Президенттердің сүйікті сөздері

«Мақал – сөздің мәйегі» деп тектен-текке айтылмаса керек. Әлем саясаткерлері, оның ішінде, әсіресе, ел басқарып отырған президенттер мен премьер-министрлердің өз сөздерінде халық даналығына жиі арқа сүйеуі де содан болар. Шешен сөйлеп, салмақты ой айтқан Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилльдің сөзге шебер болғанын барша жұрт білсе де, оның сөз саптау мәнері үшін кезінде Нобель сыйлығын алғанын екінің бірі біле бермейді. Басында халық даналығына сүйенген ол, кейін келе, өзі біраз афоризмдердің авторы атанды. Уинстон Черчилльдің «Пессимист әрбір мүмкіндіктен қиындық көрсе, оптимист әрбір қиындықтан мүмкіндік көреді» деген сөзі күллі әлемге ағылшын мақалындай жайылған. Біздің елге келсек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев та өз Жолдауларында, халықпен кездесулері мен сұхбаттарында қазақ мақал-мәтелдерімен қатар, Шығыс пен Батыс нақылдарын жиі қолданады. Сонымен, қазақ Президенті мен өзге де әлем елдері басшыларының сүйікті мақал-мәтелдері мен афоризмдері қандай?

Мақалдап сөйлеп, халыққа ой тастайды…

Жалпы, қазақ Президентінің сүйікті мақалдарының санатына ауызбіршілік, ынтымақ, елдік пен тәрбие, отансүйгіштік та­қырыбындағы сөздер көбірек кіретін сияқты. Олай дейтініміз, Елбасының халыққа арналған жыл сайынғы Жолдауларында осы тақырыптарды қамтитын халық даналығынан үзінділер беріліп отырады. Мәселен, таяуда жария етілген «Қа­зақ­стан-2050» стратегиясында Президент қазақтың бірнеше мақалын қолданды: Біріншісі – «Қыздың жолы жіңішке». Осы сөзді айта келе, Президент: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз» деген еді. Екіншісі – «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бұл бала тәрбиесінің ата-ана үшін ортақ міндет екенін айғақтау үшін айтылған сөз. Үшіншісі – «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Тағы бірі – «Отан оттан да ыстық» мақалы. Бірлік-ынты­мақ демекші, байқауымызша, Президенттің жыл сайынғы әрбір Жолдауы ауызбіршілікке үндейтін мақал-мәтелмен аяқ­талады. Мәселен, соңғы 4-5 Жолдауға тоқталсақ, Прези­денттің «Игілік басы – ынты­мақ» (2012 жылғы, 27 қаңтардағы Жолдау), «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады», «Бақ бе­рерде елге ырыс қонады, ұс­тан­ған жолы дұрыс болады», (28 қаңтар, 2011 ж.), «Ынтымақты елде бақ тұрар» (29 қаңтар, 2010 ж.), «Саусақ бірікпей, ине ілік­пейді» (6 наурыз, 2009 ж.) де­гендей мақал-мәтелдердің сөз соңында қолданылғанын бай­қайсыз.

Бірақ Президенттің ең көп мақал-мәтелдер мен афо­ризм­дер қолданған Жолдауы – «Қа­зақстан-2030 стратегиясы» деуге негіз бар. 7 мерзімді ба­сым­дықты айқындаған Жол­дауда бас-аяғы 20 мақал-мәтел, афоризм мен ұлағатты сөздер қолданылған. Оның алтауы – қазақ мақал-мәтелдері, атап айтсақ, «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ», «Сақтықта қорлық жоқ», «Тар­шылықты көрмеген кең­шілік­тің парқын білмейді», «Тазалық – саулық негізі, саулық – бай­лық негізі», «Шапшаң жүргенге шаң жұқпас» және Төле бидің «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ» деген сөзі. Сондай-ақ айтулы Жол­дауда Вергилий, Гейне, Со­ломон, Шекспир, Франклин, Фирдоуси, Сервантес, т.б. Ба­тыс пен шығыс ғұлама­ларының сөздері келтіріледі. Оның ішін­де Гейненің «Әр дәуірдің өз міндеттері бар», Соломонның «Бастығы көп ел заңнан таяды», Франклиннің «Бүгінгі бір күн ертеңгі екі күнге татиды», Боу­видің «Күштімін деген сенімнің өзінде күш бар», Сервантестің «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны ұқсата білуде», т.б. дана сөздер ұран сияқты қоғам­ға тасталған еді. Кім білсін, бұл ұлағатты сөздердің де бір септігі тиді ме, әйтеуір, «2030 – стра­те­гиясында» айтылған бүкіл мақ­сат-міндеттерді атқарып, өзі­мізді толықтай «Қазақ мем­­­лекеті» деп атаумен қатар, «Мәңгілік ел» болатын 2050 стратегиясына бет алып бара­мыз. Тағы бір айта кетерлігі, егерде Президент 2030 жылға бағытталған стратегияда «Біз бүгін қай жерде тұрмыз?» деген сұрақ төңірегінде толғанса, 2050-стратегиясында «Қайда бет алдық?», «Біз қайда бара­мыз?» сияқты сауалдарды қойып, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру қажет­тігін баса айтады.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ президентіне негізінен, бірлік пен ынтымаққа үндейтін мақал-мәтелдер жақын. Сон­дай-ақ Президент еңбек тақы­рыбындағы ұлағатты сөздерді де жиі қолданады. Әсіресе, ел есінде жүретіні – «Көз қорқақ, қол батыр» нақылы.

