Жігіттен кегін алған жылан

Ордалы жылан туралы аңыз әңгімелерден естігеніміз болмаса, көзбен көргендер аз. Жылан дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға тілін жалаңдатып, ирелеңдеген сұсты тіршілік иесі келіп тұра қалады. Олардың қайсыбір түрі болмасын, адамзат үшін қорқынышты. Жалпы, табиғатта жыланның бірнеше түрі тіршілік етеді екен. Жыртқыш түрлері тышқан тәрізділермен, бақалармен, омыртқасыздармен қоректенеді. Көпшілік жыландар жұмыртқа (қарашұбар жыландар, гюрзалар, т.б.) салады, ал кейбіреулері (сұржыландар, бозша жыландар, т.б.) тірі туып көбейеді. Олар жеке дара немесе топтанып қыстайды. Топтанып қыстайтын түрлерін халық «ордалы жыландар» деп атайды. Жуырда ордалы жыландар туралы бір әңгіме естігенім бар.

Бұл оқиға Оңтүстік Қазақстан облысының бір шағын ауылында болыпты. Отау құрғандарына небәрі бес-алты жыл болған Дәурен мен Айсұлудың ауылға қоныс аударғандарына аз ғана уақыт болатын. Дәурен тұла бойым тұңғышым, артымнан ерген тұяғым­ деп ұлының атын Ізбасар қойды. Ал одан екі жасқа кіші қызының есімі – Ләйлә. Жан жары Айсұлудың төркіні қалада тұрады.­ Ал өздері бұл ауылға Дәуреннің шаруас­ына қолайлы деп көшіп келді. Сатып алған үйлері тәп-тәуір. Жаңа үлгімен салынға­н баспананың түр-сипаты еңселі, айнала­сындағы үйлермен салыстырғанда сонадай­дан көзге ілінеді.

Күн артынан күндер өтіп, жұбайлар бақыт­ты өмір сүріп жатты. Дәурен күні бойы жұмыста,­ ал әйелі Айсұлу шаңырақта бала тәрбиесімен айналысатын. Айсұлу үйде жүргенде сәл тыныштық орнай қалса, әлде­бір заттардың тысырынан­ селк ете түседі. Алғашында үй жиһаздарының тысыры­ шығар деп Айсұлу ештеңеге аса мән берген жоқ. Түн түндігі түріліп, тыныштық орнаған кезде­ де Айсұлу әлдекім еденді жайбарақат басып, әрлі-берлі жүрген секілді дыбыс­тардан оянып кетіп жүрді. Құлағын салып, тыңдай­ қалса әлгіндегідей дыбыс жоғалып кетеді­. Бірде ол таң ата мынадай оқиғаға тап болды. Жолдасының таңғы асын беріп, жұмысына шығарып салған соң Айсұлу­ төсек жинауға кіріскен. Күйеуінің көрпесін сілке жинап жатқанда бірнеше жыланның бұра­лып­ жерге сарт ете қалғанын көріп, зәресі зәр түбіне кетеді. Дереу Дәуренге хабар­ласып, мән-жайды айтады, бірақ ол бұған айтарлы­қтай мән бермейді. Қорқыныштан қол-аяғы дірілдеп кеткен Айсұлу­ асханаға барып,­ су ішпек болды. Дереу асханағ­а жүгіріп келіп, ыдыстағы суға еңкейе бергенде еденмен жорғалай жүріп, ас үй жиһазының артын­а қарай кіріп бара жатқанын аңғарады. Сол күні Айсұлудың ештеңеге қолы бармады. Құдды бүкіл заттың арасынан­ жылан шыға келетін­дей қорқыныш сезімі пайда болды.

Кешқұрым Дәурен жұмыстан келген соң оқиғаның барлығын жолдасына бүге-шіге­сіне дейін айтып берді. Дәурен жатын бөлмедегі төсек орынның айналасы, асты-үстін, барлық бөлмелерді түгелдей тінтіп шықты. Бірақ еш­қандай жылан ізін байқамады. Арада бірнеше ай өтті. Бұл кезде жанұяда жылан туралы қор­қыныш сәл-пәл сейілгендей еді. Айсұлу әдет­тегідей үй ішінде анау-мынау тіршіліктерімен айналысып жүрген. Сәл дамыл­дамақ болып, жатын­ бөлмедегі кереует­ке отыра кетті. Көзі ілініп кеткен екен. Түсінде жұмсақ құмның үстінде жалаң аяғымен олай да бұлай балаша ойнап жүгіріп жүр екен. Кенет селк етіп оянып кетсе, қос аяғының үстімен бір жылан сусылдап өтіп бара жатыр. Айсұлу «ойбай» деп ышқына айқайла­п, аяғын сілкіп қалғанда жылан ұшып түсіп, жоқ болды. Әйелінің үрейлі түрін көрген Дәурен әйелі мен екі баласын қалаға төркініне жіберіп, өзі үйдегі жылан атаулыны өлтірмек болып үйінде қалады. Ертеңіне жұмысқа бармай­, жыландардың «жарыққа шығуын» күтіп отырады. Кенет теледи­дар қоятын үстелдің артқы жағын­ан басы қылтия шығып еденмен бойлай жор­ғалаған жыланды көріп, қолындағы балтасымен бес бөліп тастайды. Осылайша көзіне көрінген жыланның бәрін балталай берді. Бірақ, Дәурен мұнша жыланның үйге қалай кіріп, олардың қай жақтан шығып жатқанын ұққан жоқ. Бар ойы – жыландарды жою. Жор­ға­лаған жыланның бәрін өлтіріп бітір­дім деген­де әйелі мен балаларын қайтадан ауылға шақырып алады.

Үйде жыланның қарасы көрін­бегенге ерлі-зайыптылар енді тыныш өмір сүреміз бе деп ойлаған. Бірақ, бұл ойлары бекер болы­п шықты. Түн ауа Ай­сұлу ауа жетпей, қиналып оянып кетті. Көзін ашса бір жылан оны қылғындыра мойнына оралып тұр екен. Қи­мылдай қалса, одан сайын тұншықтыра түсердей еді. Есіктің табалдырығында жолдасы Дәурен аузынан ақ көбік атылып, өлім аузында­ жатты да, артынша қи­нала шығарған дауысы да үзілді. Жанында жат­қан қос құлыншағы жалаңа­ш күйде әлдеқашан ажал құшқан. Айсұлу­ қос қолымен жыланды тарт­қы­лап, тырыс­ып көріп еді, болмады. Қол-аяғы тыпыр­лап, айқай салуға да шамасы келмеді, ақыры соңғы демін шығарды. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бір шаңырақты бір түнде өлтіріп шыққан ордалы жыландар екен. Олар өздеріне қастық қылғандарды жер бастырып жүргізбейтін көрінеді.

Ел арасында үйге жылан кірсе, басына ақ құйып, еппен шығару керек деген­ді жиі естиміз. Сонда ол ешкімге зиянын тигізбейді екен. Жалпы, жыланды өлтіріп жатқанда «алтын басым аман болса, алты күнде тірілем, жез құйрығым аман болса,­ жеті күнде тірілем» деп айтып жатады екен. Қайсыбір тіршілік иесінің жағымсыз факторға қарсылық көр­сететін қа­сиетке ие екенін білеміз. Бірақ жыланның «кегі» түбін­де жақсылық­қа апармайтындығы белгілі бол­ғандай.