Нарық теориясын дамытқан тұлғалар

Нарық теориясын алғаш ашқан ғалым, ағылшын экономисі Альфред Маршалл (1842 – 1924). Ол Адам Смит,Давид Рикардо,Джон Стюард Миел, т.б. классикикалық мектептің өкілдері жасаған теорияларды қорытындылай келіп, қысқа және ұзақ мерзімді ұсыныстар мен сұраныстардың арасына шектеу қойған жағдайда қысқа мерзімде өндірілген тауарлар санының тұрақты болатынын, ал ұзақ мерзімде өндірілген тауарлар санының керісінше болатындығын теор. тұрғыдан негіздеді. Сөйтіп, ол баға теориясының негізін салушы болды. Келесі бір ғалым – Джон Мейнард Кейнс 1936 жылы жарық көрген “Еңбекке тарту, пайыз бен ақшаның жалпы теориясы” атты еңбегінде экономиканы макроэкономика (жалпы экон. үдерістер саласы) және микроэкономика (жеке бизнес немесе негізгі экономикалық буын – фирма сияқты қызмет саласы) деп жіктей отырып, оған “макроанализ” бен “микроанализ” деңгейінде алғаш рет талдау жүргізді. Ол басқарудың нарықтық тетігі мен мемлекеттік реттеуді біріктіру үрдісін ұсынды. Кейнстің идеялары “кейнсшілдік” деп аталып, оның жетілдірілген түрі “неокейнсшілдік” деген теорияның негізіне айналды. Бұған қоса М.Фридман, И.Шумпетер,П.Самуэльсон, Дж. Гэлбрент, М.Вебер, т.б. ғалымдардың нарыққа байланысты теориялық пайымдаулары әлемге кеңінен танылды. Атап айтқанда, экономикалық серпін мен циклдер, жаңа индустриялық қоғам, радикалдық қағидаттар сияқты тарамдалған теориялар жүйесі негізделді. Нарықтық қатынастар теориясы сатып алу-сату нысандарына тән дәстүрлі тауарларға қоса қызмет көрсету, еңбек, ақша, капитал, бағалы қағаздар, ақпарат пен зияткерлік жетістіктерді де саралайды. Сонымен қатар мемлекет пен нарық ин-ттары, аймақтық және әлемдік экономика арқылы жетілдіру жолдарын теория тұрғыдан қарастырады. Нарық теориясының басты нысаны меншік қатынасы – мемл. сектор, акционерлік кәсіпкерлік сектор, кооперативтік ұжымдық сектор, жекеше және аралас сектор, т.б. Сондықтан нарықтық экономика осы меншік түрлерінің арақатынасымен тығыз байланысты.