Айналаңды нұрландыр

Жақында ғана әлемнің ең үздік 300 университеттерінің қатарынан орын тапқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі жоғары сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаумен қатар игі шаралар мен жобаларды бастаушы ретінде де қалың жұртқа аян. Осындай шаралардың бірі – университетіміздің ректоры Ғ.Мұтановтың бастауымен ұйымдастырылған «Айналаңды нұрландыр!» жобасы. Ректорымыз осы жоба туралы: «Нұрландыру» дегеніміз біздің күнделікті өмірдегі мінез-құлқымыздың мейірімді, тура және әділ болуы керектігін білдіреді, кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы» – деген болатын.