Тәуелсіздік мерекесіне арналған сценарий

Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, балалар! Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болдық. Сендер тәуелсіз мемлекетте жарқын өмір сүріп жатқан бақытты бүлдіршінсіңдер. Өмірлерің мәнді де сәнді болсын, аспанымызды бұлт талмасын деп тілек тілеп ертеңгілігімізді бастаймыз.

Жүрг: Мен –қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкіммен күн түрілген.

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім, мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім

Жүрг: Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік өлең шумақты қабыл алыңыздар:

Айтөре: Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн

Ерекше боп мәңгілік

Ел жадында қалған күн

Тагир: Жасай берсін ұлы күн

Үміті боп елінің.

Ақ күн боп баланың

Шаттығы боп шалдардың

Асылай: Он алтыншы желтоқсан

Елдің ұлы мейрамы

Жаңа шыққан көктемдей

Жаз күніндей жайдары

Гульмира: Арымыздай тап-таза

Жанымыздай шуақты

Көтерілді биікке

Қазақстан байрағы

Талшын/Аделя: Он алтыншы желтоқсан

Ел мерейі тасыған

Қазақ деген қалың жұрт

Бәрін кешті басынан

Ән «Біздің Қазақстан». Әнін жазған Ғ.Тамендаров. Залға әуенімен әндетіп, Алдар көсе келеді.

Көрініс: «Алдар көсе мен Шығыбай»

Үстел басында Шығыбай мен оның әйелі отырады. Атпен музыка әуенімен шауып залға Алдар көсе келеді.

Алдар: Мен Алдармын, Алдармын

Бәріңді мен алдаймын

Сәлеметсіздер ме балалар, қонақтар. Мен осы жақтан көңілді өлеңдерді естіп, тойға келдім,құттықтайын деп. Мерекелерің құтты болсын! Ойбой, мына тұрған Шығыбай байдың киіз үйі ғой. Ішінен піскен еттің иісі шығып тұр.Қазір балалар, мен олардың үйіне барып, оларды алдап кетейін, сендер айтып қоймаңдар.

Алдар көсе есікті қағып, байдың үйіне кіреді: Ассалаумағалейкұм,баеке!

Шығыбай: Уағалейкум-ассалам! Біздің жақта не істеп жүрсің?

Алдар: Мен жоғалған қойларымды іздеп жүрмін.

Бай: Сенде қой бар ма?

Алдар: Иә, бір атар қойым бар еді, соны іздеп шаршадым. Сіздің үйіңізде 1 түн қонсам қалай көресіңдер?

Бай: Қонсаң, қон. Әй кемпір, қонаққа төсек сал.

Түнде бай мен әйелі ұйықтап жатқанда,Алдар көсе тұрып, қазандағы етті жеп, жемегенін қойнына тығып алып, кетеді,орнына балта тастап. Таңертең бай мен кемпір тұрады.

Бай: Әй, кемпір әлгі Алдар көсе кеткен ғой. Қане, анау қазаннан етті шығар жеп алайық. Кеше кешке де сол үшін тамақ ішпей ұйықтап қалдық – деп, ішін сипалап отырады. Кемпірі қазанды ашса, ішінде балта жатыр екен, ойбайлап: Алдады, алдады ғой бізді Алдар көсе! – деп айғалайды.

Бай: Тез жүр, қуып жетейік, алыс кеткен жоқ шығар – деп, екеуі шығып кетеді.

Алдар көсе оралып келеді: Балалар, Шығыбай кетті ме? Ойын ойнамай, ән салмай, өсер бала бола ма? Демекші,келесі кезекті ойынға берейік.

1ойын «Көтермек»

2ойын «Асық жинау»

3ойын «Орамалды бер»

Ойыннан кейін балалар қонақтарға тақпақ айтып береді:

Аспандияр: Естісін ел үніңді,

Дүние түгел естісін.

Тәуелсіздік туыңды

Биік көтер, жас ұлан!

Медина: Зеңгір аспан, көгілдір

Алтын күні төрінде

Тамылжытып, төгіп нұр

Шаттық сыйлар көңілге

Жанеля: Көк аспандай көгілдір

Қазақстан байрағы

Тұрса күндей төгіп нұр

Жылдарыңыз жайдары.

