Форум Massaget.kz • Просмотр темы - Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Культура

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 13:46

Тіл жазықсыз жазаланды не шара,
Тіл аяусыз жазаланды не шара,
Батып бара жатыр еді құрдымға,
Жан дауыспен тоқтағаны осы ара.

Күші басым асырғанда айласын,
Өзге тілдің көрмек болдық пайдасын.
Бабалардың өліп кеткен аузында,
Сұлу тілім, шәрбәт тілім қайдасың?!

Төле би боп төгілгенде маржаның,
Жалғыз сөзбен шешілетін жанжалың.
Тыңдаушысы қалды ма екен қазақтың,
Басын айтсаң түсінетұғын аржағын?!

Тіл басына түсіп тұрған жайт осы,
Қараңғыда халық күтер Данкосын.
Өз тілінде сөйлегенді қор көрген,
Соқыр, мылқау бауырларды қайтесің!!!

Байбатша Ақтоты
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:20

Қалай өлең жазайын күйінбестен,
Өз елінде өгейдің күйін кешкен.
Ана тілім, кешірші, байғұс ұлтты,
Намыс емес, көкейін тиын тескен.

Қоғамында тұрса да қалыс қалып,
Қазақ ұлты жүрген жоқ намыстанып.
Тіл үшін текетірес күреспестен,
Осылай кетеміз бе орыстанып?

Кей оқыған орысты құп көріп жүр,
Орыс тілді қауымға рух беріп жүр.
«Қазақстандық ұлт» негізін құрайық деп,
Америка арманын құт көріп жүр.

Тіл құрып, түп-тамырым жойылмақ па?
Отанымда сансыз ұлт тойынбақ па?
Тілмен бірге ұлтым да шейіт болып,
Басына сұм құлпытас қойылмақ па ..?

ҚАШҚЫНОВ Ернат Мелсұлы
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:23

Тілім

Тіл болмаса, елдің құны көк тиын,
Ел болмаса, ердің құны көк тиын!
Анам тілі "қарағым"- деп, айтпаса,
Ер боп туып, жер баспағым жоқ мүлдем!

Тіл болмаса, ел болғаннан не пайда?
Ел болмаса, ер болғанан не пайда?
Ақ жаулықты анам тілін ұмытсам,
Жан жүрегім қаңырап бос қалмай ма?

Тіл болмаса, елдің аты кім болад?
Ел болмаса, ердің аты кім болад?
Ана тілім сенен бүгін айырылсам,
Көк түріктің сүйегі де күл болад!

Сақау тілді, жауға азық, қара көз,
Жаның қымбат, тек қазаққа, үлес қос.
Ата - бабаң, кең даланың қожасы,
Ана тілмен "Аттандайық" тізе қос!

Нұртуған
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:24

ТІЛІМ туралы.

Еркелетіп, мейірленген әкемді,
«Құлыным»-деп аялаған әжемді.
Ана тілім мен өзіңнен іздеймін,
Сағым болған ұмытылмас кезімді.

Әкем айтқан ұлағаты өзіңде,
Әлдилеген анашымның сөзі де.
Туған тілім-нағыз досым өмірде,
Сөйлемесең жай таппайды көңіл де.

Туған тілмен ұрандадым «қазақ»-деп,
Елім болды жат-жұрттықтан азат деп.
Желтоқсанда жарқырап алға шыққандар,
Армандады «туған тілім, елім еркін болар»-деп.

Қазақ елі қалыптасты өзіңмен,
Ұлдар өсті тәлім алған сөзіңнен.
Қара көздер ұмытқандай болса егер,
Жан болғаны өз елінен безінген.

Нұртуған
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:25

Қазақ тілі
Қасиетті,құдіретті ана тілім,
Атадан мирас болған қазақ тілім,
Ананың ақ сүтімен қалыптасқан
Ана тілім, баба тілім, қазақ тілім!

Кей адамдар өзге тілге үңіледі,
Сөйлейтіндер аралас көп қазірде,
Туған тілден безетін сорақылар,
Амал не, шұбарлайды туған тілді.

Ана тілде тұрпайы сөйлейді ғой,
Төл тілінде сөйлеуден безеді ғой,
Ақ сүт беріп асыраған анасын да,
Әй, жәндіктер, ұмытуға дайын тұр ғой.

Қазақ халқы ежелден шешен едің,
Тіл өнерін жетік білген халық едің,
Тіл өнерін басқа өнерден кем санамай,
"Өнер алды-қызыл тіл"-деуші едің.

