Құқық туралы

Құқық (ағылш. 1. law (наука); 2. right) – мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелерінің ( нормалардың ) жиынтығы. Құқықтың түсініктері бірнеше, бірақ мазмұндары біреу-ақ.

Құқық мазмұнының негізгі элементтері:

- қоғамның және адамдардың мүдде-мақсатын қорғау, орындау;
- қарым-қатынастарды реттеп, басқару;
- қоғамды дағдарысқа ұшыратпай, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдениеттік т.б. бағытын дамытып, нығайту;
- мемлекеттік органдардың, ұйымдардың құзіретін, ара-қатынасын реттеп басқару.
Құқықтың екі түрлі түсінігі болады:

біріншісі – құқықтың обьективтік түсінігі, қоғамның обьективтік дамуына сәйкес жаңа қатынастардың қалыптасуы;
екіншісі – құқықтың субьективтік түсінігі обьективтік қалыптасқан қатынастарды реттейтін, басқаратын нормативтік актілерді уақытында қабылдап бекіту.
Құқықтың реттеу функциясы – нормативтік актілер арқылы қоғамдық қатынастардың байланысын, орындалу жолдарын, бағыттарын анықтап отыру. Құқықтың қорғау функциясы – нормативтік актілердің қоғамдағы қарым-қатынасқа ықпалын, әсерін күшейту, жаман қатынастарға тыйым салу. Жоғарыда айтылғандай, құқық – жалпыға бірдей міндетті, мемлекет қамтамасыз ететін, қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардың жиынтығы. Құқықтық норма – құқықтың бір клеткасы, қоғамдық қатынастардың жақсы дамуының үлгісі деуге болады. Ол адам істерінің, жұмысының, тәртібінің шеңберін анықтап, олардың бостандығын және қарым-қатынасын реттеп, басқарып отырады.[1]