Ән «Біздің балабақша». Б.Қыдырбек

Аида: Көк байрақтың бетінде

Қыран бүркіт қанатты

Сол қырандай еркіндеп,

Бала өседі талапты

Гульнур: Елтаңбасы елімнің

Неткен әйбат, әдемі

Тұнығындай көңілді, -

Ортада – аспан әлемі.

Бақдаулет: Құт, береке, шаңырақ,

Орын алған ол төрден

Қанатты қос арғымақ

Екі жақтан көмкерген.

Би: «Қазақта ел –қайда?» грамзапись

Жүрг: Еліміз егемендік алып, міне сендер таза ана тілінде сөйлей бастадыңдар. Тіліміз бен дініміз қайта оралды. Еліміздің нағыз ұлт-жанды, елін, Отанын сүйетін нағыз азаматтары сендерсіңдер. Болашақтарың жарқын болатынына сенімім мол. Енді Отанымыз жайында тақпақтар тыңдайық.

Диана Докумб.: Шұғылалы таңымыз,

Қазақ жері – бағымыз

Қайнарынан мөп-мөлдір

Сусындайды жанымыз.

Темірхан: Қазақ жері – сәніміз

Мәуесі мол бағымыз

Саясында жетілер

Балдай бала шағымыз

Саин Мансур: Отанды біз атамекен

Деп аялап айтамыз.

Өйткені оны мекен еткен

Бабамыз бен атамыз

Ән (хоровод) «Ағайынбыз бәріміз». М.Әубәкіров

Сабина: Отанды әркім анасындай,

Қастерлейді бағалап

Өйткені Отан баласындай

Бізді өсірер аялап.

Камила: Отан деген – атамекен,

Отан деген – туған жер.

Отан – ана, Отан – үлкен,

Қазақстан – туған ел.

Асылай: Ашық болсын десек елдің аспаны

Мөлдір судай тұнық болсын жастары

Сәбилерге үлгілі өнер көрсеткен

Балабақша тәрбиенің бастауы

Ән «Менің отаным». Әні О.Байдильдаровтікі.

Жүрг: Балалар, мен сендерге бірнеше сұрақ қойып,білімдеріңді сынағым келіп тұр.

1.Қазақстан Республикасының президенті кім? (Н.Назарбаев)

2.Қазақстанның астанасы қай қала? (Астана)

3.Біз қандай елде тұрамыз?

Жүрг: Балалар, еліміз туралы көп мәлімет біледі екенсіңдер. Оларыңа ризамын. Білімді азаматтар болып өсетіндеріңе сенімдімін.

Жүрг: Тал шыбықтай бұралған, қазағымның қыздары-ай

Сүйсіндірген биімен, өнерлі ғой қыздар-ай.

Домбыралармен би (грамзапись)

Жүрг: Біз көпұлтты егемен елміз. Тілімізге, дінімізге бөлінбей тату-тәтті бір аспанның астында, бір мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Түсімізге, нәсілімізге қарай да бөлінбейміз. Қазір достық туралы тақпақтарды тыңдайық. Айнұр: Барлық елдің бөбегі

Бір-бірімен туысқан.

Бәрімізге төгеді,

Өз шуағын күміс таң.

Заңғар: Бейбітшілік әніміз

Бауырласпыз бәріміз,

Қазақстан даласында

Жарасады сәніміз.

Ұлы Отанның аясында

Жадырайды жанымыз.

Оспан: Бізбен бірге бар әлем,

Қуанады балаша.

Қуанышқа бөленген,

Өмір қандай тамаша

Ән «Достық» музыкасын жазған И.Нүсіпбаев.

Жүрг: Бүгін, міне, Егеменді тәуелсіз еліміздің ұлы мерекесін тойладық. Жүзіміз жарқын болып, аспанымыз ашық болсындеп тілейміз. Егеменді елдің болашағы – сендерсіңдер! Сендерге зор денсаулық, көңілдеріңе шаттық тілей отырып, атар әрбір таңдарың арайлы да шуақты болсын, күннің нұры сәулесін мол төксін деп ертеңгілігімізді «Қайырлы таң» әнімен аяқтағым келіп отыр.

Ән «Әрқашан күн сөнбесін» А.Островский

Автор: Серикпаева А.Д., Турсумбаева К.К., Аникеева О.Л.