Астанада отандық аяқ киім тігетін цех ашылмақ

Кәсібін 7 жыл бұрын бастаған жас кәсіпкер Самғау Нәсіпхан мемлекеттің қолдауымен субсидия алған. Аяқ киім нарығын ұзақ уақыт бойы зерттеген ол халық арасында танымал «Арлан» ұлттық брендін қалыптастырып отыр. 2017 жылы шебер өз өнімдерін EXPO көрмесінің қонақтарына ұсынбақ. Самғау Нәсіпхан аяқ киім тігумен 19 жасынан айналысқан. Қытай елінен келген қандасымыз Шығыс Қазақстан өңірінде отбасымен бірге шағын шеберхана ашты. Кейін «Даму» қорынан несие алып, кәсібін одан ары дамытуға мүмкіндік алды. Самғау Нәсіпхан, кәсіпкер: - Мен Отаным маған не береді деп емес, мен Отаныма не бере аламын деп келдім. Атадан балаға қалған шеберлігімізді жалғастырып, сол өнерімізді етік тігу кәсібімізді бастадық. Осы заманға лайық деп істеу керек болды. Басында нарыққа бейімделу қиын болды. Ай сайын Самғау қол астындағы шеберлерімен бірге 100 аяқ киім тігіп шығарады. Әр етіктің құны 5 мыңнан басталады. Кәсіпкер жеке тапсырыстар бойынша да жұмыс жасайды. Шебер әр клиентінің көңілінен шығуға тырысады. Самғау Нәсіпхан, кәсіпкер: - Президентіміз Жолдауында айтып кеткендей, отандық өнімнің 4 қасиеті болу керек. Біріншіден, әдемі, ыңғайлы қолжетімді болу керек деген. Сол көрсеткіштерге сай болуымыз керек. Соған жұмыс жасап жатырмыз. Еуразиялық экономикалық одаққа кірейін деп отырмыз. Елдегі жастармен бәсекеге түсу үшін осындай жұмыстарды бастасақ, біздің отандық өніміміз дамып ертең шетелдерге шығып жатса, керемет болатын еді. Шебер, аяқ киім тігумен қатар менеджмент ісін де игеруге талпынып жүр. Жас кәсіпкер заман талабына сай өзінің сайтын әзірлеп жатыр. Яғни келешекте оның қолынан шыққан өнімдер сайт арқылы да сатылады деген сөз. Сондай-ақ жас бизнесмен Астанада ашылатын жаңа цех жанында шеберлік курстарын өткізбек. Сол арқылы қолынан іс келетін дарынды жастарды іріктеп, тұрақты жұмыспен қамтымақ. Ал 2017 жылы Самғау өз өнімін EXPO көрмесіне келетін қонақтарға ұсынуды көздеп отыр.