Қазақта бар,
Тіл өнерінің, небір, әсем көркемі,
Орасан көп тіл байлықтары,
Соларды игерейік, ей, халайық,
Халықтың тіл байлығын мұра қылып,
Ардақтайық құдыретті ана тілді.

ХАСЕНОВА АЗИЗА
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:28

Қазақ тілім – мұңым менің


Қазақ тілім - халқымның түп діңгегі,
Тарихпен бірге өскен, боп тірегі,
«Тілсіз ел – арсыз адам сыңды екен»,
Деп ата-бабаларым айтпас тегі.

Сол сөзге ой жүгіртсем кей кездері,
Жүрегім мұңлы соғад, өлген сыңды.
Қазіргі жағдайымыз өте қиын,
Өз елім өз тілінен мәңгүрттенді.

Бұл елде шалалар көп, білімді де,
Сол білімді, үйренсейші өз тіліңді.
Бабадан үлкен мұра бұл – тіліміз,
Әй, қазақ, өз тіліңде сөйлесеңші.

Жапония держава үлкен болашақтың,
Болары бар қожайыны ол жаһанның.
Сол Жапония сөйлеп жүр ғой өз тілінде,
Мықты дәстүр, ғылымы мен білімі де.

Біз неге бірлігі жоқ, сылбыр халық?
Жиналамыз, той болса тек, ырық-жырық.
Тұрғанда төл тілімнің мәселесі,
Аққу, шортан һәм шаян боп шетке тарттық.

Қарттарым бар жесем, ішсем, кисем деген,
Жастарым бар айтсам, білсем, көрсем деген,
Бірақ-та керек емес оларға тіл,
Арсыздар соқтырады жүректі дір!!!

Білмейді, олар тілсіз ұлт атанбас,
Болмас еді жеріміз, мемлекет жас,
Бәрі де шайтан суды ішкен сыңды,
Ойланбайды бірі тұрып, бүкіл ел – мас!!!

Көп айттық тіл жайында, мұңын, зарын,
Бірақ-та бітпес керек бұнымен сарын,
Қол қусырып, ауыз тола сөйлегенде,
Ештеңе өзгермейді – бұл да шындық,
Сондықтан бір ауыздан, бүкіл халық,
Мәселені шешейік анық-қанық:

Көп емес, бар бұл елде зиялылар,
Табылар беделді де қариялар,
Бастаса міне осылар уағыздауды,
Сөз түзелсе, ел түзелер деген де бар.

Бастасақ жанұядан, жора-жолдас,
Артынша аға-іні, құрбы-құрдас,
Ана тілде сөйлеуді қолға алып,
Жұдырықтай бәріміз бір жұмылсақ,
Іште намыс, жүректе иман болып,
Нәтиже болар еді-ау шын қамдансақ.

Маханбет Жолаушиев
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:30

Тіл

Өлісі бар, тілдің де тірісі бар
Тілім өлсе - ақырдың күні шығар...
Сүйіп тұрып бас тартқам сұрша қыздан
Болмасын деп баламның тілі шұбар!

Әбден өліп етіміз жат қорлыққа
Кең пейіл де ,болғанбыз ақ қолтық та.
Бас кесетін замандар артта қалып,
«Тіл кесетін» заманға тап болдық па?

Өзің де тұл, өтпесе сөзің де тұл
Жетім бала есіктің көзінде тұр...
Хан бетіне айыбын қарып басқан
Қандай еді Бұқардың кезінде тіл!

Қорынбастан, бұқпастан, қорықпастан
Хан бетіне айыбын қарып басқан -
«Балық бастан шіриді» деген сөзді
Долы желі даланың алып қашқан...

Менің жаным - мен жазған өлеңдерде
Тағы айғайлап айтамын кереңдерге.
Мен туғанда қуанған осы тілде
Осы тілде жылайды мен өлгенде!!!

Әбубәкір Смайылов
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:34

Тілім менің

Бодандықтың түндігі түрілгелі
Елімізге азат күн күлімдеді.
Мемлекеттік мәртебе болса дағы
Мүсәпір күй кешуде тілім менің.

Елбасы болжау жасап күні ілгері,
"Жастарға ең керегі- білім" деді.
Білімді бойға жинап сол жастардың
Абыройы болсыншы тілім менің!

Өзге ұлттардың артында қалмау үшін
Тілге керек халықтың қолдауы шын.
Жүрегі "қазақпын" деп соққан жанның
Болу керек ана тілі- ар-намысы!

