ГҮлді барлық қыз жақсы көре ме?

Бүгінгі таңда туған күн, мерейтой, жалпы қандай мейрам болса да гүл сыйлағанды дұрыс деп есептейміз. Алайда сұлуларына ешқандай себепсіз әр кездесуінде гүл сыйлайтын жігіттер де аз емес. Өйткені гүл — сүйіктіңізге көңіл бөліп, оған деген шынайы ғашық екеніңізді білдіреді. Сондықтан қыз біткендердің барлығы да гүлді ұнатады. Жігітінің гүлін қабыл алмаған қыз жоқтың қасы шығар.

Дегенмен қыздардың да гүлге деген түрлі көзқарастары бар. Егер қызыңызға бірінші рет гүл сыйлайын деп жатсаңыз, одан қандай гүлді ұнататынын сұрап алғаныңыз абзал. Себебі кей гүлдердің иісінен қыздардың ағзасы тітіркеніп (аллергия), романтикалық кешіңіздің быт-шыты шығады. Біз бүгін бір топ қыздан гүлді не үшін ұнататынын немесе ұнатпайтынын сұрап білген едік. Ендеше төменге назар аударайық.

Жаңагүл Шыңғысханқызы: Гүл — табиғаттың ең нәзік, ең әдемі, ең ерекше жаратылған өсімдігі. Сондықтан қыздар қауымы ғана емес, барлық адамзатқа ерекше ұнайтын өсімдік болғандықтан, оны сый ретінде, көңілдің символы ретінде қабылдаймын. Жолдасым бөлме гүлдерін жиі сыйлайды.

Дания Күзембаева: Меніңше гүлдің орнына иіссу сыйлаған әлдеқайда жақсы. Себебі гүлдің ғұмыры өте қысқа. Ал иіссу естелік ретінде көп уақытқа дейін сақталады. Бірақ гүлмен суретке түсіп, әлеуметтік желіде бөліскенді жақсы көремін.

Шолпан Жабаева: Гүл — мен үшін сұлулықтың символы. Мен оны не үшін ұнататынымды түсіндіре алмаймын, тек қандай гүлді ұнататынымды айта аламын. Маған қызғалдақ пен лалагүл гүлдері қатты ұнайды.

Мөлдір Қалықова: Бағалы сыйлықтарға қарағанда жігіттің маған гүл сыйлағаны шынайы ықыласын білдіреді деп түсінемін. Өйткені гүл сыйлаған сәтте көңіл-күйім ерекше көтеріледі.

Мақпал Бисембаева: Мен гүлдерді адамға сыйлағаннан гөрі, оның жерде өсіп тұрғанын қалаймын. Мереке кезінде жігіт қызға деген құрметін басқа сыйлықтармен де көрсете алады. Мәселен, әтір немесе әшекей бұйымдар да кез келген қыздың көңілінен шығатын сыйлық. Дегенмен, сыйлыққа гүл алып жатсам, оны кейін қайтармаймын.

Кәусар Кәрімова: Гүлді ұнатпайтын ару жоқ десек, артық айтқандық емес. Себебі гүлдің нәзік жаны қыздың ішкі дүниесісен үндеседі. Оның жұпар иісі, тартымды түрі кез келген кісіге жағымдылық сыйлайды. Тарту еткен адамның шынайы көңілін білдіреді. Сондықтан жігіттер, қыздарға жиі-жиі, еш себепсіз гүл сыйлап, қуантыңыздар!