Француздар Париж көшелерінде құлпынай өсіруде

Француз кәсіпкерлері Париж көшелерінде құлпынайды құлпыртып тұрып өсіруге болатынын дәлелдеді. Шаһардағы бір даңғылдың бойына ағаштан жасалған жәшікке ұқсас жылыжай орнатқан олар күніне 60 себет жеміс жинайды екен. Экологиятық таза, табиғи құлпынайды қала көшелерінде өсіруге бола ма деген сұрақ қойсаңыз, француз іскерлері «әрине» деп жауап берері хақ. Себебі олар Париждің қақ ортасынан өте үнемді әрі пайдалы жылыжай орнатып, осы істі кәсіп қылған. Сырттай қарағанда ағаш жәшікке ұқсас бұл контейнердің ішінде көп адам сүйсініп жейтін жеміс өсіп тұр дегенге сене қоймайсыз. Тіпті жоба авторлары алынған өнімнің ешқандай химиялық қоспасы жоқ табиғи екеніне сендіреді. Гильеме Фурдиньер, жоба авторларының бірі: - Қазір дүкендерде сатылатын жемістердің ешқандай дәмі жоқ. Барлығы өзінің табиғи тәттілігінен айырылған. Францияға қажетті жемістің 75%-ы шетелдерден келеді. Сондықтан біз қаланың қақ ортасында жергілікті құлпынай өсіруді қаладық. Ерекше жылыжайдың аумағы 24 шаршы метр. Ал үнемдеу үшін жемістердің өсу қатары тігінен қойылған. Қала ішінде қолдан жасалған мұндай егін алқабынан жылына 7 тонна құлпынай алуға болады екен. Гильеме Фурдиньер, Agricool жоба авторларының бірі: - Олар алыс жақтан әкелінбегендіктен, жолда ұрылмаған, балғын күйде болады. Оған қоса кәдімгі егін алқабымен салыстырғанда жылыжайда суды 95%-ға үнемдейміз. Компания сайты арқылы көпті таң-тамаша қылған жергілікті құлпынайға бүгіннің өзінде 1500 адам тапсырыс беріп үлгерген.