Көбейсе ана тілдің жанашыры
Жарқырар еді тілімнің бар асылы.
Биылғы Тіл жылынан бастау алып,
Кетсе деймін тілімнің бағы ашылып.

Абдешев Ильяс
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:37

Мәңгүрттенбеу марсельезасы

Қазақ ұлты мың сүрініп, мың жығылып, мың тұрған,
Даңқыңды ешкім бүркей алмас ізгілікке ұмтылған.
Жомарттығың сорға айналып, туып өскен жеріңде,
Ана тілің шетте қалды, орын жетпей төріңде.

Өз тілінде сөйлей алмай қазақтың тең жарымы,
Амалсыздан басқа ананы «өз анам» деп таныды.
Талай басшы жүргеннен соң ұлтсыздыққа қорған боп,
Қазақ тілі әлі күнге тәуелсіздік алған жоқ.

Мәңгүрттенген құлдық сезім неге қолдау табады,
Мұны бізге кешіре ме келер ұрпақ саналы?
Өз анасын сүйе алмаудың қасіреті болады
Тілің кетсе, ұлтың өліп, қарның ғана қалады.

Тарихың тұр санаңа өткел тастап
Өз тіліңде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап,
Бүкіл баба рухымен
Ұлттық, гендік-ақпараттық байланысың кесілер.
Тағдырыңнан ата-мұра шамын солай өшірер...
Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбеудің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол – рухи мүгедектік әрі ұлттық сатқындық!
Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің алдаса?..
Мейлі он тіл, тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса
Өз ұлтыңның тілі мен рухы
Ой санаңа іргетас боп қалмаса!
(«Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасынан»)

Мұхтар Шаханов
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

Re: Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

Хабарлама Атақ пен Шатақ » 20 қыркүйек 2013, 14:39

..Ана тілден жүректер от алуда,
Мұрасы өшіп,батпасын Ата мұңға.
Тілін сатқан сатқындық,опасыздық,
Сатар оңай халқын да,Отанын да!

Ана тілмен игеріп қаншама өнер,
Сол тілменен рухым шапақ төгер.
Ұлт тілімді құрметте ең алдымен,
Мені Ел деп елейтін болсаң егер!
1986.

* * *

Пір тұтатын әулием, ана тіл-ау,
Ана тіл-ау, ұшатын қанатым-ау,
Жүйріктейін қан түскен аяғына,
Жүдеу тартып күн сайын барасың- ау!

Жаутаң-жаутаң етесің есіл тілім,
Есіл тілім, барады не боп күнің?
Жарқ-жұрқ еткен жалынды мынау шақта,
Неге бәсең шығады сенің үнің?

Сенің күйің болсада еліңе сын,
Мінбелерден тым сирек көрінесің.
Есіктегі кірмелі құл емессің,
Шықпай жүрсің неге сен төріңе шын?

Заманың сай болсада құты басым,
Бүйте берсең тозғындап жұтыласың.
Кеңсе, іс-қағаз тілінде сөйлей алмай,
Жиындарда ресіми «тұтығасың».

Қалмасаң да дамыстың еш көшінен,
Зәбір жасап кімменен шектесіп ең?
Өз үйіңде кім сені өгейсітіп,
Кім шеттетті сабақтың кестесінен?

Бақытқа мас бабамның кей «шешегі»,
Сеніменен тілмаш сап сөйлеседі.
«Жалғыз белден аспайды» деп мұқатып,
Қолын сілтеп: «Әй оны қой» деседі.

Бір бел емес, білсең сен Айда жүрсің,
Бағаңды біл, бағыңды байлап жүрсің,
«Негізгі заң» ұсынған еркің қайда,
Сыбағаңнан құрғалып қайда жүрсің?

Ұрпақтардан-ұрпаққа жалғасулы,
Артқа тастап келіп ең сан ғасырды.
Кім шектеді еркіңді мұжықсынып,
Көрсет кәне, көзіме алда шыңды!

Ана тілім, сен үшін өлімдімін,
Сенің күнің-емес пе менің күнім.
Халқым өшіп кетпесе бұл тарихтан,
Сен де өлмессің дегенге сенімдімін!

Кәкей Жаңжұңұлы
Атақ пен Шатақ
 
Хабарлама: 926
Тіркелді: 09 ақпан 2012, 23:36

  

Оралу: Мәдениет

Конференцияны кім көріп отыр

Қазір бұл форумды көріп отырған: тіркелмеген қолданушы жоқ және қонақтар: 1