Алматыда қалың тұман салдарынан әуе рейстері тоқтатылды

Алматыда қалың тұман салдарынан 9 әуе рейсі кешігіп, 16 рейс тоқтатылды. Бұл туралы халықаралық әуежайдың онлайн-таблосында көрсетілген.

Атап айтқанда, Алматыдан Бішкекке, Үрімжіге ұшатын рейстер кешігіп жатыр. Ақтөбе, Орал, Астанаға (3), Үрімжі, Джебель Али, Хошимин, Минскіге ұшатын рейстер тоқтатылды.

Оңтүстік астанаға Қызылордадан, Лондон, Үрімжі, Франкфурт, Бейжің, Бангкок, Дубайдан келетін ұшақтар кешігіп жатыр. Астана, Ақтау, Оралдан ұшақтар кешігіп жеткендіктен, ұшу кестесі өзгерген.

Сондай-ақ, Алматы-Астана, Алматы-Орал, Алматы-Үрімжі (2), Алматы-Бейжің, Алматы-Хошимин рейстері кейінге шегерілді. Жолаушылар 30 минуттан 6-7 сағатқа дейін күтуге мәжбүр.

Айта кету керек, қалада 7 желтоқсаннан бастап қалың тұман сейілмей тұр. Ауа температурасы түнде -3 -5 болса, күндіз 5,7 градус жылы.