград. Виктор Цой Алексей Рыбин, Олег Валинский есімді достарымен «Гарин и Гиперболоиды» атты топ құрады. Кейін музыкалық команда атауы «Кино» деп өзгертіледі. Осы оқиғадан кейін Цойдың әндері хитқа айналып, олардың концерттерінде стадиондар лық толатын болады. Ал, апаттан кейін ұлы рокер есімі сквер, көше, тіпті, астероидқа да беріледі. Бірақ, фильм әлі атақтың иісін де сезбеген Цойды көрсетеді. Онда Витяның электричкаларда ән салып жүрген шағы сипатталған.

Картина авторының айтуы бойынша, сюжет музыкант биографиясындағы белгісіз болып келген деректерді де жариялайды екен. Қазір картина постпродакшн деңгейінде, жоспар бойынша биылғы жылдың екінші жартысында көрермен назарына ұсынылмақ.