Обама, Путин, Лукашенко не дейді?

Ресей баспасөзі «еуропалық­тардың Владимир Путинді «Жаңа Черчилль» деп атайты­нын жарыса жазып жатқан заманда орыс журналистердің өздері кейде бұл кісінің афо­ризмдерді біршама өзгертіп, түпнұсқада айтудың орнына, бұрмалап жеткізетінін жасыр­майды. Мәселен, бірде Путин римдіктердің «Сен ашулысың ба, онда сенікі дұрыс емес» де­ген нақылын біршама «редак­циялап» айтып қалған дейді. Ре­сей президентінің жиі қол­данатын мақал-мәтелдеріне «Пусть жену свою учить щи ва­рить», «Все эти 8 лет я пахал как раб на галерах, с утра до ночи», «Не говори гоп, пока не переп­рыгнешь», т.б. жатады. Ел аузы­на тарап кеткен Путиннің бір сөзі мынау: «Мен Буштың ран­чосында түнегенімде қатты толқыдым. Оның өзі бұрынғы тыңшыны өз үйіне жіберген соң не боларын ойлануы керек еді. Бірақ Буштың өзі де ЦРУ-дың бұрынғы басшысының баласы ғой. Сондықтан біз бір отба­сын­дай болдық». Болашақта Владимир Путин Омар Хайям­нан да үзінділер келтіретін шығар, себебі журналистермен өткен бір кездесуінде дәл осы парсы философының еңбек­терін оқып жатқанын жеткізген еді.

АҚШ президенті Барак Оба­маны ұлағатты сөздер мен мақал-мәтелдерге жиі жүгінетін саясаткерге жатқызуға бол­май­ды. Бірақ бұл бүгінгі Батыс сая­саткерлерінің бәріне тән нәрсе. Елдің есінде қалғаны, Барак Обаманың Ресей – АҚШ іс­керлерінің саммитінде орыстың жеміс-жидектерге қатысты айтылған мақалы еді. Өз ке­зегінде президент: «Орыс ті­лінде мынандай мақал бар: әр жеміс-жидек өз уақытында пі­сіп-жетіледі», (Әр нәрсе өз уа­қыт-сәтімен авт.) деген еді. Ал күллі әлемге тараған Каир­дегі баяндамасында ол бұрынғы мем­лекет басшысы Томас Джеф­ферсонның: «Біздің кү­шімізбен бірге біздің дана­лығымыз да арта түседі деп се­немін, ол бізге білек күшін аз қол­данған сайын даныш­пан­дығымыздың артатынын үндеуі тиіс» деген ұлағатты сөзін айтып, барша мұсылмандардың ризашылығына бөленген еді. Барак Обаманың өзі де кейде байқамай ұлағатты сөз айтып қалады. Каирдегі баяндама­сын­да ол: «Мен Батыстағы кей­бір азаматтардың өзінің ша­шын орамалмен жапқан әйелдің өз теңдігінен айыры­лады деген көзқарасымен келіспеймін, бірақ әйелді білімнен қол үздіру – тең құқықтардан айыру» деген еді.

Беларусь президенті Алек­сандр Лукашенко қытай рефор­маторы Дэн Сяопиннің «мы­сық­тар» туралы мақалын ерек­ше жақсы көреді. Болмаса, бұл нақылды 2003 жылдан бері бір емес, 6 рет қайталай ма? «Еурорадионың» хабарла­уын­ша, әр жылдары әртүрлі жағ­дайларға байланысты Лука­шенко қытай саясаткерінің «Мысықтың түсі қандай болса да, бәрібір емес пе, бастысы, оның тышқан аулауында» деген ұлағатты сөзін қолданған кө­рінеді. Соңғы жылдары бела­русь басшысы бұл нақылға өзін­ше өзгеріс енгізіп айтып жүр. Оған 2012 жылдың 30 нау­ры­зында жекешелендіруге қа­тысты айтылған мына мәлім­демесі дәлел: «Қытай саясаткері әрі реформаторы Дэн Сяопин айтпақшы, мысықтың түсі қан­дай болса да, ол ақ мысық бола ма, қара мысық бола ма, бәрібір, ең бастысы, тышқан аулауы керек. Басқаша айтсақ, нәтиже маңызды» деген екен.

Түйін сөз

Осыдан 4 жыл бұрын «Айқын» газеті «Саясаткердің сүйікті мақалы – өмірлік ұстанымы ма?» (23.04.2009 ж.) деген мақала жариялап, онда бүкіл қазақ саясаткерлерінің сүйікті нақыл сөздерін келтірген еді. Жалпы, бүгінде байқап отырғанымыздай, халық даналығына көп жүгіне бермейтін Батыс әлемі ата-баба ұлағатынан да ажырап бара жатқандай. Керісінше, қазақ қоғамы үшін қашанда билер мен жыраулардың, хандар мен сұлтандардың, тіпті біз бүгін «халық даналығына» балайтын, бірақ кезінде бір қарапайым, бірақ парасатты белгісіз біреулердің айтқан дана сөздері қашанда маңызды. Бүгін Батыс күшіне сенсе, Шығыс ақыл-парасатына сенеді. Яғни мақалдап сөйлейтін қоғамның ой-өрісі де кең болмақ.