Форум Massaget.kz • Просмотр темы - Қарғалы көмбесі

Қарғалы көмбесі

Мой Казахстан

Қарғалы көмбесі

Хабарлама Жас Исакаев » 03 қаңтар 2016, 12:22

Қазақ даласының әр пұшпағынан өткен күндердің белгісіндей табиғи жәдігерлер мен қорғандар, көмбелер жиі кездеседі. Бар жұмбағын ішіне бүгіп жатқан кесенелер мен тасқа қашалып салынған таңбалар, балбалтастар, ежелгі қалалардың орындары әлі талай зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Өйткені біздің халықтың тарихи болмысы, тұрмыс-салтының, әдет-ғұрпының, мәдениеті мен өнерінің қайталанбас белгілері солардан табылады.

Сондай құнды мұралардың бірі кезінде Алматыға жақын жердегі Қарғалы тауының қойнауынан ұшырасқан. Одан алынған көне заманғы алтын бұйымдар ежелгі үйсіндердің зергерлік өнерін айқын сипаттайды. Үйсін дәуірінде өнер туындыларының қалай өркендегенін паш ететін дүниелер осы Қарғалы көмбесінен көп кездесті. 1939 жылы ашылған мұралар қоймасы халықтың ою өнерінің даму жолында ерекше орын алатын географиялық мотивтерге бай. Ол көбінесе көркем оймыш, батырып сызу және инкрустация техникасымен жасалған. Қолөнер құралдарының алуан түрлерін пайдалана отырып, үйсін шеберлері бейнелеу өнерінің барлық белгілі тәсілдері мен техникасын жақсы игерді. Қарғалы ескерткіштері бұған еш күдік келтірмейді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей үйсін шеберлері өзге қолөнер түрлеріне қарағанда соғу, қақтау, бастыру, тасқа, ағашқа ою түсіру, темірді илеп, өрнектеу техникасын жақсы білген.

Негізі Қарғалы көмбесіндегі Мыңошақ қорғанынан табылған үйсін әйелінің бай киімін құрайтын 300-ден астам алтын зат. Ол полихромдық стильдің көне ескерткіштеріне жатады. Егер көз жіберіп қарасақ, жүрек тәрізді, үшбұрышты, дөңгелек әшекейлер, сонымен бірге перуза қойылған және бүршіктелген таутеке тәрізді әшекейлер, тышқан бейнеленген салпыншақты сырға және түйе бейнеленген жүзіктер бар. Алтын бұйымдардың ішінде құсмүсінді салпыншақ әсемдігімен ерекшеленеді. Құстың қанаты, құйрығы және басы әшекей тастармен көркемделген. Салпыншақтың орьасында ұя бар.

Қарғалы көмбесінен алтыннан қақталып жасалған, алуани өрнекпен әсемделген бұйымдармен қатар қыш ыдыстар, жапырақ тәрізді қола пышақтар, дән үккіштер табылды. Алтын және бағалы металдар мемлекеттік музейінің экспозициясында сақтаулы бірнеше Қарғалы жәдігерлеріне тоқтала кетелік

Түйе бейнесі нақышталған жүзік - сары түсті металдан құйма және қалыптау техникасы арқылы жасалған. Ол екі бөліктен тұрады. Бетінде қосөркешті түйе бейнеленген, көзі, алдыңғы, артқы аяқтары перузамен безендірілген.

Жапырақ тәрізді шытыра - сары түсті металдан, қалыптау техникасында жасалған. Жиектері иректелген, ортасында үшбұрышты және қошқар мүйізді өрнек ойылған.

Таутеке бейнеленген шытыра - сары түсті металдан, қалыптау техникасында жасалған. Мүйізі, құлағы, аяғы анық бейнеленген.

Дөңгелек әшекейлі шытыра - сары түсті металдан, қалыптау техникасында жасалған.

Бүгінде еліміздің мақтанышына айналған құнды жәдігерлеріміз - Алтын адам және оның әшекейлері, Жалаулы, Шілікті, Мыңшұңқыр көмбелерінен табылған бұйымдар Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайында сақтаулы. Тарихымызбен тамырлас жәдігерлер ұлттық мәдениетімізге қызмет етуде.
Жас Исакаев
 
Хабарлама: 1529
Тіркелді: 12 желтоқсан 2014, 13:09

Оралу: Менің Қазақстаным

Конференцияны кім көріп отыр

Қазір бұл форумды көріп отырған: тіркелмеген қолданушы жоқ және қонақтар: 1