Күтінбейтін кісінің белгілері

Кез келген кісі сұлу бола алады. Тек оған бірнеше минут бөлсе жеткілікті. Өз-өзін құрметтейтін, сыртқы келбетіне күтім жасайтын адам бір көргенде білініп тұрады. Ал күтім көрмеген бейне белгілері қандай?

Шаш ұшталуы. Қыз-келіншектердің басты мәселелерінің бірі — шаш ұшталуы және оны өсіру. "Шашымды өсіріп жүрмін" деп бірнеше жыл бойы шаштараз көрмеген қыздар кездеседі. Ал олар шаш ұшын неғұрлым жиі қиса, соғұрлым тез өсетінін біле ме екен?

Боялған шаштың түбі өсіп кету. Қыздар бірі мәжбүрлікпен, бірі қызыққұмарлықпен шашын өзге түске бояйды. Одан соң, бітті. Шашқа кем дегенде әр ай сайын жаңа бояу жағып отыру керек. Шаш үнемі өсу үдерісінде болатындықтан, бояудың түбінен шыққан жаңа шаштың табиғи түсі адамды күтінбейтін етіп көрсетеді. Уақыт пен ақша үнемдегісі келетін адам шашының табиғи түсін бағалағаны абзал.

Кеберсіген ерін. Кез келген арудың сөмкесінен ерінге арналған бальзам не гигиеналық далап табылуы тиіс. Әсіресе күн суық кездері лас ауадан, желден, ауызбен дем алғаннан ерін құрғап, кеуіп қалады. Мұндай кезде гигиеналық далап жағу кеш болады. Әр істің алдын алудан абзалы жоқ. Ерін жарылмай тұрып бальзам, далап, гель секілді нәрселерді күнделікті қолданып, ерінді жұмсақ, ылғалды күйде ұстаған дұрыс.

Тырнақ бояуының шеті бұзылу. Қазір тырнаққа жағатын лактар сапасы нашар ма, басқа ма, белгісіз. Қымбат брендті фирмадан алған лактың өзіне сенім жоқ. Сәл оғаш қимыл жасасаң, қабыршақтанып түсіп не шеті сырылып кетуі әбден мүмкін. Маңызды жиындарға барғанда тырнақ лагын өзіңізбен ала жүріңіз. Әйтпесе, маникюр сәл бұзылса, өзін күтпейтін кісі ретінде көрінесіз.

Тырнақ айналасындағы ет өсуі. Тырнақ айналасына артық еттер өсіп кетсе, қолдың сәнін кетіреді. Қыздың ең нәзік көрінетін, тартымды мүшесінің бірі — қол. Ұсақ-түйекке назар аударатын адам шамалы деген өте жаңсақ пікір. Адамның жалпы образы сол майда-шүйдеден құралады.

Тері мәселесі. Жейтін азығыңызға көңіл бөліп, безеу мен бөртпе шығу себебін анықтап, онымен бірден күрескен жөн. Таза әрі тегіс тері кәсіби жасалған макияждан да әдемі көрінеді.