Ескендірдің қос мүйізі

Ертеде Ескендір деген патша болыпты. Ескендірдің екі шекесінде жаңа бұлтиып шығып келе жатқан жас лақтың мүйізіндей мүйізі болады екен. Ескендір оны елде жасырады екен. Сондықтан шашын аузы берік деген ең сенімді адамға алдырады екен. Ескендірдің шашын алған адам көргенімді ешкімге айтпаймын деп ант беретін болыпты. Антын бұзғанның басы алынады екен.

Бұл сыр бір шаштараздың ішіне сыймапты. Бірақ бұл құпияны адамға айтуға болмайды. Сондықтан ол ешбір адам жоқ айдалаға барып, қалың шидің ішіне тоқтапты. Сол жерге жата қалып: «Ескендірдің мүйізі бар! Ескендірдің мүйізі бар!» - деп арлы-берлі аунап, айғайлай беріпті. Сөйтіп ішін босатыпты. Ешбір жан жоқ иен даладане айтқанымды кім естиді деп ойлапты.

Шаштараз сөйтіп ішін босатып, үйіне қайтыпты. Қайтып келе жатқанда жел соғыпты. Жел қозғаған шилер «Ескендірдің басында мүйізі бар!» - деп шулап қоя беріпті. Жел оны жолындағы тал, терек, қамыс, қарағайға жайыпты. Оны естіген жусан, селеу, тарлау, бетеге – бәрі бір-біріне бас изесіп, «Ескендірдің басында мүйізі бар!» - деп сарнай жөнеліпті.

Ескендір патшаның құпия сыры осылай әшкере болыпты.

Не түйдіңіз?