Қазақстан экономикасы

Қазақстан экономикасы - Қазақстанда нақты жұмыс істейтін нарықтық экономика құрылған. 2006 жылғы мамырда экономикадағы жұмыспен қамтылғандар саны 7991,4 мың адам болды. Өнеркәсіптің жетекші салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Қазақстанның мысы, қорғасыны, мырышы және кадмийі сапасының жоғары деңгейде болуына байланысты әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті.

Қазіргі таңда экономикалық дамудың негізгі көзі елдің шикізат әлеуетін пайдалану болып табылады. 1985 жылмен салыстырғанда көміртегі шикізатын өндіру көлемі 225 пайызға өсті, ал дүние жүзі бойынша бұл көрсеткіш 1,3 есеге жуық өсті. 2005 жылы мұнай өндіру (газ конденсатын қоса алғанда) 61,9 млн. тоннаға, табиғи газ өндіру 25,2 млрд текше м болды. Қазақстанда болашақта ашық кен орындарын игеру есебінен 2015 жылға қарай 150 млн. тонна мұнай және 79 млрд текше м газ мөлшерінде көмірсутегі шикізаты өндіріледі. 2009 жылдан бастап мұнай өндірудің негізгі өсімі Каспий шельфінде байқалады деп көзделіп отыр.

Еуропа елдері Қазақстан экспорты көлемінің негізгі бөлігін алады. Қазақстан ірі отын-энергетикалық өңір болып табылады. Еуропа елдері арасында Қазақстан экспортын негізгі тұтынушылар Швейцария, Италия, Польша, Германия болып табылады. Еуропа елдеріне экспорт жасау мұнай, ферроқорытпалар, металлургия өнеркәсібі өнімдерін, бидай сату есебінен артып отыр. Азия өңіріндегі елдерге қазақстандық өнімдерді жеткізу көлемі ұлғайды, онда негізгі тұтынушылардың бірі қытай өнеркәсібі болып табылады.

1998-2005 жылдар аралығында ЖІӨ-нің нақты көлемі 1,8 есе артты, ал ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 9,1% болды. 1998-2005 жылдары ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 2,5 есе артты. Қазақстанның ЖІӨ-нің көлемі 2006 жылы 76 млрд. долларға жетті, ол жан басына шаққанда 5,1 мың АҚШ долларын құрайды.

Қазақстанның қаржы жүйесі ТМД елдерінің ішіндегі ең озық жүйенің бірі деп танылды. Банк секторы өз дамуында Достастықтың басқа елдерінен айтарлықтай алдыңғы қатарда келеді. Қазақстан банктерінің жиынтық активтері (50 млрд. АҚШ долларынан астам) Украина банктерінің жиынтық активтеріне теңеседі. Қазақстан Шығыс Еуропа елдерінің бірқатарынан алдыңғы қатарда. Қазақстанның капиталы сыртқы нарықта белсенді орын алуда, 2005 жылы бұл көрсеткіш 15 млрд. АҚШ долларына жетті. Қазақстан тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды, сыртқы қолайсыз жағдайларға тәуелділікті төмендетуді қамтамасыз ету үшін бірінші болып Ұлттық қор құрды. 2001 жылдан бастап барлық мұнай түсімдерінің 60% Ұлттық қорда жинақталады. Аталған қордың көлемі 2005 жылдың соңындағы 8 млрд долларға қарағанда, 2006 жылы 14,5 млрд. АҚШ доллары болды. Елдің алтын валюталық қоры Ұлттық қорды қоса есепке алғанда 2006 жылғы 30 қарашада 15,086 млрд. АҚШ долларына дейін өсті.