Валюта дегеніміз не?

Валюта(итал. voluta — құн, баға) — тауарлар құнының шамасын өлшеу үшін пайдаланылатын ақша өлшемі. Халықаралық валюталық қаржы операциялары тәжірибесінде ол мынадай мәндерде қолданылады: 1) мемлекеттің ақша өлшемі және оның типі (алтын, күміс, қағаз ақша),[1] мысалы, Қазақстанның ұлттық ақшасы — теңге, Ресейдікі — рубль; 2) шет мемлекеттердің ақшасы; 3) халықаралық (аймақтық) есеп айырысу өлшемі (вексель, чек, банкнот) және төлем құралы. 19 ғ-ға дейін күміс валюта мен биметаллизм кең тарады. 19 ғ-дың басында Ұлыбританияда, 19 ғ-дың 2-жартысынан басқа елдерде алтын валюта енгізілді. Валютаның жалпы дағдарысы кезеңінде (1-дүниежүзілік соғыс кезінде) қағаз валюта кеңінен қолданыла бастады. Алтын мен күміске айырбасталмайтын банкноттар қағаз ақша түрінде болды. Ел экономикасында ауық-ауық инфляция болғанда, қағаз валюта құнсызданып отырды. Мұндай жағдайда кейбір елдер өз валютасының номиналды алтындық баламын тұрақтандыруға тырысады. Көптеген елдерде валюта курсы валюталық шектеу арқылы реттеледі. Валюталар пайдаланылу тәртібіне қарай айырбасталымды (конверсияланатын), ішінара толық айырбасталымды және айырбасталмайтын (томаға тұйық) валюта болып үшке бөлінеді. [2]

Бірінші топқа валюталық шектеу жойылған елдердің валютасы (АҚШ доллары, т.б.) жатады. Ол кез келген шет ел валютасына айырбасталады. Ішінара айырбасталымды валютаға валюта операцияларын жасауға толықтай валюталық шектеу жойылмаған елдердің валютасы (мысалы, Ұлыбританияның, Францияның, Италияның, сондай-ақ ТМД елдерінің) жатса, соңғы топқа барлық операциялар бойынша валюталық шектеу сақталған елдердің валютасы жатады. Томаға-тұйық валюта өз мемлекеті шегінде ғана айналыста болады.