Қазақстан экономикасының тарихы

Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерiсiне дейiнгi кезеңде көшпелi мал ш-на негiзделдi. Мал жыл бойы өрiсте бағылады. Жер көшпелi қауымның ортақ меншiгi болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншiкте болды. Шын мәнiнде малдың иесi жайылымға да иелiк еттi. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттiлiгi жойылған кезеңнен бастап, әсiресе, 1891 ж. Дала ережесi өмiрге енгiзiлгеннен кейiн, көшпелi ш-тың сипаты өзгердi. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелiлердiң едәуiр бөлiгiн жерсiз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуiр қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгердi. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлiнген жерлердiң шекарасы айқындала бастады.

9 ғасырың аяғы мен 20 ғ-дың басында көшпелi ш-ты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кемiп кеттi. Көшпелiлердiң кедейленген бөлiгi отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуiне патша өкiметiнiң ең шұрайлы жерлердi тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерiн тигiздi. Шын мәнiнде бұл байырғы халықты ата мекендерiнен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейiн патша үкiметi қазақтардан 45 млн. гектардан астам жердi тартып алып, iшкi Ресейден келген жаңа қоныс тебушiлерге алып бердi. Патша үкiметiнiң қоныс аудару саясаты жергiлiктi халықтың экон. мүдделерiне нұқсан келтiрдi. Ол қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы жартылай отырықшы мал ш-на және егiншiлiкке бейiмделмеген қазақ көшпелiлерiнiң табиғи дамуын тежедi. Көшпелi ш. дағдарысы құнары аз аймақтарға ығысқан жұрттан мал ш-н анағұрлым тиiмдi жүргiзудi, сондай-ақ, егiншiлiк пен отырықшылыққа көшу мәселесiн шұғыл күн тәртiбiне шығарды. Қазақ халқының жерге қоныстану, оны пайдалану жолындағы күресi, атап айтқанда, жердi әдiл бөлу, орталықтан көшiрiп келген шаруаларға кепiлдi жер телiмдерiн қазақтардан тартып алып берудi доғартуға ұмтылу аса маңызды мәселелердiң бiрiне айналды. Қазақтардың Мемл. Думаға, басқа да мекемелерге жазған көптеген арыздарында жер иелену құқықтарының нақты еместiгi салдарынан көшпелi ш-тар жағдайының тиянақсыз болып отырғандығы атап көрсетiлдi. Мұның өзi олардың еңсесiн түсiрдi, ертеден орныққан үй-жай, қора-қопсыларынан айрылып, шөл және шөлейт, басқа да қолайсыз аймаққа қайта орнығуға, шаруашылықты жетiлдiруге деген ықыласын кемiттi. Отырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшiн қиын үдерiс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгiлi бiр мөлшерде қаржы-қаражат та қажет едi. Ал патша үкiметi қандай да бiр көмек көрсетуден бас тартты. Осындай себептерге байланысты қазақ жерiнде отырықшылыққа көшу кең таралмады. Бұл үдерiс егiншiлiктi дамытуға анағұрлым қолайлы жағдайлары бар солт.-шығыс облыстарда, қоныс аударған орыс шаруаларымен тығыз араласқан жерлерде өрiс алды. Сөйтiп, Қазақстанда әрқилы табиғи-геогр. және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы сияқты үш түрi қалыптасты. Соңғы екеуiнде шөп шабу мен егiншiлiктi дамыту нәтижесiнде а. ш. машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бiрлесiп, кейiнiрек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 ж. тек Ақмола облысының қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды.

Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп енiп, бiр жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметiнiң ауқымын кеңейттi, екiншi жағынан, өсiмқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттiлер бүкiл малды, қауымдық жерлердi өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерiн, қыстақтар мен жайлауларды иемденiп алды. Қазақ қоғамының көпшiлiгi iс жүзiнде өндiрiс құрал-жабдығы жоқ кедейлер едi. Сауда-саттықты кәсiп етушiлер мен өз шаруашылығында жалдама еңбектi пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлiк-кәсiпкерлiк өрiс алды. Сөйтiп, қазақ жерiндегi нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетiне ықпалы күшейдi.

Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылының экономикасындағы басқа да өзгерiстерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншiгiне айнала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстан экономикасында әр түрлi экон. ұстындардың астасуы байқалды.[1]